Шерін айтып Аралдың арпалысқан асыл ер!

Қазақтың көрнекті ақыны, қоғам және мемлекет қайраткері Кәкімбек Салықовтың Өзбекстанның Қарақалпақ облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған жылдары жайлы бір үзік сыр

Өзбекстанның Халық қаһарманы Төлепберген Қайыпбергенов көзі тірісінде:
– Кәкімбек Салықов біздің елге бірінші басшы болып келген соң экологиялық апаттан қиналған халыққа ай сайынғы айлығының 15-30 пайызы көлемінде үстеме ақша төлеуге КСРО Үкіметінің қаулысын шығартуға бар күшін жұмсап, оның заңдастырылуын жүзеге асырды. Сол көмекті бүкіл халқымыз Кеңес Одағы ыдырағанша алып тұрды. Қарақалпақ халқы мұндай жақсылықты өмір тарихында ешкімнен де көрген емес. Алғысты осындай үлкен жүректі адамға айтпағанда кімге айтарсың?! – деп шын ризашылығын білдірген еді.
Арал теңізі аймағындағы Мойнақ, Қоңырат аудандарында бірінші хатшы, әкім қызметтерін атқарып, «Өзбекстан темір жолдары» Арал жағалауы бөлімінің бастығы болған, Өзбекстан Республикасы Олий Мажлисінің депутаты болып сайланған Тыныштық Темірбаевтың да Кәкімбек аға туралы пікірін білген едік.
– Қарақалпақстан Республикасын бес жыл басқарған Кәкімбек Салықұлы – республиканы әлеуметтік-экономикалық дамыту бойынша белгіленген мемлекеттік жоспарларды орындаудың ұйымдастырушысы болды. Оның өзіне тән табандылығы мен ұйымдастырушылық қабілеті, жұмысты жақсартуда жаңа әдістерді енгізуден қорықпайтын батылдығы, тәртіп орнату, есеп пен бақылауды жолға қоюда шаршауды білмейтін жанкештілігі бұрын-соңды болмаған жетістіктерге жетеледі. Елді мекендерге электр қуатын, табиғи газ, ауыз су жеткізу, жолдар мен тұрғын үй салу, ірі қараның бас санын көбейту арқылы ет, сүт, мақта талшығы мен күріш өндіру еселеп артты. Жаңадан салынатын нысандардың орны мен оларды жобалау жұмыстары тұрғындардың келісімімен жасалды. Заң шығару, атқарушы, сот және бақылаушы билік органдары бірлесе жұмыс істеді.
Суды үнемдеу, жер асты және ыза суларды теңізге бұру турасында коллекторлар салу, ауыз су және ауыл шаруашылығы мұқтаждығы үшін суды жинақтау, Мойнақ балық консервілеу комбинатының жұмысын жаңғырту мәселелері жөнінде өткізілген іс-шараларға КСРО Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары Всеволод Мураховскийдің, КСРО Мелиорация және су шаруашылығы министрі Юрий Израэльдің қатысуы көп нәрселердің шешілуіне ықпал етті. Одақ деңгейіндегі өз абырой-беделінің арқасында оларды бұл шараларға шақырып, тікелей қатысуларын міндеттеткен де Кәкімбек Салықұлы.
Әрине, жалпы алғанда біз теңізді, әсіресе, оның оңтүстік бөлігін сақтай алмағанмен, ол сәттер бізді әлі күнге қуантады. Өйткені, сол жылдары бүкіл қоғамның, басшылар мен қарапайым еңбекшілердің бар үміті, құлшынысы, күш-жігері мен қажыр қайраты Арал теңізі аймағындағы санитарлық жағдай мен халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталды.Кәкімбек Салықұлының арқасында 1988 жылы Мәскеу қаласында Арал теңізіне арналған декада өтті. Кино үйінде декада қатысушыларының сөз сөйлеуі, «Новый мир» журналының бас редакторы С.Залыгин, режиссер Э.Рязанов, «Жалын» журналының бас редакторы Мұхтар Шахановтармен кездесу, суретші Г.Матевосянның көрмесі ұйымдастырылды.
Қарақалпақстан Республикасының көшбасшысы болған халық ақыны, қоғам қайраткері, қажымас партия қызметкері Кәкімбек Салықұлының игі істері бұл ел тұрғындарының есінде ұзақ сақталады. Ауданның жағдайын сұрағанда ол: «Тыныштық, атам қазақ «Ерте тұрған жігіттің ырысы артық. Ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» деген. Кәсіпорындар мен шаруашылықтарды ерте аралаған жөн. Сонда сенен басшылар да, қосшылар да, қарапайым жұмысшылар да үлгі алады» – дейтін. Ал, өзі сағат таңғы 4-тен бастап «аяғында» жүретін. Мен ол кісіден партиялық және өндірістік қызметте көп нәрсені үйрендім, – дейді Тыныштық Мырзағұлұлы.
Мен өмірде үлгі тұтқан Кәкімбек ағаның азаматтық болмысын сипаттайтын мына бір жайтты да айта кеткен артық болмас.
1987 жылы 26 маусымда Мәскеуде өткен Пленумда Дінмұхамед Қонаевты КОКП ОК Саяси бюро мүшелігінен босату туралы мәселе қаралады. Ол үшін, әрине, біраз адам Қонаевты жер-жебіріне жетіп, жамандауы тиіс еді. Кремль осы мақсатта біраз адамды астыртын дайындайды. Соның бірі – Алаштың айтулы ақыны, дәл сол кезде ӨзКП  Қарақалпақстан обкомының бірінші хатшысы, КОКП ОК мүшесі, сондай-ақ, ӨзКП ОК бюро мүшесі болып тұрған Кәкімбек Салықов еді. Кәкімбек ағаны алдымен КОКП ОК хатшысы Егор Лигачев шақырып алып: «Пленумда Қонаевты жамандап сөйлейсің» деген тапсырма береді. Бірақ, өмір бойы ар жолын ұстанып өткен Кәкімбек аға Лигачевтің ұсынысына көнбей, мінбеде сөйлеуден бас тартады. Қарақалпақстанның Өзбекстанға қарайтыны белгілі. Сірә, Лигачев «қол астыңдағы адамды қалай да көндіресің» деген болуы керек, кейін ӨзКП ОК бірінші хатшысы Усманқожаев  Кәкімбек ағаны шақырып, Қонаевты жамандауға тапсырма береді. Бұл жолы да Кәкең тапсырмадан бас тартады.
Сонымен, Мәскеуде 26 маусымда пленум басталады. Меңдібаев, Мұқашев, Камалиденов секілділер, әрине,  Қонаевты бас салып жамандайды. Жер-жебіріне жетеді. Залдың үшінші қатарында отырған Кәкімбек Салықовтың арт жағына жайғасқан  Қонаев ішінен күйзелсе де, сыртқа сыр білдірмей үн-түнсіз тыңдап отырады. «Бәрінен бұрын мені мінбеде өлтіріп тұрып сынайтын алдымда отырған Кәкімбек қой» деп, қатты күдіктенеді. Кезінде шахта бастығы болып тұрған қырық жастағы Кәкімбек Салықов Социалистік Еңбек Ері атағына ұсынылғанда, «әлі жассың ғой» деп, Ленин орденін бергізгені есіне түседі. Талай жыл Мәскеуде Орталық Комитеттің инспекторы қызметінде жүрген Кәкімбектің Қазақстанға сұранғаны, бірақ өзінің республикаға шақырмағаны, жоғары қызмет ұсынғысы келмегені есіне түсіп, Қонаевтың іші алай-түлей болады. Бірақ…қатты күдіктенген адамы – сол Кәкімбек Салықов пленумда бір ауыз сөз сөйлемейді. Осы пленумда КОКП ОК Саяси бюро мүшелігінен шығарылған Қонаев, үзіліске шыққанда Кәкімбек ағаны құшақтап, бетінен сүйіп тұрып: «Кәке, мені кешірші, сен сөйлегеніңде,  мен осы арада тіл тартпай кететін едім, аналардың сөйлегені маған шыбын шаққан құрлы әсер еткен жоқ. Осылар осыдан бес-алты жыл бұрын маған сені дәл осылай жамандағанда, мен соған сеніп едім. Кешір!» деп  еңкілдеп жылап жібереді.
Сонда: «Мені Кәке демеңіз, Кәкімбек деңіз, мен сізден жиырма жас кіші балаңыздаймын ғой. Сіз менің ұстазымсыз, ұстазымды қалай жамандаймын», – дейді ақын. «Жоқ, Кәке, сен білдей бір республиканы басқарып отырған адамсың, сондықтан Кәке деймін» деген Қонаев осындай арлы азаматқа өз елімізде жоғары қызмет бермегеніне қатты өкініш білдіріпті.
Мұны оқыған кейбір оқырман «Ел басқарған тұлғалар да жылай ма екен?!» деп таңданулары әбден мүмкін. Бірақ, біз Дінмұхаммед атамыздың біреуден қорлық көріп не азап шегіп жыламағанын, керісінше нақ сол ұлы адамдарға тән қасиетпен, өзінің пенделігі, әрқашан елі үшін, халқы үшін қалтқысыз қызмет етсем деп ұмтылған нағыз ұлтжанды азаматты бауырына тартып, маңайына жолатпаған қателігі, ұлтын ұлы армандарға бастайтын ұлағатты тұлғаны тани алмағандығы үшін өзін кінәлап көзіне жас алды деп ойлаймыз. Періштеден басқаның бәрі пенде десек, патшалар да пенде. Демек олардың да кемшілігі болады. Меніңше, Қонаев атамыз өзінің осы кемшілігі үшін жылады. Оны түсіну мен мойындау да ұлылық. Біздің міндет – осыдан қорытынды шығару!
Иә, ол шын мәнінде Арал тағдыры, осы аймақта өмір сүретін 50 миллионнан аса адам тағдыры үшін аянбай күрескен арыс еді. Абзал азаматтың Арал мәселесі және туысқан республикалар арасындағы әдеби-мәдени байланыстар мен әлеуметтік-экономикалық қарым-қатынастарды нығайту арқылы халықтар достығын, өзара ынтымақ пен татулықты нығайту жолындағы қызметтері мен көпшіліктің пікірі маған осындай ой түйіндеуге мүмкіндік береді.
Енді тек осындай біртуар тұлғаның есімін өскелең ұрпақ ешқашан ұмытпайтындай шаралар ұйымдастырылса екен. Егер ақынның туып-өскен, еңбек еткен ауылы мен аймақтарда, тәуелсіз еліміздің жаңа астанасында атына көше қойылып, есімі сол ұрпақ тәрбиеленетін мектептерге беріліп – жатса бұл тілегіміздің де орындалғаны.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ,
Мәдениет қайраткері.

(Арнайы «Арқа ажары» үшін).

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар