Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Спорт күні мерекесі қарсаңында халықаралық жарыстарда жеңімпаз атанып, жүлде алған жерлес спортшылармен кездесіп, олардың облысымызда спортты дамытуға қосқан үлестерін жоғары бағалай келе, түрлі сый-сияпаттар жасалды.
Салтанатты шарада спортшыларға көрсетілетін қолдау мен өңірдің спорттағы жетістіктері айтылды. Өткен жылы ақмолалық спортшылар үшін табысты болды. Жерлестеріміз халықаралық, республикалық жарыстарда үздік атанды. Әсіресе, баскетбол, волейбол, күрес, бокс, армрестлинг, пауэрлифтинг және велоспорт сияқты спорт түрлерінен табысты өнер көрсетті. Биылғы жылы пандемияға қарамастан, өңірде көптеген спорттық нысандардың құрылысы жүргізіліп, бұқаралық спорт дамып келеді.
Облыс әкімі Ермек Маржықпаев құттықтау сөзінде Мемлекет басшысының дені сау ұлт қалыптастыруға ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті.
– Мемлекет басшысы «Бұқаралық спортты дамыту қажет. Бұқаралық спортты өркендету ісі жаңа чемпиондар шыңына шығатын пирамидаға айналуы тиіс. Бұл салауатты әрі белсенді жастардың, түптеп келгенде, қуатты ұлттың негізін қалыптастырады» деп атап өткен болатын. Осы ретте, ортақ іске үлес қосып, халықаралық жарыстарда топ жарып, облысымыздың мәртебесін асқақтатып жүрген спортшыларымызға алғысымызды білдіреміз, – дей келе, облыс әкімі өңірде денешынықтыру және спортты дамыту бойынша қолға алынған жобаларға тоқталды. Біздің облысымызда да спорттық инфрақұрылымдардың саны артып келеді. Өңірімізде 2,5 мыңнан астам спорт нысаны бар. 7 денешынықтыру-сауықтыру кешені жұмыс істейді. Ерейментау, Аршалы, Целиноград және Біржан сал аудандарында да осындай нысандар салынып жатыр. Соңғы екі жылда тұрғын үй аулаларындағы жабдықталған спорт алаңдарының саны 70-ке көбейіп отыр. Жыл соңына дейін аудандар мен қалаларда 20 алаң салынады. Ал, Есіл ауданында денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталады. Келер жылы Бурабай ауданында Спорт сарайын салу жоспарда бар.
Бұдан әрі облыс басшысы әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, бір топ спортшылар мен жаттықтырушыларға түрлі деңгейдегі наградаларды табыс етті.
Жоғары марапатқа ие болғандардың арасында спорт ардагерлері Өмірзақ Қуатбеков, Лев Маар, жаттықтырушылар Андрей Шаляпин, Василий Чуйко, ардагер спорт журналисі Қалымбек Мұхамеджанов, ауыр атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Карина Құзғынбаева, пауэрлифтингтен төрт дүркін әлем чемпионы Сергей Цырюльников, осы спорт түрінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Давид Дигтярев сияқты танымал спортшылар мен олардың жаттықтырушылары, халықаралық деңгейдегі төрешілер бар.
Кездесуде спортшылар мен жаттықтырушылар да сөз алып, өңірде спорт түрлерінің дамуына қолдау білдіріп келе жатқан облыс әкіміне алғыстарын білдірді.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.