«COVID-19». Баспасөз және жағдайлық ақпарат орталығы жұмыс істейді

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев «COVID-19» баспасөз орталығында және облыстық денсаулық сақтау басқармасында жаңадан ашылған жағдайлық ақпарат орталығында болып, оның жұмысымен танысты, өңірдегі пандемияға қатысты мәселелерді саралады.

Аталмыш орталықтың басшысы Арайлым Қасымжанова орталықтың жұмыс істегеніне бір апта болғанын, күніне 50-100 облыс тұрғыны пандемияға, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге, ауруханаға жатқызуға қатысты сауалдар қоятынын айтып берді. Баспасөз орталығы жанынан «109 Сall-centre» ашылыпты. Мұнда коронавирус жұқпасы, амбулаторлық емдеу, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, ауруханаға жатқызу, жедел жәрдем қызметі және психологиялық көмек секілді мәселелермен хабарласқан тұрғындарға мамандар тегін кеңес береді. Сараптамашының әлеуметтік желілер арқылы алған ақпараттары облыстық денсаулық сақтау басқармасына жіберіледі. Күн сайын таңертеңгі 9.00-ден кешкі 21.00-ге дейін қызмет көрсететін орталық тұрғындарды дәрігерлермен де байланыстырады.

Өңір басшысы орталықтағы әр маманмен әңгімелесіп, жағдайымен танысты. Мамандардың айтуынша, орталық жұмыс істегелі тұрғындар тарапынан өкпе-реніштер азайған. Дабыл қаққан сырқаттарға психологиялық және өзге де көмек көрсетіледі. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сүлен Ілиясовтың айтуынша, күндіз «109 Сall-centre» мен облыстық денсаулық сақтау басқармасында ашылған жағдайлық ақпарат орталығы арасында тікелей байланыс орнатылған. Түнде «Жедел жәрдем» мекемесінде тұрғындардың сауалына жауап беретін арнайы диспетчерлер жұмыс істейді.
–Қазір емдеу алгоритмі өзгерді. Бірінші кезекте бактерияға қарсы терапия қолданылмайды. Өзге ем-дом шараларына көштік. Маусымның ортасында «Жедел жәрдемді» 50-70 сырқат шақыратын. Жұқпалы індетті дәрігерлер жұқтырып, «Жедел жәрдемнің» 4 бригадасы қысқарды. Олардың орнын медициналық колледждің жас түлектерімен толықтырдық. Қазір «Жедел жәрдемді» шақырушылар саны 16 пайызға азайды. Тәулігіне он адам ауруханаға жатқызылады. Тәуір болғандар үйлеріне жіберіледі. Бүгінгі күні облыстың ауруханалары қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген,–деді басқарма басшысы. Облыс әкімі ауруханалар үшін қажетті дәрі-дәрмек пен құрал-жабдықтар сатып алынғанын айтты.
–Жұқпамен күресуге 2 миллиард теңге бөлінді. Жақын арада мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі арқылы «КТ» аппараттарын сатып аламыз. Цифрлық рентгент аппаратын тәртіпке келтіреміз. Бизнес өкілдеріне деген алғысымыз шексіз. Ауыл тұрғындарын рентген аппаратымен қамтуды ұйымдастыру қажет, – деген өңір басшысы аталмыш орталықтардың ұялы телефонын жариялауды және хабарласқан әр адамға дұрыс кеңес беруді тапсырды. Облыс әкімі облыстық денсаулық сақтау басқармасында ашылған медициналық ақпараттық жүйесін онлайн режимінде талдайтын жағдайлық ақпарат орталығында болып, жұмыстарымен танысты, қолдау көрсететінін айтты.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар