Облысымызға денсаулық сақтау саласында тәжірибе алмасу мақсатымен бауырлас өзбек елінен арнайы делегация келіп кетті.
Құрамында Өзбекстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі ішкі экономикалық жұмыс басқармасының басшысы Абдунумон Сидиков, осы министрліктің бас фтизиат-ры Наргиза Парпиева мен бірқатар дәрігер мамандар бар делегация туберкулезге шалдыққан науқастарды емдеу және әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету мәселелеріне назар аударды. Меймандар облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қасымжан Тәшметовпен және облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің бас дәрігері Айман Темірхановамен кездесіп, диспансердің жұмысымен танысты.
Сондай-ақ, Достық үйінде Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы, мемлекеттік емес ұйымдар өкілдерімен кездесу болып өтті. Түзету орындарында туберкулезбен ауырып, жазасын өтеп шыққандарға көмек көрсететін «Луч надежды» қоғамдық қорының жұмысы туралы заңгер Марина Жучкова баяндап берді. Ол өз сөзінде биыл 11 жыл жұмыс істеп отырған қор мен облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің өзара іс-қимылының нәтижесінде бірқатар мәселелердің шешілгенін тілге тиек етті. Ташкенттен келген меймандар Мариновка ауданаралық туберкулезге қарсы күрес ауруханасында да болып, облысымыздың денсаулық сақтау саласындағы жұмыстарға оң баға беріп аттанды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.