Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Астана қаласындағы Базарлы жәрмеңке, ажарлы жәрмеңке - АРҚА АЖАРЫ

Астана қаласындағы Базарлы жәрмеңке, ажарлы жәрмеңке

Жылдағы дәстүр бойынша биыл да елордамыз Астанаға республикамыздың облыстары әр сенбі сайын өз өнімдерін әкеліп, жәрмеңке ұйымдастыра бастады. Осыған орай, өткен сенбі, яғни, 1 қараша күні кезек Ақмола облысына келіп, облыс аудандары, нақтырақ айтсақ, ауыл шаруашылығы құрылымдары  Астана тұрғындарына өздері өндіретін азық-түлік тауарларын  ұсынды

–Біз бүгінгі жәрмеңкеге барлығы 126 миллион теңгенің 517 тонна түрлі азық-түлік тауарларын әкелдік, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Аманбек Қалжанов. – Сондай-ақ, осы уақытқа дейін демалыс күндері өтетін жәрмеңкеге екі облыстан келген болса, біз жеке дара келдік. Бұл да Ақмола облысының Елордамызды сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етудегі айрықша мәртебесін байқатса керек. Баға да Астана базарларындағыдан едәуір төмен болғандықтан жәрмеңке ашылған сәттен бастап-ақ сауда қыза түсті. Мәселен, қала базарында сиыр етінің бір килосы 1200 теңгеден болса, біз 900 теңгеден сатып жатырмыз. Сондай-ақ, Астананың сауда орындарында картоп 80 теңгеден болса, бізде бір кило 45-50 теңгеден өтіп жатыр. Еттің басқа түрлері мен көкөністің де бағасы базардағыдан 15 пайызға төмен. Осының бәрі Астана тұрғындары үшін біршама көмек.
Шынында да, Астананың орталық алаңында Ақмола облысы өткізіп отырған биылғы жәрмеңке өткен жылдардағыға қарағанда, жоғары деңгейде ұйымдастырылған екен. Оның айғағы ретінде әкелінген тауарлардың көбейе түскендігін, сапаның да, бағаның да тұтынушыларға ұнағандығын айтуға болады. Рас, бір-екі жерде ет пен картопты бірден ірі көлемде алып кетуге тырысқан саудагерлер байқалды. Дегенмен, облыстың жауапты қызметкерлері ондайлардың жолын кесуге дайын екен. Әрине, бұл арада аудандардан келген сатушыларды да түсінуге болады. «Сау-да сақал сипағанша» деген қағидаға сүйенсек, олардың тауарларын тез өткізуге тырысулары заңды құбылыс. Бұл арада ешқандай заң бұзушылық жоқ. Сондай-ақ, жәрмеңкеге келген адамдарға «бес-алты килодан артық сатып алма» деу де әбестік болар. Ал енді көтерме саудаға ептеп шек қою неғұрлым көп адамға жетсін деген игі ниеттен туындаған шара ғой.
Жәрмеңке өтерден бірнеше күн бұрын Астана аспанын қара бұлт торлап, ауа райы да қолайсыздау болса, бұл күні салпы етек жылауық күз емес, күннің көзі жаздағыдай жарқырап тұрған мамыражай күздің жиі кездесе бермейтін май тоңғысыз күні болды.Табиғаттың бұл сыйы да сауданың тез қызып, келушілердің де асып-саспай, қажет тауарларын баппен таңдауларына мүмкіндік берді.
Бір назар аударарлығы, жоғарыда айтып өткеніміздей, ауа райының да жылы мінез танытқаны әсер еткен болар, таңертеңгі сағат 9-ға жетпей-ақ, жиналғандар қарасы өте көп болды. Тіпті, бір-екі сағаттан соң кейбір сөрелер босай бастады. Яғни, баға да, сапа да тұтынушылардың көкейлерінен шықты деуге негіз бар.
Биылғы жәрмеңкедегі тағы бір өзгеріс, бұрынғы жылдағыдай әр ауданға бір киіз үйден тігу қажет деген тапсырманың болмағандығы. Биыл барлығы төрт киіз үй ғана тігілген екен. Оның есесіне арнайы тігілген шатырларда тегін ыстық шай, түрлі тіскебасарлар ұсынылды. Сондықтан да болар, ештеңе сатып алмаса да жәрмеңкені тамашалап, аудандардан келген өнерпаздардың ән-күйлерін тыңдауға келгендер де аз болмады. Қарапайым тілмен айтсақ, жәрмеңке тек сауда орны ғана емес, нағыз мерекеге айналды.
Облыстық мәдениет басқармасының бөлім басшысы Ғалия Ташкинаның айтуынша, жәрмеңкеде өнер көрсету үшін Кенжебек Күмісбеков атындағы облыстық филармонияның ұлт аспаптар оркестрі, «Гәкку» би ансамблі, Көкшетау қаласындағы басқа да шығармашылық ұжымдар келсе, облыс аудандарының мәдениет бөлімдері де өз өнерпаздарын арнайы әкелген екен. Енді осыған Ғазиза Жұмекенова, Шолпан Дүкенбаева сынды белгілі әншілер мен Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық драма-театры әртістерінің де арнайы осы жәрмеңкеге ат басын тірегендігін қоссақ, жәрмеңкенің шынайы мерекеге айналғандығы шындық. Әртістер өнер көрсететін сахнаның да бұрынғыдай бір шетте емес, сауда жүріп жатқан ортада орналасқандығы да ұйымдастырушылардың үлкен жауапкершілік сезінгендіктерін байқатады.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары, бұған дейін де облысымызда көп жылдар басшы қызметтерде болған Қадырхан Отаров жәрмеңке барысын жіті бақылап, барлық іске өзі бас-көз болып жүрді. Сондай-ақ, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Аманбек Қалжановтың да сауданың жоғары деңгейде өтуі үшін барлық жағдайды жасауға тырысқандығы көрініп тұрды. Сайып келгенде, осының бәрі Астана тұрғындары үшін қарашаның бірінші күнін шынайы мерекеге айналдыруға мүмкіндік берді.
Жәрмеңкеде, әрине, жылқы, сиыр етімен қатар, қой, шошқа, құс еті де молынан сатылды. Мәселен, қой етінің бір килосы 850 теңгеден болса, құс еті
500-550 теңгеден сатылып жатты. Сондай-ақ, жұмыртқаның да бір данасы 13 теңгеден болды. Ал, қымыздың бір литрі 450 теңгеден болғандықтан, тез өтіп жатты.
 Жалпы, биылғы жәрмеңкеде жоғарыда айтқанымыздай,концерттік бағдарлама жан-жақты болды. Арнайы тігілген 100 шағын шатырда сауда қызу жүріп жатса, облысымыздың барлық өңірлерінен келген екі жүздей өнерпаз ән мен күйден шашу шашты. Қысқаша айтқанда, қарашаның бірінші күні Астана тұрғындары қазақ жерінде ертеректе жиі өткізіліп тұрған «Қарқара» және «Қоянды» жәрмеңкелерінің бүгінгі күн талаптарына сай бейімделген заңды жалғасын тамашалады деуге негіз бар. Сондай-ақ, мұндай жәрмеңкелер Астана тұрғындары үшін қыс маусымына дайындықтың ажырамас бір бөлігі деуге әбден болады. Алдағы демалыстарда бұл шара өз жалғасын тауып, елордамызға басқа облыстар да өз тауарларын әкелетін болады. Ал, Ақмола облысы ұйымдастырған жәрмеңкенің солардың қатарында алдыңғы лектен көрінетіндігі сөзсіз.
Астана қаласы.
Суреттерді түсіргендер В.Бахмутский, А.Данияров.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар