Қазақ халқы ат қоюда тектіліктің түбірі бар деген. Негізінен, жаңа туған сәбиге есім таңдауға келгенде қазақтан дана, қазақтан шебер халық жоқ. Әрбір ата-ана баласына ат қоярда өзіне жүктелер жауапкершілікті жете сезініп, он ойланып, он толғанып барып қана жүрегі қалаған есімді сәбиіне қоятыны бар.
Қазақтың салты бойынша, жас нәресте туған кезде ата-анасы ең сыйлы, қатты құрмет тұтатын адамына өз сәбиінің есімін қойғызады. Көкшетау қаласының тұрғыны Нұрсұлтан Қалиасқаровтың есімін немере ағасы Орал Аяшев қойған екен. «Болмасаң да ұқсап бақ» демекші, Орал ағасы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтай кемеңгер, дана, елге сыйлы жан болсын деген ниетпен есімін атаған. – Мен 1994 жылы Солтүстік Қазақстан облысы, Ғабит Мүсірепов ауданына қарасты Көкалажар ауылында көп балалы отбасында дүниеге келдім. Үйдің кенжесі боламын. Әке-шешем маған жастайымнан «Нұрсұлтан атыңа кір келтірме! Сен білімді болуды ойла, еліңе адал қызмет ет. Елбасынан үлгі ал» деп өсірді. Орта мектепті тәмамдаған соң, Көкшетау қаласындағы «Көкше» академиясына оқуға түсіп, қаржыгер мамандығы бойынша білім алдым. Қазіргі таңда Көкшетау қаласындағы «АТФ Банк» акционерлік қоғамының Ақмола облыстық бөлімшесінде шағын және орта бизнес бөлімінде бас маман болып қызмет атқарамын. Адамның есімі оның өміріне өз ықпалын тигізеді деген пікірмен толықтай келісемін. Бала кезімнен өз атымның қаншалықты салмақты екендігін сезініп келемін. Ата-анам Елбасының ел үшін атқарған игі істерін үнемі маған үлгі етіп айтып отырады. Мен де қай жерде жүрсем де, қай ортадан табылсам да, ата-анам аманаттағандай өз атыма кір келтірмесем деп, абыройлы болуды ойлаймын,–дейді Нұрсұлтан Жамантайұлы.
Ол өз ісін шебер меңгерген қаржыгер маман ғана емес, әуесқой спортшы. Футболмен айналысқанына да біршама уақыт өтіпті. Ол жас болса да, көпшіліктің ілтипатына бөленіп жүрген өнегелі отбасының отағасы. Жан-жары Бекзат екеуі Ерасыл есімді алтын асықтай ұл тәрбиелеуде.
Мінекей, Елбасының ғибратты ғұмыры, өнегелі өмірі Нұрсұлтан Қалиасқаров сияқты қаншама жас өренге үлгі.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының»
өз тілшісі.