Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тарихымызбен табыстырды - АРҚА АЖАРЫ

Тарихымызбен табыстырды

Халқымыздың ұлы перзенттерінің бірі – Ілияс Есенберлин біздің Атбасарда дүниеге келгендігін, даңқты жерлесіміз екендігін біз әрдайым мақтаныш қыламыз. Артында сөз қалдырған және де өз халқының тарихын қаузап жазып, қазақ әдебиетін аса құнды, мәңгілік өлмес шығармалармен толықтырып, бай мұра қалдырған жазушының есімін асқақтату шаралары ел көлемінде жүріп жатқандығына қуанамыз.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Ілияс Есенберлиннің шығармашылығында атақты «Көшпенділер» трилогиясы негізгі орын алады, ол эпикалық құлаш-қарымымен, оқиғалардың серпінділігімен, қазақ тарихының жанды әрі қайталанбас тұлғаларының бейнесімен, тілінің шынайылығымен және айқындылығымен ерекшеленеді», – деп кемел жазушының қаламгерлік еңбегіне  жоғары баға беруі Есенберлин жұлдызын биіктете түседі.
Бүгінгі және келер ұрпақ ендігі арада Есенберлин есімін әрдайым қастерлеп, шығармаларын оқып, терең меңгеріп, өз халқымыздың рухани нәрінен сусындап отыруға міндетті.
Ілияс Есенберлин 1915 жылы Атбасар қаласында дүниеге келген. Болашақ жазушының балалық шағы қиындықпен өткені белгілі. Өйткені, оның балалық және бозбалалық шағы қазақ халқының  қайғылы да  қиын кезеңіне тап келді. Жиырмасыншы ғасырдың Қазан төңкерісі, одан кейінгі азамат соғысы, 20-30 жылдардағы аштық пен түрлі әлеуметтік сілкіністер Есенберлиндердің де  отбасын  аяған жоқ. Ілияс бес жасында жетім қалды. Анасының қазасынан кейін төрт бала, Ілиястың өзі және әпкесі Назым, інісі Раунақ және әкесінің ертеректеу қайтыс болып кеткен ағасының ұлы Ахметқали өгей әкеге қарап қалды. Жағдайлары қиын болды. Ашыққан да, жалаңаш қалған кездері де аз болмады.  Бірақ, кейін өгей әкесінің қолындағы бұл тұрмысына да зар болып қалады. Өгей әке үйленіп кетеді. Әпкесі тұрмысқа шығады. Раунақты туыс ағайындарының бірі асырап алады. Ал, тоғыз жасар Ілиясты балалар үйіне тапсырады. Бұл 1924 жылдың қаңтар айы еді.
Балалар үйінде жетім бала Ілияс қабілетінің жаңа қырлары ашылады. Ол қабырға газетіне өлеңдер жаза бастайды. Бұл оның әдеби шығармашылыққа жасаған алғашқы қадамы еді. Бойына біткен қабілетімен таныла білген Ілияс төртінші сыныпты аяқтағаннан кейін Қызылорда қаласындағы көрнекі тәжірибелі мемлекеттік қамтудағы мектепке оқуға жіберіледі. Содан кейін Қарсақпай қаласындағы аудандық атқару комитетінің жалпы бөлім меңгерушісі болып жұмысқа орналасады. Көп ұзамай  Алматының тау-кен институтының  даярлық курсына жолдама алады, оқуға түсіп, студент атанады. Талантты жас институтта өз ортасына тез танылады. Соның бір айғағындай, студент Ілияс Есенберлин 1937 жылы  Қазақ ССР-нің алғашқы Конституцияны қабылдаған І-ші төтенше съезінің делегаты болып сайланған болатын.  Кешегі Ұлы Отан соғысы басталған шақта Ілияс Есенберлин де, қолына қару алып, майдан даласынан табылды. 1942 жылдың қаңтарында Старая Русса маңындағы шайқаста капитан Есенберлин оң аяғынан ауыр жарақат алып, бір жылдай Костромадағы госпитальда жатып емделеді де, 1943 жылы мүгедек болып елге оралады.  
Ілияс Есенберлиннің шығармашылық жолына келер болсақ, ол әдебиеттегі өз қадамын ең әуелі өлең жазудан бастаған-ды. Ақындық қадамы сәтсіз де болған жоқ. Есенберлиннің қаламынан туған жырлар мен поэмалар өз құндылығын күні бүгінге дейін жоймағандығын да әдебиет танушылар айтып та, жазып та жүр. Қаламы төселген Есенберлин кейін ондаған фильмдерге  сценарийлер жазып, өзін драматургияда да сынап көреді. Қаламгердің «Таудағы шайқас» пьесасы көп жылдар бойы республикалық жасөспірімдер театрының сахнасында қойылып та жүрді. Бірақ, бұл  шығармашылық  үлкен жолға түсудің алғашқы баспалдақтары еді. Есенберлиннің мақсаты роман сынды кесек дүниелер жазу болатын. Алайда, 1950 жылы Ілияс Есенберлинге   жала жабылып, он жылға сотталып кете барды. Қарақұм каналын салудың ауыр жұмысына жіберілді. Ол бұл азаптан Сталин қайтыс болғаннан  соң, яғни, 1953 жылы ақталып барып, босатылады. Есенберлинді өмірдің қатал сынағы да, өзінің ауыр тағдыры да әуелден талантты жанның жазуға, әдебиетке деген құштарлығын өшіре алмады.
– «Көшпенділер» трилогиясын жазу 1945 жылдан бастап ойымда болды. 1960 жылы үш романды жазуға кірістім. Ұзақ дайындықтың себебі анық: тарихи материал автордан табандылық пен ұқыптылықты талап етеді»,– деген  Есенберлиннің  естелігінде айтылған осы жайдың өзі жазушының өлмес шығармаларын жазуға ұзақ ойланып, үлкен ізденіспен толғанып барып келгендігін аңдауға болады. Өзінің жасының келіп қалғандығына қарамастан, Есенберлин жыл сайын бір романнан жазып отырған көрінеді. Жазушының   алғашқы ірі романы «Хан Кене» 1969 жылы баспадан шығып, ол өз  оқырмандарының ойынан да, көкейінен де шықты. Бұл кітап қолға түспейтін құнды дүниеге, халқымыздың рухын көтерген шынайы асыл  мұраға айналды.
Қазақтың әргі-бергі тарихын әдеби шығармаға арқау етудің тың жолын тұңғыш рет Ілияс Есенберлин салды. Әрине, қазақ тарихын жазғысы келген қаламгерлер болды, бірақ, батылдықтары жетпеді. Өйткені,  тарихшы Ермұхан Бекмаханов «Қазақстандағы ХІХ ғасырдың 20-40 жылдары» атты тарихи зерттеу еңбегін жазып, Кенесары Қасымовтың Ресей патшалығына қарсы азаттық күресі туралы жазамын деп, 1952 жылы сотталып кетті. Түрмеге түскен, бастары талауға түскен бұдан да басқа қазақ тарихшылары мен жазушылары да аз болмады. Үрей билеген шақ еді. Көптеген жазушылардың мұндай тарихи тақырыпты қозғауға батылдары  жете де бермеді. Міне, соған қарамастан, Есенберлиннің «Хан Кене» деп айғайлатып роман жазуы сол кезде үлкен ерлік жасағандығы деп бағалануы керек.  Және де  Ілияс Есенберлин жай ғана батылдық көрсетіп қоймай, тарихи тақырыпқа ең алғаш сәтті қалам сілтеген жазушының бірі болды. Алайда,  Ілияс Есенберлиннің бұл еңбегі өз дәрежесінде бағаланбады, керісінше «Хан Кене» романы жарыққа шыққан соң жазушы қызғаныш пен көре алмаушылық, күндеушілікпен  қудалауға да түсті.
 Сол қудалаушылыққа  қарамастан, Ілияс Есенберлин 1971-1973 жылдары «Алмас қылыш», «Жанталас» атты  тағы да екі романын жарыққа шығарды.  Бұлар тарихи трилогияны құраған еді. Жазушы бұл романдарында қазақ даласының ХV-ші ғасырдан бастап, ХІХ-шы ғасырдың ортасына дейінгі қазақ халқының Жоңғар, Қытай, Хиуа, Бұхар хандықтарымен және Ресей империясымен күрделі қарым-қатынастары жайлы өз тарихына сусап отырған халқын дерегі мол кесек дүниелермен қуантты. Қаламгердің бұл шығармалары Есенберлиннің нағыз жазушылық қарым қабілеті мен шынайы талантын айқындап берді. Жазушының «Көлеңкеңмен қорғай жүр», «Алтын аттар оянады», «Маңғыстау майданы» мен «Өсиет», «Алыстағы аралдар», «Махаббат мейрамы» және «Аққу құстар қуанышы» романдары өз оқырмандарының сусынын қандыра білген, шынайы сүйіспеншілікке бөленген жарқын дүниелер болды. 1979-1983 жылдары  «Алтын Орда» трилогиясын жазады.  Бұл трилогия және «Алты басты Айдаһар» мен «Айдаһардың өлімі» романдары да Есенберлинге дейін қазақ әдебиетінде мүлде көтерілмеген мәселелерді қозғаған соны туындылар еді. Ал, енді «Алтын ат оянады», «Алтын құс» романдарының аттары айбындықты, әдемілікті, әсемдікті бейнелейді.
Есенберлин дүниетанымын жазушы мен тарихшының ғажайып қорытпасы деуге болар еді. Кешегі кеңестік дәуір кезінде тарихи ғылым идеологияланды, саясиландырылды және қатаң бақылауда болды. Тарихшыларымыз қазақ халқының аңыз әңгімелері мен  ертегілеріндегі,  ауыз әдебиетіндегі деректерді толық шамада  пайдалана алмады.  Ал, жазушы Есенберлиннің тарихи романдары сол кездегі Қазақстанның кәсіби тарихшыларының қолынан келе қоймаған жүкті арқалады. Қаламгер кеңестік идеологияның шектеп қойған шеңберінен асып, қазақ даласының өткен тарихи кезеңдері мен оқиғалардың және сол кездің тарихи тұлғаларының тұтас жылнамасын жазып берді. Дала көшпенділерінің  тұрмыс-тіршілігі  алғашқы қауымдастық дәуіріндегі тағылыққа сайып келгендігі де жасырын емес еді. Ілияс Есенберлин өз романдарымен  міне, осы  көзқарасты тұтасымен өзгерткен жазушы болды.  
– «Ақын, тау-кен инженері  Ілияс Есенберлин проза жазуды кештеу бастаса да, өзінің осы ғұмырында он жеті роман жазып үлгерді. Оның кітаптары әлемнің отыздан астам тіліне аударылып, жалпы саны тоғыз миллиондай тиражға жеткен. Әдеби сыншылардың болжауынша, Ілияс Есенберлиннің шығармалары қайта-қайта шығарылып, өзінің жағымды да, әсерлі күшін жоймады», – деп әдебиет зерттеушісі Ахмет Дүйсембаев айтқанындай,  жазушының  тарихи  романдарының  терең мағынасы және  идеясы осы күндері Елбасының  «Мәңгілік ел» ойымен ұштасып жатқандығын айтқан ләзім.
Өзінің төл тарихына сусындап отырған туған халқын сол төл тарихымен табыстырған ұлы жазушы Ілияс Есенберлин жүрек талмасы сырқатына қарамастан, Мәскеуге барып, өзінің «Алтын Орда» романына жабылған жаладан сол шығармасын қорғауға барған сапары кезінде 1983 жылдың 5-ші қазан айында қайтыс болды. Биыл, яғни, 2015 жылы аса талантты да дарынды жазушы Ілияс Есенберлиннің туғанына жүз жыл толып отыр. Осыған орай, Ілияс Есенберлиннің өзі туған Атбасар қаласының орталық алаңына жазушының ескерткішін тұрғызу туралы жыл басында мәселе көтеріп, халыққа сол жайында үндеу тастап едім, менің бұл бастамамды аудан әкімі А.Никишов және аудандық мәслихаттың депутаттары бірден қолдап кетті. Арнайы есеп-шот аштық. Жазушының ескерткішін жасатуға арналған бұл есеп-шотқа  ең бірінші болып аудандық мәслихат депутаттары алғашқы бір миллион теңге қаржы аударса, аудан әкімі де өзінің бір айлық жалақысын қосты. Ескерткішке қажетті қаржыны халық өз еріктерімен көтеріп әкетті. Осы орайда, ауданның білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, салаларының қызметкерлеріне, мекемелер мен ұжымдарға, сонымен қатар «Аждар и К» серіктестігіне, «Қамқор Локомотив» акционерлік қоғамына, жекелеген кәсіпкерлер мен азаматтарға, ауылдық округтердің әкімдіктеріне шексіз  алғысымызды білдіреміз.
Енді міне, заманымыздың заңғар жазушысы Ілияс Есенберлиннің ескерткіші оның өз туған қаласы Атбасардың орталық алаңына көрік беріп тұр. Жазушының музейі де мәнді де сәнді қалпымен сыр шертеді. Ел мен елдіктің символы Ілияс Есенберлинге деген өз жерлестерінің шынайы құрметі мен сүйіспеншіліктері мәңгі толастамайды.
Бағдат БОРҰМБАЕВ,
Атбасар аудандық мәслихатының хатшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар