Жақындарын жоғалтқан жандар неге көп?!.

«Анамды іздеймін». «Күйеуім із-түссіз жоғалып кетті». «Балам дүкенге шығып кеткен, үш күн болды үйге оралмады» деген хабарламаларды аялдамалардан, әлеуметтік желілерден жиі байқауға болады. Хабар-ошарсыз кететіндердің арасында жасөспірімдер де бар. Жақындарын жоғалтқан жандар неге көп? Ай-күннің аманында адамдар неліктен бір-бірінен көз жазып қалуда?

Адамдардың жоғалуының бірнеше себептері бар дейді психолог Жұлдыз Бекахметова. – Жасырары жоқ, кейбір жандар жат ағымдардың жетегінде кетіп қалады. Бүкпесіз айтар болсақ, қазіргі адамдар бір-бірімен ашық сөйлеспейді, уақыт тапшы деген желеумен әркім өз мәселесімен ғана жүреді. Жатты қойып, жанымыздағы жандарға көңіл бөлмейміз. Мәселен, жастар жағы әлеуметтік желіде бейтаныс жандармен танысып, сырын білмейтін адамның арам пиғылды ниетінің жетегіне еріп, алданып қалуы мүмкін. Жасөспірімдер танысу сайттарына кіріп, танымайтын адаммен кездесуге барады. Олар бұл жайлы ата-аналарына немесе туған туыстарына айтпай, кетіп қалады. Соңы сабылып іздеу, ата-ананың көз жасы, сары уайымға салынады… Сондай-ақ, тіршілік тауқыметіне төзе алмаушылық, отбасындағы ұрыс-керіс те жоғалғандар санының артуына өз септігін тигізуде. Өмірде ең нәзік дүние көңіл ғой, – дейді ол.
Ойлап отырсақ, психологтың пайымы өте дұрыс. Соңғы кезде адамдардың көбі жатбауыр болып барады. Адамдар неге үйден кеткісі келеді? Мына бір үлкен біртұтас ғаламнан жанына жылулық таба алмай қалатыны неліктен? Сұрақ көп, жауап аз…
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің мәлімдеуінше, елімізде 2015-2019 жылдар аралығында 13 мыңға жуық адамға іздеу жарияланса, оның 1000-нан астамының мәйіті табылыпты. Осы бес жыл ішінде 92 жеткіншек үйінен кетіп, оралмаған.
Соңғы бір айдың ішінде әлеуметтік желіде облыс орталығы бір Көкшетау қаласының өзінен бірнеше адамның жоғалғаны туралы хабарлама көрініс тапты. Алдымен гүл сату салонында жұмыс істеген Анастасия Ромасюннің із-түссіз жоғалуы туралы хабарлама жарық көрді. Еріктілерден бас-
тап, туған бауыр, барлық ел болып Настяның аман-есен үйіне оралғанын тіледі. Тіпті, танымайтын адамдардың өзі дұға қылып, өрімдей жас қыздың амандығын тілеумен болды. Көзінен нұр төгілген, жаны да келбеті де сұлу бойжеткен қыздың жұмыстан шығып кеткен күйі із-түссіз жоғалып, неғайбыл күй кешкеніне кім кінәлі? Бұл жағдайдың соңы ауыр трагедиямен аяқталуына кім себепкер? Маусымның 25-і күні еріктілер мен полиция қызметкерлері Бұқпа баурайында Анастасияның денесін өлі күйінде тапқан. Қым-қуат тірліктің, бейопа бермес бес күнгі жалғанның дәл осылай қатыгез боларын кім білген?..
Таяуда әлеуметтік желіден өзінің адал жарын іздестірген аяулы бір жанның жанайқайын көз шалды. Мұның алдында Шортанды ауданында бір жасөспірім жоғалып кетіп еді. Еріктілер мен полиция қызметкерлерінің белсенді жұмысының арқасында қыз бала аман-есен табылып, үйіне оралды. Бұл санаулы уақыт ішінде болып өткен жағдайлар. Бұдан басқа да фактілерді көптеп келтіруге болады.
Қазіргі таңда екі адамның басы қосылса болғаны елді жайлаған коронавирус дерті жайында әңгіме қозғалады. Себебі, мына алапат ауыр дерт біздің елді ғана емес, әлем халқын жалмап жатыр. Оның үстіне жоғалған, ізім-ғайым болып, хабарсыз кеткен жандар бар. Жақын жандарға барынша көңіл бөлейікші. Көрмеген, білмеген, біз таныс емес жағдайдың барлығы тылсым сырға толы болуы мүмкін. Бірақ, сол жұмбақ дүниенің барлығы балдай тәтті болмайтыны бар. Сол себепті, қолда бар алтынды бағалап, алдымен өз жақындарымыз бен жан-жағымыздағы жандарды барынша жан жылулығына бөлеуді ұмытпайық. Ай-күннің аманында бас аман болғанға не жетеді, әманда. Ылайым солай болғай!

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар