Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
КҮЛМАН мен ЖАҢБЫРШЫ қайда екен, білетіндеріңіз бар ма? - АРҚА АЖАРЫ

КҮЛМАН мен ЖАҢБЫРШЫ қайда екен, білетіндеріңіз бар ма?

Өмірде жақсы адамдар көп қой. Саған ешбір қатысы жоқ, туыстық қатынасы түгілі таныстық байланысы болмаса да қысылған сәтте қамқорлық танытқан жандар жадыңнан ешқашан өшпейді. Арада 40 жылдан аса уақыт өтіп кетсе де, сол бір аяулы жандарды ұмытпаймын. Үнемі көңілімнің түкпірінде тұрады. Іштей іздеп, сағынып, ойлап қоямын. Бәлкім біз ол кісілердің есінен шығып та кеткен шығармыз, кім білсін. Олай болса да, сөкпеймін. Себебі, ол кісілер бізге ұмытылмайтындай жақсылық жасады. Ал, біз олардың есінде қалатындай ештеңе істеген жоқпыз…

Былай ғой… Өткен ғасырдың 79-шы жылы ҚазГУ-ді бітіріп, жолдамамен Көкшетаудың облыстық «Көкшетау правдасы» газетіне жұмысқа бардық. Жолдасым Шойбек екеуміз. Бірге оқыған біз одан бір жыл бұрын осы газетте өндірістік тәжірибеден өткенбіз. Жазуымыз ұнады ма, басылымның бас редакторы, жазушы, публицист Жанайдар Мусин «оқуды бітірген соң бізге келіңдер жұмысқа. Екеуіңді де аламын» деп университетті тәмамдап жатқанда оқу орнымызға «вызов» жіберген.
Сонымен дипломымызды қалтаға салып, қазанның басында Көкшетауға келдік. Қолымызда қос шабаданнан басқа дүние жоқ. Баратын жеріміз де жоқ. Бірден редакцияға табан тіредік. Кербез де керім Жанайдар Мусин ағай жылы қарсы алып, бізді газеттің жауапты хатшысы Октябрь Бұхарбаевқа тапсырды. Октябрь аға бір қарағанда түсі суықтау көрінгенмен жаны жұмсақ, жүрегі жылы адам еді. Практикаға келген кезімізде материалдарымызды күн құрғатпай газет бетіне салып, жақсы қамқорлық танытқан.
–Ал, балалар, мұнда тұратын жерлерің бар ма? – деді кабинетіне келген соң.
Қайдағы? Бұл жақта туысымыз да, тумамыз да жоқ. Тек өткен жылы практикаға келгенде танысып, аз-кем уақытта достасып кеткен өзіміз қатарлы ерлі зайыпты Тоқтар Баймағанбетов пен Роза Нарымбетова, Қорғанбек Аманжолов, Ойрат Асанбаев секілді қыз-жігіттер болмаса… Олардың бәрі баспанасыз, пәтер жалдап тұрады. Өндірістік тәжірибеге келгенімізде редакция Шойбек, Ділдәр үшеумізді жазда бос тұрған қаладағы жалғыз қазақ мектеп-интернатының жатақханасына орналастырған болатын.
–Тұратын жерлерің болмаса, амал жоқ, алдымен пәтер іздеп тауып алыңдар, айналайындар. Жайғасып болған соң бастарсыңдар жұмысты. Қазір ана Қорғанбекке айтайын, солар біледі, қай жақтан квартира табуды,–деп Октябрь ағамыз түкпірдегі кабинетке бас сұқты. Әп-сәтте сол өзіміз білетін аңқылдаған Тоқтар, Ойрат, Қорғанбектер жинала қалып, амандық-саулық біліскен соң бізге пәтер іздейтін бағытқа жөн сілтеді.
Көкшетауда қаланың шеткері жағында «Старый мясокомбинат»,–деп аталатын аудан бар. Жекеменшік үйлер орналасқан. Әлгі үй-күйсіз қазақтың бәрі сол ауданда орыстардың алақандай «времянкаларын» жалдап тұрады. Редакциядағы жаңағы жігіттердің тұрағы да сол жақ. Бізге де сол тұстан үй іздеуге кеңес берді.
Шөкең екеуміз киім-кешегіміз салынған қос шабаданды Октябрь ағаның кабинетіне қалдырып, автобуспен «Старый мясокомбинатты» бетке алдық. Сол ауданға жеткен соң көше көшемен «времянкасы» бар үйдің есігін жағалай сүзіп келеміз. Бос тұрған бірі жоқ. Шаршасақ та кешке дейін қонатын жер тапсақ еді деп бір үйдің қақпасын қаққанымызда арғы жақтан әдеміше келген, жас шамасы отыздың ортасындағы келіншек көрінді. Ауладағы үлкен үйдің іш жақ бұрышынан шағын «времянкаға» көзіміз түсіп, үмітпен үй иесіне қарадық. Жалдамалы баспана іздеп жүргенімізді айттық. Ол бізге барлап көз салып алды да, жөн-жосығымызды сұрады. Біз Алматыдан оқу бітіріп, осында жұмысқа келгенімізді, тұратын мекен таппай жүргенімізді тәптіштедік. Келіншек бізге біртүрлі жанашыр кейіппен қарады да, бұл маңдағы үйлердің ешқайсысында бос баспана жоғын айтты. Сосын:
–Әттеген-ай а, мен де бір апта бұрын адам жіберіп қойып едім мына времянкамызға,–деп ауладағы сырты жып-жинақы шағын үйін нұсқады. –Бірақ бір білетінім, осы көшенің арғы басында бір таныс орыстың времянкасы бос сияқты еді. Әйткенмен іші тозыңқыраған, жөндеп кірмесе болмайды-ау, –деді.
–Мейлі, жөндеу керек болса, жөндеп аламыз, –деп, не де болса кіретін жер табылғанына қуанып кеттік.
–Баратын жерлерің болмаса, бүгінше біздің үйге қоныңдар. Кеш батып қалды ғой. Қазір бәрібір пәтер таппайсыңдар, –деді жүзі жылы келіншек. Әрі шаршап, әрі қарным ашып тұрған мен мына бейтаныс әйелдің мейіріміне ішім елжіреп, шынын айтсам жылап жібере жаздадым.
Есімі – Күлман екен. Өздері тұратын үлкен үйге ене бергенімізде алдымыздан шүпірлеп үш бала жүгіріп шықты. Екі қыз, бір ұлы бар екен. Қыздары да, баласы да сүйкімді. Төргі бөлмеден отағасы шықты. Амандастық.
–Сендер мұнда кіре беріңдер, –деп бізге сол жақтағы бөлменің есігін нұсқаған Күлман күйеуімен қарсы беттегі бөлмеге бұрылды. Кірерімізді кіріп алып, қолайсызданып тұрмыз. Сәлден кейін Күлман есікті жәймен ашып:
–Кешкі тамақты ішкелі жатқан едік. Қолдарыңды жуып, дастарханға келіңдер, –деді.
–Жо-о-қ, рахмет!–деп қоямыз ұялғансып. Ал, шындығында ішіміз ұлып тұр.
–Қысылмаңдар, жүріңдер, қазақпыз ғой. Астан үлкен ешкім жоқ. Күні бойы квартира іздеп шаршағандарың көрініп тұр! – Күлман әлгі қарсы бөлмені нұсқап, алға бастады.
Үй қожайыны өзін Жаңбыршы деп таныстырды. Келбетті, сұңғақ бойлы жігіт те бізді бұрыннан білетіндей дастархандағы барды алдымызға тосып, бәйек болып жатыр. «Не деген жақсы адамдар!» деп ішім уылжып кетті.
Ертеңіне таңертеңгі шәйді ішіп болған соң Күлман бізді өзі айтқан орыстың үйіне алып барды. Расымен времянкасы бос екен. Қуықтай екі бөлменің іші кірлеп кетіпті. Қабырғаларының кейбір сылағы көшіп, ала-қожалақ болып тұр. Сыртқы есігі де сықырлап, зорға жабылады. Көңіліміз қоңалтықсып тұрса да, баратын басқа жер болмаған соң амалсыз осында тоқтауды ұйғардық.
–Кешке дейін тағы іздеп көріңдер. Мүмкін басқасы табылып қалар. Әй, бірақ қиын-ау! Сентябрьде студенттер келеді. Пәтерлерді алып қояды. Көрерсіңдер енді, –деді Күлман бізге жаны аши қарап.
Кеш батқанша сол ауданды шарлап, тағы да сандалдық. Айтқандай бос пәтер таппадық. Жаңбыршының үйіне қайтып келіп, әлгі орыстың жаман «лашығына» баратынымызды айттық. Барғанда да не көрпе төсегіміз, не ыдыс-аяғымыз, ештеңеміз жоқ. Екі көрпе екі жастығымызды товарлы поездың багажына артып жібергенбіз. Ол артымыздан енді келеді.
–Сендер асықпаңдар, – деді Күлман. –Барғанда қайда жатасыңдар. Әзірге біздің үйде тұра тұрыңдар. Ана квартираны сәл реттеп, көрпе төсектерің келген соң көшерсіңдер. Бөлме жетеді ғой үйде. Ертең барып, сылайтынын сылап, әктеп, жуып шайып, тазалауды бастарсыңдар. Жұмыстан қолым босаса мен де көмектесермін.
Тура бар ғой, кейбір туысың да дәл осылай қараспайтын шығар.
Ертеңіне редакцияға барып, Октябрь ағайға жағдайды айтып едік, «жақсылап жайғасып алыңдар, сосын келерсіңдер» деп орнығып алуымызға мұрсат берді. Жолымызда осындай жаны жайсаң адамдардың кезіккеніне мың шүкір дейсің ғой!
Жаман пәтерді жамап-жасқағанша екі-үш күн өтті. Бұл екі ортада буылып, түйілген кішкентай жүгіміз де келіп қалды. Күлман шелек, известь, шөтке, жуып-тазалауға қажет шүберек сияқты азды-көпті керегімізді әкеп берген. Сонымен үйімізді сәл ретке келтіргенше аптаның соңы жетіп, сенбіде «күркемізге» көшеміз бе дегенімізде Күлман:
–Асхан, сендер бүгін-ертең үйде бола тұрсаңдар қайтеді, Жаңбыршы екеуміз Зеренді жаққа, ауылға барып келуіміз керек боп тұр бір шаруамен, – деді.
Енді, қалай жоқ дерсің. Үш баламен үйде қалдық. Бұл кезде балалар бізге, біз оларға үйренісіп қалғанбыз. Жаңылмасам, үлкен қыздың есімі Гүлбахрам ба еді? 4-ші сыныпқа өткен жаста-ау шамада… Одан кейінгі қыз да мектеп жасына жеткен. Ең кішкентайлары ұл бала. Аты – Мерген. Өзі сондай сүйкімді. Өңі әппақ, еріндері шиедей болып тұрады. Көзі баданадай. Сол баланың тәп-тәтті жүзі әлі көз алдымда. Жатырқауды білмейді. Мойныңа асыла кеткенде жеп қойғың келеді-ау. Сол кезде үш жасар шамасында еді. Балаларды ойнатып, үйді жинап, тамақтарын пісіріп, ауланы сыпырып, сол үйдің бір мүшесіндей боп қалдық.
Ертеңіне түске қарай үй иелері ауылдан келді. Олар келген соң орыстың шлакоблоктан соғылған кішкене тамына – жаңа қонысымызға кетпекші болғанбыз. Балалар «кетпеңдерші» деп аяғымызға оралмасы бар ма? Бір-бірімізге бауыр басып қалыппыз шынында.
–Мүмкін осы үйде, бізбен бірге тұра берерсіңдер, а? Ана жатқан бөлмелерің бәрібір бос. –Бізді қимады ма, балаларының көңілін қимады ма, Күлман мен Жаңбыршы тосыннан тағы бір ұсыныс айтты.
Сөз жоқ, өте керемет адамдар! Бірақ, әркімнің өз отбасы, өз ұясы бар. Оларға бар алғысымызды жаудырып, Вася мен Нинаның времянкасына қоныс аудардық. Жалаңаш, алақандай екі бөлмеде бір ескі темір кереует пен фанермен қолдан құрастырған, көк сырмен айғыздап сырланған ыдыс-аяқ салатын шкафтан басқа дүние жоқ еді. Күлман әзірге ұстай тұрыңдар деп үйінен тамақ пісіретін кәстрөл, азды-көпті ыдыс-аяқ берді.
Ол кезде дүкенде тұрмыстық заттың табыла бермейтін қат кезі. Күлман біз көшіп келген соң пәтерімізге келіп, ішін көзбен шолып шықты да, «керек заттарың болса, айт, әкеп беремін» деді. Сөйтсем ол сол замандарда жұрттың қолы да, жолы да жете бермейтін «Межрайбаза» деген мекемеде жұмыс істейді екен. «Межрайбазадан» бүкіл дүкендерге товар таратылады. Керек дүние солардың қолында. Әрине, мәселе оның сондай мекемеде жұмыс істейтінінде емес еді. Оның адамгершілігі мен мейірімін ешбір дүниеге теңгермес едім. Әйтпесе біз кімбіз оларға?
Бір-екі күннен кейін Күлман еденге төсейтін төсеніш, төсектің тұсына ілетін өрнекті екі тоқыма кілемше, жаңа ыдыс-аяқ – шойын қазан, кесе, шәйнек, тәрелкелер мен қасық, шөміш дегеннің бәрін әкеп берді. Сол ыдыс аяқтарынан шойын қазан мен сорпа ішетін шұңғыл бір тәрелке әлі күнге сақтаулы. Қазір ыдыстың неше бір атасы шықты. Әйтсе де, бөтен жерде бөлек үй болып (біреудің шатырын жалдап тұрсақ та) өмір бастағанымызда анамдай, я туған әпкемдей жанашырлық танытып, жоғымды түгендеген, жаныма жалау болған жанның қасиетін ардақтап, сол ыдыстарды естелік етіп ұстап келемін. Үйдегі келінім Таңсұлу қайдан білсін, «мама, мына жалғыз тәрелкені тастай салмаймыз ба, ыдыс көп қой үйде» дейді. Мен оған оның тарихын айтып бердім. «Бұл жақсы адамның көзіндей қымбат дүние. Оны алтын жалатылған соңғы үлгідегі жапондық тәрелкеге де айырбастамаймын. Бұл ыдыс сендерге де адамдықтың үлгісін танытып тұратын естелік болсын!» дедім.
Ал, шойын қазанды Алматыдағы ұлым Шапағаттың шаңырағындағы келін Гүлбинаға бергенмін. Оған «мына қазан көңіліне де, қолына да береке дарыған, өзгеге жақсылық жасауға жаны жақын ізгі ниетті бір адамның маған берген ыдысы еді. Ауылдан жырақта, ағайын-туыстан алыста жүргенде бауырымдай болып, қамқорлық танытқан жанның дастарханыма ырыс дарытқан қара қазанын қастерлеп ұста. Білем, «Цептердің» кәстрөлін тұтынарсың, бірақ оның қасиеті мына 40 жылдан бері оттан түспеген қазанға жетпейді, соны ұмытпа» деп тапсырғанмын.
Күлмән әкеп берген сол ыдыстармен талай қонақты атқардық.
Иә, Көкшедегі өмір солай басталды. Көп ұзамай өзіміз жаңа екі кереует, стол, төрт орындық, шкаф, несиеге телевизор мен тоңазытқыш, газ плитасын алып, әжептәуір үй болып қалдық. Сондағы Күлманның қуанғаны әлі есімде. «Асықпасаң, бәрі болады. Біз де осылай пәтерден пәтерге көшіп жүріп үй болғанбыз» деген еді.
Олар аз уақытта бізге туысқандай болып кетті. Кейде демалыс күндері үйіне барып тұратынбыз. Бір қыс қыстаған соң басқа пәтер тауып, орыстың қанша от жақсаң да жылынбайтын жаман тамынан сол аудандағы татар кемпірдің «времянкасына» ауыстық. Ара кідік әпкемдей болып кеткен Күлман тәтенің үйіне бас сұғып қоятынбыз. Олар да жұмыстағы адамдар.Қолдары тие бермейді.
Өмір деген қым-қуыт тіршілік қой. Жұмыс, командировка, газет кезекшілігі, үйдің шаруасы, достармен аралас-құралас күндер… Солай-солай уақыттың сырғып өте шыққанын да білмей қалдық. Көкшетауда екінші перзентіміз – ұлымыз Арнұр дүниеге келді. Көрікті Көкше жерінде айрандай ұйыған редакцияда Жанайдар Мусин басқарған, Әуез Өтеев, Хакімтай Әміров қостаған, Октябрь Бұхарбаев, Нұрқан Ысқақов, Төлеген Қажыбаев, Маман Ементаев, Рүстем Бермағанбетов, Жұмабай Есекеев, Жабал Ерғалиев, Райхан Сейітова, Қапез Қожахметов, Қорғанбек Аманжолов, Тоқтар Баймағанбетов, Роза Нарымбетова, Ойрат Асанбаев, Балжан Хабдина, Бауыржан Бектасов, Балталы Сәрсенбаев, Сайлау Көшкенов, Кемел Жетпісов, Дәуренбек Шөрентаев, Кенжетай Ғазизов секілді тамаша журналистермен, фототілші Юрий Дидан, суретші-ретушер Дулат ағамен қызметтес болған жылдарды еске алғанда өмірімнің бір бөлшегіне айналған осынау қалаға алғашқы келген күні алдымнан күлімдеп жолыққан Күлман еріксіз ойға оралады. Осы ұжымдағы машбюрода Қарашаш, Мәрәш, Раушан, Бекзат, корректорлар Шәрипа, Зәуре, Орынбасар, Гүлзейнеп, Гүлнәр есімді апайлармен, замандас қыз-келіншектермен талай-талай шуақты күндерді өткізгенім көңілімді жылы ағыстай тербейді әлі күн. Арқа топырағында осындай ғаламат жандармен тағдырымызды табыстырған бес жылдан соң отбасылық жағдаймен Оңтүстікке қоныс аудардық.
Бір өкінетінім, Жаңбыршы мен Күлманнан хабарсыз кеттік. Ол кезде ұялы байланыс түгілі, жәй телефон да жоқ. Одан кейін Көкшетауға бірер рет жол түскенмен тағы сол уақыт деген шіркіннің шырмауынан шыға алмадық па, әлде қолайы келмеді ме, әлде өзіміздің енжарлығымыз ба, білмеймін…әйтеуір сол бір аяулы жандарды қайтып жолықтыра алмадық.
Әйтсе де, көкірегімнің түкпірінде оларға деген сағыныш сыздайды да тұрады. Қайда екен, бар ма екен? Бұрынғы мекен-жайында ма, басқа жаққа көшіп кетті ме? Жаңылмасам, «Старый мясокомбинат» аталған ауданның Фурманов көшесінде тұрды. Үйінің нөмірі есімде жоқ. Жаңбыршы ағамыз жүк көлігін айдайтын. Сірә, бір автобазада істейтін бе еді?.. Тәптіштеп сұрамаппыз. Баяғы сүп-сүйкімді Мерген бүгінде 45 жасқа жақындаған жігіт болған шығар. Сол Көкшетауда ма екен? Айналайын, жақсы адамдар-ай!
Тауып, жолықсам шіркін әлі де! Бәлкім жас күнімізде жақсылық дегеннің қадірін біле білмедік пе?! Ондай адамдарды ұмыту күнә ғой тіпті! Жоқ, ешқашан ұмытпаймын, ешқашан… Қайда екенсіздер, Күлман әпке, Жаңбыршы ағай?
Білетіндеріңіз бар ма, айтыңыздаршы!
Асхан МАЙЛЫБАЕВА,
«Шымкент келбеті» газеті бас редакторының орынбасары, Қазақстанның құрметті журналисі.
Шымкент қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар