«Әкең мен анаңызды ырысым де, сен үшін көз ілмеген түн ішінде!»

Өлшеулі болғанымен несібеміз,
Өлшеусіз байлық іздеп есіреміз.
Жұмаққа байдан бұрын кедей кірсе,
Қуамыз қу дүниені несіне біз?!.
***
Құдайға ұнаса егер құлшылығың,
Болады берекелі тіршілігің.
Алланың разылығын көздесеңіз,
Айналар он кіріске бір шығының.
***
Әкең мен анаңызды ырысым де,
Сен үшін көз ілмеген түн ішінде.
Ащы тер, адал сүтін ақтау үшін,
Жетпейді жиған алтын, күмісің де.
Бабын тауып, батасын ала алмасаң,
Баспайды алға қадам бір ісің де.
Өлгенде жылқы сойып керегі не?..
Тауық та татырмасаң тірісінде.
***
Көз салып қара өткен күндердің дерегін,
Көресің сонда құт берекенің себебін.
Қол бастар көсем, сөз бастар шешен бабалар,
Google-дан емес, Құраннан тапқан керегін.
***
АЛЛА байлық береді қалағанға,
Ақыретке ол бірақ жараған ба?..
Байлық емес сен Одан иман тіле,
Сан жетпейді сауабын санағанға.
Есте сақта!.. Имансыз жүрек жаман,
Ақшасы жоқ қалтаға қарағанда!

Қол бастайтын шағыңда байрақ алып,
Малыңды айтып қайтесің майдаланып.
Шамаң келсе барып кел қажылыққа,
Әр бір сәтті тиімді пайдаланып.
Жүрегіңе тыныштық орнамайды,
Париж түгілі келсең де айға барып.
Мекке менен Медина тұрған кезде,
Жинамақсың сауапты қайда барып?!
***
Кім өмірде мәңгілік тұрақтаған,
Күні жетсе жан тәннен жырақтаған.
Бастықпын деп, баймын деп кеуде керме,
Көр мен төрдің арасы бір-ақ қадам.
***
Өмірде кім десеңіз ең бақытты?!.
Азанмен таң атырған ел бақытты.
Еріне бойұсынған әйел менен,
АЛЛАға бойұсынған ер бақытты.
Анадан алғыс алған қыз бақытты,
Әкеден бата алған ұл бақытты.
Рамазан келген кезде ораза ұстап,
Құрмамен ауыз ашқан құл бақытты.
Бәріңе нәсіп етсін бұл бақытты!!!
***
«Аш бала тоқ баламен ойнамайды,
Тоқ бала аш болам деп ойламайды».
Ораза ұстамаған адам бірақ,
Бұл сөздің тереңіне бойламайды.

***

Болсаңыз марапатқа жалпы лайық,
Арта алмас ешкім Сізге артық айып.
Нобельдің сыйлығы емес, ораза ұстап,
АЛЛАдан сый алуға талпынайық!
***
Рамазанда кешсін деп күнәмізді,
Жалбарынып жасайық дұғамызды.
Жұртты жинап күн батпай ас бермейік,
Биік қойып Құдайдан құдамызды.
***
Қаншама адам…
Уақыты босқа өтсе де мұң шекпейді,
Тасқа тары шығар деп дән еккендей.
Ғибадатсыз жұмаққа кірсек дейді,
Жай жатқанға жалақы дәметкендей.
***
Уа, Раббым!!!
Кешіріп босқа өткен жылдарымды,
Нұр тұнған дидарыңды көрсете гөр!
Өзіңе жалбарынған құлдарыңды,
Жәннатта Пайғамбармен көрші ете гөр!
Әумин!!!
***
Қаптаса жақсы амалың жан-жағыңнан,
Кете алмас нәпсің қашып қармағыңнан.
Күнәмнан құтылсам деп ораза ұста,
Құтылу үшін емес салмағыңнан.
***
Телміресің қол жайып көкке неге?..
Рамазанның қадірін біле алмасаң.
Сыртта қалып қойдым деп өкпелеме,
Ашық тұрған есіктен кіре алмасаң.
Рамазанға жеткенше шын асығам,
Құрмет күткен адамдай құдасынан.
Қалағанын жәннатта жегізеді,
Күндіз егер бас тартса кім асынан.
Рахим АЛЛА жіберді Рамазанды,
Тазарсын деп құлдарым күнәсінан.
***
Баба сөзін құлаққа ілмегендей,
Ата салты санаға сіңбегендей.
Рамазанның айына жеткенменен,
Жай жатамыз қадірін білмегендей.
Ораза ұстау кірмейді ойымызға,
Жүрегіміз күнәдан кірлегендей.
Жердің бетін топан су басқан шақта,
Келіп тұрған кемеге мінбегендей.
***
Жасауға құлшылықты үлгермейміз,
АЛЛАның айтқан сөзін шын көрмейміз.
Намазға уақыт жоқ деп бұл өмірде,
Орманда отын таппай жүргендейміз.

***

Адам көп тура жолды қаламайтын,
Бет бұрып құбылаға қарамайтын.
Меккеге жолға ақша таппағанмен,
Жердің батыс-шығысын аралайтын.
Талай тойда билеп жүр шал-кемпірлер,
Намазға денсаулығы жарамайтын.
***
Ұран салып құр босқа аттандаймыз,
Жаяу жүріп жатсақ та ат таңдаймыз.
Құлшылыққа деп берген уақытты,
Босқа жұмсап күнаға батқандаймыз.
О дүниені ойламай, бұл дүниеде,
Құрғақ жерге көпір сап жатқандаймыз.
***
Ібілістің ілеспей жетегіне,
Иман еттім АЛЛА Хақ екеніне.
…Шіркін, атамекенді көрсем деймін,
Жетпеймін бе білмеймін, жетемін бе?..
Раббым мені жұмаққа кіргізе гөр,
Менің Адам атамның мекеніне!
Әумин!
***
Намаз оқы!
Ей, пенде Хақтан безбе!
Тас түнекке айналар ақ таң лезде.
Оқымасаң зар болып өкінерсің,
Қара жердің астында жатқан кезде!
Сан соқпақтан тұрады екен бұл өмір,
Бұл өмірде тура жолмен жүре біл.
Өмір сүру үшін намаз оқымай,
Намаз оқу үшін өмір сүре біл!
Бақыт деген – жанға жай жұмақ бағы,
(Біреу үшін қорасы малға толса).
Құл болу да бақыт ғой, бірақ тағы..,
Қожайының егерде АЛЛА болса.
***
Азанды естіп ақ таңды атырғанда,
Тәрк етуге намазды хақың бар ма?!
Иттің өзі жүгіріп бармайды ма,
Тамақ берген иесі шақырғанда.
***
Босқа өткізсе уақытын кім еленер?!.
Ұзақ өмір қарға да сүре берер.
Жүз он төртке толсаң да пайда бар ма?.,
Жаттамасаң жүз он төрт сүрені егер.
***
Есті сөзді есімде сақтай алмай,
Артта қалдым адымдап аттай алмай.
Орда бұздым отызда дей алмаймын,
Отыз пара Құранды жаттай алмай.
***
Берілмейді мүмкіндік жиі бізге,
Сауап жинап Алланың сыйын ізде.
Біздің өмір – күрделі жөндеу жасау,
Ертең босап қалатын үйімізге.
***
Сақ болсаң иманың мен арыңызға,
Жаратқан жауап берер зарыңызға.
АЛЛАдан жоқ нәрсеңді сұрау үшін,
Шүкір ет алдыменен барыңызға.
***
Басыңнан ұшқан кезде баяныңыз,
Жүрмесін өкіндіріп баяғыңыз.
Жұмаққа жеткізеді деп ойлама,
Мешітке апармаған аяғыңыз.
***
Сорлымыз деп жылайды үйі жоқтар,
Пақырмыз деп жылайды күйі жоқтар.
Нағыз сорлы – Құранның бір аятын,
Жаттап алар басында миы жоқтар!
***
Теңіз ойдың түбіне бойламаймыз,
Босап тұрған пайдасыз қоймадаймыз.
Дұға жасап жатқанда АЛЛАны ойлап,
Күнә жасап жатқанда ойламаймыз.
***
Күнәға батып жүрген бір туғанға,
Жан ашып, жүрек сыздап бұлқынғанда.
Ойлашы, Хақтан басқа кім қол созар?.,
Әкең де қарамайтын күн туғанда!
Анаң да қарамайтын күн туғанда!
***
Жүрмеген соң білгеннің тілін алып,
Орта жолда қалып жүр жүгің ауып.
Намаз жайлы ескертсең естен танып,
Есіктерін ішінен іліп алып.
Қартайған соң оқимыз деп қояды,
Болашағын тұрғандай біліп анық.
Желді күтіп отырған адамдар-ай,
Ескегі жоқ қайыққа мініп алып.
***
Жақсылыққа айналдық жарымауға,
Кеуде-сарай имансыз қаңырауда.
Надандарға айтылған насихатың,
Мылқау айтқан ақылдай саңырауға.
***
Құбылаға адам көп бұрылмаған,
Жолын мысық кессе де ырымдаған.
Айғайлаған азанды естімейді,
Естігенмен өсекті сыбырлаған.
***
Сынақтың шыдай алмай салмағына,
Біреулер «не жаздым?» деп тіл қатады.
Жетерсің әлі-ақ ертең арманыңа,
Таң болып ату үшін күн батады.
***
Айламызды АЛЛАдан асырғандай,
Бей-жай жүрміз басқаға бас ұрғандай.
Құлшылықты жасауға асықпаймыз,
Ұзын-сонар алдыңда ғасыр бардай.
Пайдасы жоқ дүние жинап жүрміз,
Қар астына қазына жасырғандай.
***
Тоғызға толтырам деп сегізімді,
Талайдың орта жолда демі үзілді.
Атағың алты қырдан асқанымен,
Бір күні жасырады жер ізіңді.
Алданба бұл жалғанның қызығына,
Көлшікке айырбастап теңізіңді
***
Сақтаңыз бұл сөзімді есіңізде,
Ешуақыт үміт жібін кесіп, үзбе.
Қиналып қабырғаны қиратқанша,
Сен одан шығып кетер есік ізде.
***
Жылаңыз, ол аз болса жер тебіңіз,
Жел болмай пайда бермес желкеніңіз.
Жәннатқа кіргің келсе жата берме,
Бүгінге байланысты ертеңіңіз!

Арман Бердалин.

(Жалғасы бар).

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар