Металлург – ғасырлар бойы келе жатқан мамандық. Археологиялық қазбалар кезінде табылған заттар біздің заманға дейінгі бесінші-алтыншы мыңжылдықта адамзаттың металды өңдеуді үйренгеніне куә. Көне заманда адамзаттың үш ғасыры туралы түсінік пайда болған, олар: тас, қола және темір дәуірлері – бұл металдардың қоғамның дамуына қаншалықты маңызды екенін және металлургиялық өнердің қаншалықты көне екенін білдіреді. Қай кезеңде болмасын металлургия саласы мемлекеттің қуатын арттыруда маңызды орын алып келген болса, бүгінде де еліміздің индустрия саласында қозғаушы күш болып табылады. Бұл сала қызметі ауыр әрі құрметті, ал осы маман иелері батылдық және жоғары кәсіби біліктілікті меңгерген қасиет иесі ретінде бейнеленеді. Соның жарқын бір дәлелі мартен пешінің қызуынан өмірлік бастауын алған Елбасының бірегей тұлғасы болып табылады.
Біздің «Altyntau Kokshetau» акционерлік қоғамында жаңа технология мен техникалық қайта жарақтандыруды белсенді енгізіп, өндірістің көлемін ұлғайтуға қабілетті жоғары кәсіби мамандар еңбек етеді. Кәсіпорынның тиімді жұмысының нәтижесі Зеренді ауданының экономикалық дамуы-на, тұрғындардың өмір сүру деңгейін арттыруға үлкен үлесін қосады. «Алтынтау» кәсіподақ ұйымы – «Казпрофметалл» салалық тау-металлургиялық кәсіби одағы» қоғамдық бірлестігінің филиалы болып табылады. Бүгінгі күні «Алтынтау» кәсіподақ ұйымы «Altyntau Kokshetau» акционерлік қоғамы компаниясының 1600-ден астам еңбеккерін біріктіреді. Ұжымның 90,9 пайызы кәсіподақ мүшесі. Кәсіподақ ұйымының негізгі міндеті – қосымша жеңілдік және әлеуметтік кепілдік жасау, сондай-ақ, қауіпсіз жұмыспен қамтамасыз ету. Негізгі міндетті қамтамасыз ету мақсатында үлкен компанияның барлық еңбеккерлеріне қолайлы жұмысты қамтамасыз ететін барлық қажетті бағыты бар сапалы ұжымдық келісім-шарт жасалады. Ұжымдық келісім-шарт кәсіподақ жұмысының барлық негізгі бағытын қамтиды.
Бүгінгі таңда компанияның барлық бөлімшелерінде 28 техникалық инспектор жұмыс істейді. Техникалық инспекторлардың сапалы жұмысын қамтамасыз ету үшін кәсіподақ ұйымы жыл сайын олардың оқуын ұйымдастырады. Жыл өткен сайын бұл саладағы жұмыс жақсара түсуде. Компанияда өндірістік кеңес жұмыс істейді. Олар ай сайын кеңестің отырысын өткізіп, қауіпсіздік саласындағы барлық күнделікті мәселені талқылайды. Техникалық инспекторлар техника қауіпсіздігінің және еңбекті қорғаудың бұзылуын анықтап, тіркейді. Бұған жұмыс беруші бірден назар аударып, анықталған олқылықты тәртіпке келтіреді. Сондай-ақ, ұжыммен жүргізілетін жұмысты атап өткен жөн. Кәсіподақ мүшелеріне шипажай-курорттық мекемелеріне және балалардың сауықтыру лагеріне жолдама берілгенде үлкен жеңілдік жасалады. Спорттық кешендер жалға алынады. Әртүрлі көпшілік шараларға үлкен назар аударылады. Спорттық және командалық намысты қолдау үшін спорттық жарыстар, викториналар, әртүрлі конкурстар мен ойын-сауық шаралары өткізіледі.
Компания зейнеткерлерін де ұмытпайды. Егде адамдар күні жыл сайын «Алтынтау» кәсіподағы компаниямен бірге салтанатты шара ұйымдастырады. Мұнда мерейтой иелері құттықталып, сыйлықтар табыс етіледі. Сондай-ақ, 15 ақпанда Ауғанстан соғысына қатысушылар өз әріптестерімен кездесу өткізеді. Кәсіподақ тек қана бұл шаралармен шектелмейді. Кәсіподақтың негізгі міндеттерінің бірі – еңбеккерлер құқын қорғау. Бұл үшін келісім комиссия-сы құрылған. Компания басшылығының шешімін әділ емес деп санайтын кез-келген еңбеккер комиссияға жолығып, өз құқын қорғай алады. Еңбеккерлердің жұмысына қайта оралуы және тәртіптік шараның алынып тасталуы оқиғалары болды.
Сондай-ақ, әлеуметтік жағынан қолдауды қажетсінетін немесе ауыр жағдайға тап болған еңбеккерлерге көмек көрсету және қолдау кәсіподақ ұйымының жұмысы болып табылады. Мәселен, «Мектепке жол» акция-сын кәсіподақ ұйымы компаниямен бірге тұрақты түрде жүргізеді. Бұл акция бойынша көп балалы сондай-ақ, баласы бірінші сыныпқа барған еңбеккерлерге көмек көрсетіледі. Ұзақ мерзімге сырқаттанған немесе емделуі қымбат еңбеккерлердің емделуі мен зерттелуіне материалдық көмек көрсетіледі. Ауыр жағдайға тап болған еңбеккерлерге де қолұшын созамыз. Кәсіподақ жұмыс істесе де жұмыс пен өмірдегі проблемалар ешқайда кетпейді. Олардың болмағанын қалаймыз. Дегенмен, өмір осындай. Яғни, кәсіподақ жұмысы ғасырлар бойы қажет. «Алтынтау» кәсіподақ ұйымы барлық металлургия саласының қызметкерлерін Металлург күнімен құттықтайды. Әрқашан оң жолда болып, алға қойған биікке қол жеткізуді жалғастыра берейік.
Әнуарбек ӘЛЕНОВ,
«Алтынтау» кәсіподақ
ұйымының төрағасы.