Облыс аудандарының барлығы да негізінен, облыстық, республикалық бюджеттен берілетін дотацияға зәру екендігі белгілі. Бұл енді әзірге шешімі табыла қоймайтын объективті шындық. Дегенмен, бұдан аудандарда экономика тұралап қалған деген ой туындамаса керек. Барлық өңірде де белгілі бір дәрежеде экономика қарқын алуда. Ерейментау ауданы да солардың қатарына жатады.
Жалпы, экономиканың қаншалықты алға басқандығын аудандағы әлеуметтік саланың қандай деңгейде екендігінен байқап білуге болады. Білім беру мен денсаулық сақтау саласындағы аһуал, жұмыспен қамту мәселесі сынды жайларға зер сала отырып, біраз мәселені пайымдауға болады.
Ерейментау ауданында есепті кезеңде 118 азамат жұмыссыз ретінде тіркелген екен. Бұл өткен жылға қарағанда біршама аз. Ал, жалпы осы уақыт аралығында жұмыс іздеп, 581 адам өтініш түсірген. Олардың 430-ы жұмысқа орналастырылыпты. Қосымша жұмыс орындарын ашу мәселесіне келсек, ол 373 жұмыс орнын құрайды. Бұл–жұмыс орындарын ашу жоспары тек 67 пайызға орындалды деген сөз.
«Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасының бірінші бағыты – «Инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту» мәселесі бойынша 2 адам жұмыспен қамтылса, Байсары ауылында су құбырын жөндеу жұмыстары басталса, тағы да 6 адамға жұмыс табылады. Бұл екі жобаға да республикалық бюджеттен қаржы қарастырылған. Сондай-ақ, аудандық бюджет те 5,155 миллион теңге қаржы бөлген.
Жалпы, жұмыспен қамтуда шағын бизнесті дамытудың алар орны ерекше екендігі белгілі. Сондықтан да, «Кәсіпкерлікті және ауылдарды дамыту арқылы жұмыс орындарын ашу» бағытына баса назар аударылуда. Бұл орайда, 12 азамат, оның ішінде 2 мүгедек бар, кәсіпкерліктің негізі тұрғысында арнайы оқуға жіберілді. Сондай-ақ, 15 адам шағын несие алуға ниет білдірсе, бүгінге дейін олардың 11-і (біреуі мүгедек жан) барлығы 28,9 миллион теңге несие алды. Басқаларының құжаттары «ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамында қарауда жатыр.
Жұмыспен қамтудың үшінші бағыты – «Оқыту және жұмыс берушілердің сұраныстарына орай көшіру» бойынша үстіміздегі жылы 20 адамға кәсіби білім беру межеленген екен. Олардың ішінде мамандығы жоқ 6 адамды оқытуға тиісті қаржы бөлінген. Сонымен қатар, жаңа мамандық алу үшін қайта оқытуға 9 адам жіберіліп, ол үшін бөлінген қаржының 1558,5 мың теңгесі игерілді (жоспар бойынша 1605,9 мың теңге қарастырылған). Ал, біліктіліктерін арттыру бойынша бір айлық оқуға 5 адам жіберілген.
Әрине, мұның бәрі ауданда жұмыссыздықты жоюға мүмкіндік бермейді. Сондықтан, жұмыссыздарды әлеуметтік жұмыстарға қамтудың да маңызы зор екендігін ұмытуға болмайды. Ауданда жыл басынан бері әлеуметтік жұмыстарға 29 адам жіберілсе, 23 адам жастар тәжірибесінен өткізілген.
Ауданда үстіміздегі жылдың қаңтар-шілде айларындағы орташа жалақы 72 635 мың теңгені құрапты. Бұл бір қарағанда, аудан үшін өте жақсы көрсеткіш деуге болады. Алайда, біреудің еңбекақысы келесі біреудің жалақысынан бірнеше есе артық немесе кем болатындығын ескерсек, орташа көрсеткіш дегеніміздің нақты жағдайды көрсетпейтіндігін ұмытуға болмайды.
Білім беру саласына келетін болсақ, ауданда бүгінгі күні 29 жалпы білім беру мектебі бар болса, оның 16-ы орта мектеп. Олардың 12-сінде сабақ мемлекеттік тілде жүргізілсе, бір мектепте орыс тілінде жүргізіледі. Бұған қоса, 16 аралас мектеп бар. Осы білім ордаларында барлығы 471 бала оқыса, 5 бала бақшасында 790 бүлдіршін тәрбиеленеді. Сонымен қатар, ауылдық жерлерде 17 шағын орталық жұмыс істейді. Енді осыған Өлеңті орта мектебі мен Тимофеевка орта мектебі жанынан шағын орталықтар ашу жоспарланғандығын қоссақ, мектеп жасына дейінгі балаларды қамту едәуір артады деген сөз. Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеудегі көрсеткіш аудан бойынша 80 баллды құраған.
Ерейментау ауданында денсаулық сақтау саласы да бірқалыпты дамып келеді. Мұндағы 31 емдеу орнында білікті де білімді мамандар қызмет етеді. Бұл арада өткен жылға қарағанда, дүниеге келген сәбилер саны шамалы болса да өскендігін атап өту керек. Сондай-ақ, туберкулез ауруына шалдыққандар саны үш есе кеміген. Бұл да денсаулық сақтау мәселесінде жағдайдың жақсарып келе жатқандығын байқатса керек.