Кеше облыс әкімі Ермек Маржықпаев облыс орталығы Көкшетау қаласындағы бірқатар әлеуметтік-өндірістік нысандардың жұмысымен танысып, тиісті сала басшыларына нақты міндеттер жүктеп, тапсырмалар берді.
Облыс әкімі алдымен Көкшетау қаласындағы №1 орта мектеп-гимназиясының жанынан 600 балаға лайықталып салынып жатқан қосымша құрылыстың барысымен танысты.
Мектеп директоры Гульвира Әлімованың айтуынша, білім ордасында бастауыш сынып оқушылары үш ауысыммен оқитын көрінеді. Қосымша ғимарат пайдалануға берілетін болса, көптен бері күрмеуі шешілмей келе жатқан күрделі мәселе өз шешімін табады дейді ол.
Құрылыс нысанының мердігері «Омис-Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бұл жоба «Жұмыспен қамтудың жол картасы» республикалық бағдарламасы аясында жүзеге асыруда. Қазіргі таңда ғимараттың шатырын жабу, монолитті каркас салу бойынша жұмыстар жүргізілуде, электрмен жабдықтаудың ішкі инженерлік желілерін салу қолға алынды. Құрылыс жұмыстары басталғанына біршама уақыт өткеніне қарамастан, әлі күнге дейін жұмыс сылбыр жүргізілуде. Жаңа оқу жылының басталуына да санаулы уақыт қалды. Осыған байланысты өңір басшысы мердігер ұйым жетекшілеріне жұмысты ширатуды қатаң тапсырды.
Бұдан кейін облыс әкімі жаңа модульдік инфекциялық аурухана құрылысының жай-жапсарымен танысты. Аталмыш аурухана құрылысына Қ.Құрманбаев атындағы Ақмола облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің аумағында 4 гектардан астам жер телімі бөлінген. Бұл медициналық мекемеде короновирус ауруына шалдыққандар ғана емес, жалпы жұқпалы дерті бар емделушілердің барлығы ем-дом қабылдайтын болады. Құрылыс нысаны ағымдағы жылдың 1 қазанында пайлануға беріледі деп күтілуде.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша бүгін біз 200 орындық жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысын бастадық. Құрылыс нысанын осы жылдың 1 қазанында пайдалануға береміз. Өкінішке орай, облыста наурыз айына дейін инфекциялық ауруларға арналған бар-жоғы 60 орын бар еді. Жасырары жоқ, короновирус пандемиясы медицина саласында бірқатар кемшіліктер мен көкейтесті мәселелердің бар екендігін айқындап берді. Осы төрт жарым айдың ішінде біз 11 инфекциялық, 15 провизорлық барлығы 26 станционар аштық, онда облысымыздың науқастары емделді. Бүгінде өңірімізде үш мыңға жуық адам короновирус дертіне шалдыққан болса, оның 2250-і сауығып кетті, өкінішке орай, біздің облыста 46 адам осы дерттің салдарынан өмірден өтті. Қазіргі таңда 660 адам емделуде.
Осы уақыт ішінде науқастарды емдеу ісіне 850-ден астам адам тартылды. 150-ден астам дәрігер жанкешті еңбек етті. Осы орайда, күні-түні жұмыстан табылып, уақытпен санаспай, дертке шалдыққан жандарға қолұшын берген ақ халатты абзал жандарға алғыс айтқым келеді. Өкінішке орай, кейбір дәрігерлерден де көз жазып қалдық… Айта кетуіміз керек, осы уақыт аралығында, облысымыздағы медицина саласының материалдық-техникалық базасы да едәуір жақсара түсті. Мәселен, бұған дейін өңірімізде 150 ИВЛ аппараты болса, қазіргі таңда 319 ИВЛ аппараты бар. Сонымен қатар, жақын арада қосымша станционарлы 22 ИВЛ аппаратын сатып аламыз, – деді облыс әкімі сапар барысында.
Жалпы, өңірімізде короновирус дертіне шалдыққандар саны азайған. Құрылысы енді басталған аурухана да алдағы уақытта айтып келмес аурудың алдын алуға өз септігін тигізетіні хақ.
Бұдан кейін өңір басшысы Бейбітшілік шағын ауданындағы жол құрылысының барысын бақылап қайтты. Бұл жоба үш жылға жоспарланған. Шағын ауданда жалпы ұзындығы 2,9 шақырым жол жөнделетін болады. Ағымдағы жылы жол құрылысына облыстық бюджеттен 200 миллион теңге бөлінген. Жобаның мердігер компаниясы «РСУ-16» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Осы орайда өңір басшысы жауапты сала басшыларына мәселені бақылауда ұстауды тапсырып, нақты міндеттер жүктеді.
Облыс орталығындағы №13 экологиялық мектеп-гимназиясының жанынан салынып жатқан 420 балаға лайықталған қосымша ғимараттың құрылысы басталғанына бір жылдан астам уақыт өтсе керек. Алайда, әлі күнге дейін бұл жерде құрылыс әлі де қарқын алмаған. Ғимарат ағымдағы жылдың үшінші тоқсанында пайдалануға берілуі керек екендігіне қарамастан, мердігер мекеме басшылары түрлі сылтау айтып ақталуда. Бұл құрылыс жобасы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында жүзеге асып отыр. Құрылыс нысанының мердігері – «Асарстройсервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жауапкершілігі төмен серіктестік басшылығының салдарынан ғимараттың жақын арада пайдалануға берілуі екіталай. Осы мәселеге байланысты облыс әкімі жауапты сала басшылары мен мердігер мекеменің жетекшілеріне сын айтып, қатаң ескерту жасады.
Ағымдағы жылы Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының ғимаратына да жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жұмыс барысымен жақынырақ танысқан өңір басшысы мұндағы олқылықтарды да бірден байқады. Мердігер мекеме – «СтройКровКомплект» жауапкершілігі шектеулі серіктегі. Бұл жобаға 20,2 миллион теңге бөлінген. Облыс әкімі жөндеу жұмыстарындағы кемшіліктерді тез арада жойып, сапаға баса мән беру керектігін қадап айтты. Себебі, өнер ордасының өн бойы сұлулыққа тұнып тұруы керек, әлбетте.
Бұдан кейін өңір басшысы теміржол вокзалына жасалып жатқан жөндеу жұмыстарының барысымен танысып, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.