Біздің экология департаменті қоршаған ортаның хал-ахуалын жақсарту, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, табиғи ресурстарды сақтау және қоғамды экологиялық нақты дамытудың қолайлы деңгейіне қол жеткізу тәрізді өзінің негізгі міндетін абыроймен атқарып келеді.
Сондай-ақ, мекеменің міндетіне қоршаған ортаны қорғау саласын мемлекеттік бақылаумен қамтамасыз ету, шаруашылық жұмысын жүргізу кезінде экологиялық талаптардың нормативтерін сақтау, өз құзыры шеңберінде табиғатты пайдаланушылармен өндірістік экологиялық бақылау жүргізуді үйлестіру, аумақтық деңгейде мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізуді ұйымдастыру, бекітілген заңнамалық тәртіпте экологиялық рұқсат беру мәселелері кіреді.
Ақмола облысы аграрлық-өнеркәсіптік өңір. Ауыл шаруашылығы өндірісі экономиканың басым саласының бірі болып табылады. Өңір жалпы республикалық жоғары сапалы азық-түлік бидайының төрттен бірін өндіреді. Ауыл шаруашылығы өнімін өңдеу бойынша кәсіпорындарды дамыту үшін шикізат базасы да баршылық. Агроөнеркәсіп кешенін және ауылдық аумақты дамыту бағдарламалары аясында ауыл шаруашылығы секторы одан әрі дамуда. Өңірдің өндірістік кешені негізінен тау-кен өндіру саласы, машина жасау, түрлі-түсті металлургия, химиялық және тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарын, құрылыс индустриясын ұсынады. Сондай-ақ, облыста молибдендік өндірісі, химиялық өнеркәсіп пен құрылыс индустриясының кәсіпорындары дамуда. Өңірде табиғатты пайдаланатын 5 113 кәсіпорын тіркелген.
Бірінші санаттағы 221, екінші санаттағы 474, үшінші санаттағы 679 және 4 санаттағы 3739 кәсіпорын бар. Биылғы жылдың 1 тоқсанында қоршаған ортаға 8302 мың тонна ластайтын зат шығарылды. 2020 жылдың 5 айында департамент 39 мемлекеттік қызмет көрсетті. Жыл басынан бері бірінші санаттағы нысандар үшін мемлекеттік экологиялық сараптаманың 26 қорытындысы берілді. Алғашқы тоқсанда бірінші санаттағы нысандар үшін 13 экологиялық рұқсат берілді. Мемлекеттік қызмет көрсету бойынша департаментке арыз-шағым түскен жоқ.
Жыл басынан бері облыстық экология департаменті 9 тексеру жүргізді. Оның екеуінде субъектіге барып, алдын ала бақылау жүргізілді, алтауында жоспардан тыс тексеріс жүргізілсе, біреуінде субъектіге барып, бақылаудың өзге формасы қолданылды. Тексеріс барысында 28 экологиялық заңнама бұзушылық анықталып, 2135,12 мың теңгенің 18 әкімшілік айыппұлы салынды. Сондай-ақ, департамент қоршаған ортаға келтірілген 571,1 мың теңге шығынды қайтару жөнінде талап қойып, 4 ескерту жасады. Бүгінгі күні бұл сома қайтарылды.
Мемлекеттің экологиялық саясатын насихаттау, Қазақстан Республикасы табиғатты қорғау заңдарының жағдайын түсіндіру, экологиялық ағарту мәселесі мен өңір тұрғындарын экологияны сақтау шараларына тәрбиелеу жұмысы жүргізілді. Табиғи ресурстарды тиімді әрі ұқыпты пайдалану БАҚ беттерінде де сөз болады. Бұл бағытта көп жұмыс істейміз.
Департамент Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінде оқытушылар құрамымен және «Экология» мамандығының студенттерімен кездесу өткізді. Шара барысында өңір экологиясы мәселесі талқыланды. Департамент басшылығы мен студенттер арасында қоршаған табиғи ортаға көзқарас, жастар арасында экологиялық мәдениетті құру мәселесі бойынша ашық диалог болды. Сондай-ақ, кездесуде «Ақмола – адалдық алаңы» жоба-кеңсесі ашылатыны жөнінде айтылды. Жоба алаңында департамент жұмысы жөнінде ақпарат беріліп, қоғам өкілдерімен кездесу ұйымдастырылады. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетіндегі С.Сәдуақасов атындағы аграрлық экономикалық институтының акті залында «Волонтер жылы» шарасының аясында қоғам өкілдерімен және волонтерлермен кездесу болып өтті. Сондай-ақ, оған жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, облыстық білім басқармасы, экологиялық қоғамдық ұйымдар, табиғатты пайдаланушылар, Ақмола облысы мен Көкшетау қаласының эко белсенділері, волонтерлер, студенттер қатысты. 28 наурызда Ақмола облысында «Жер сағаты» акциясы болып өтті. Бұл акцияны «Қазақалтын», «Алтынтау-Көкшетау» акционерлік қоғамы, «Алексеев доломит кеніші», «RG Gold», «Көкше-Цемент» тәрізді ірі кәсіпорындар қолдады. Олар өз кәсіпорындарында электр қуатын бір сағатқа сөндірді. 14-28 мамыр аралығында департаментпен балалар үйінің тәрбиеленушілері арасында қоршаған ортаға арналған «Таза болса табиғат – аман болар адамзат» атты балалар суреттерінің онлайн-конкурсы ұйымдастырылып, 21 қатысушының 23 жұмысы ұсынылды. Конкурс қорытындысы бойынша Алина Якупова, Владислав Файфер, Алевтина Амбросенок жеңімпаз атанды. Конкурстың барлық қатысушыларына диплом мен естелік сыйлық берілді. Барлық конкурс жұмысы Көкшетау қаласы бойынша баннерлерге орналастырылды.
Эколог күні (Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні) кәсіби мерекелердің бірі болып табылады. Бұл күні табиғатты қорғаумен өз қызмет саласын байланыстырғандардың бәрін құттықтауға болады. Еліміздің табиғатты сақтауға бар күш-жігерін жұмсайтын әр тұрғыны табиғатты қорғаушы болып табылатынын естен шығармауымыз керек. Бүгінгі мүмкіндікті пайдалана отырып, туған өлке мен қоршаған ортаны сақтауға күш жұмсап жүрген әріптестерімді кәсіби мерекемен құттықтаймын. Отбастарының аман-есен, еңбектерінің жемісті болуына тілектеспін.
Абай САФИН,
Ақмола облыстық экология департаментінің басшысы.