2012 жылдың тамызында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 1998 жылдың 20 қаңтарында қабылданған «Қазақстан Республикасындағы кәсіби және басқа да мерекелер туралы» заңына өзгерістер енгізілді. Осы өзгерістерге орай, 30 қыркүйек əділет органдары қызметкерлерінің кəсіби мерекесі болып жарияланды.
Бүгінде әділет органдары қызметкерлері өздерінің кəсіби мерекелерін дәстүрлі түрде 30 қыркүйекте атап өтіп келеді. Жылпы, бұл күннің тарихы тереңнен, өткен ғасырдан бастау алады. 1919 жылдың 30 қыркүйегінде əскери-революциялық комитет қазақ даласын басқару мақсатында əділет бөлімін құрады. Кейінірек ол Əділет істері жөніндегі комиссариат болып қайта құрылады. 1946-1949 жылдары Қазақ КСР-нің атқарушы билігін қайта құру жұмыстары жүргізіліп, осыған орай республикалық Әділет министрлігі құрылғаны белгілі.
Қазіргі таңда құқықтық демократиялық зайырлы мемлекет құру жолына түскен тəуелсіз елімізді дамытуға əділет органдары қызметкерлері де өз үлестерін қосуда. Біз өз жұмысымызда Қазақстан Республикасының «Əділет органдары туралы» заңын басшылыққа аламыз. Қазіргі күні əділет органдары атқарушы билік органдарына жатады жəне өз құзыреті шеңберінде мемлекеттің құқықтық қызметін, мемлекеттік органдардың заңдық негіздегі жұмысын қамтамасыз ету, құқық қорғау саласында қызмет көрсететін азаматтар мен мекемелердің, ұйымдардың жұмыстарын ұйымдастырумен айналысады.
Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамаларын құру, зияткерлік меншік құқын қорғау, сот сараптамалық қызметін қамтамасыз ету, барлық деңгейдегі нормативтік-құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу, заңды тұлғаларды және олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеу, жылжымайтын мүлік меншігін тіркеу саласында әдістемелік көмек көрсету және бақылау сонымен қатар, атқарушылық құжаттарды орындау саласындағы қызметтерін мемлекеттік реттеу, құқықтық көмекті ұйымдастыру және заң көмегін ұсыну және тағы басқа бірқатар қызметтерді атқаратын əділет органдарының жұмысы сан салалы.
Ақмола облыстық əділет департаменті өзіне жүктелген осындай сан қырлы жұмыстарды өз құрамындағы құрылымдармен бірлесе отырып, атқарып келеді. Атап айтқанда, ауданаралық, әділет басқармалары, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің құрылымдары болып табылатын «РҚАО» Көкшетау филиалы, Ақмола облысы бойынша сот медициналық сараптау мекемесі, сот медициналық орталығы, облыстық адвокаттар алқасы, Ақмола облыстық нотариалдық және жеке сот орындаушылары мен заң консультанттары палаталары – бəрі де əділет органдарының құрамында қызмет етеді.
Сондай-ақ, Әділет органдары адвокаттардың, нотариустар мен жеке сот орындаушыларының және заң консультанттарының азаматтарға сапалы заң көмегі көрсетілуін жүзеге асыруды бақылауда ұстайды.
Сан салалы жəне көптеген құрылымдары бар əділет органдары өз қызметін заман талабына сай қайта құруға жете көңіл бөледі. Жыл өткен сайын электрондық қызмет көрсету ауқымы кеңейе түсуде. Бұның өзі қызметтің жеделдігі мен ашықтығын, қолжетімділігін қамтамасыз етіп, адам факторы арқылы жол берілетін жемқорлықтың алдын алуға үлкен ықпалын тигізеді. Электронды қызметтің арқасында қазіргі күні шалғай аудандардың тұрғындары бірқатар қызмет түрлерін интернет арқылы үйлерінде отырып-ақ ала алады.
Əділет органдарында көп жылдардан бері табан аудармай еңбек етіп жүрген əріптестеріміз көп. Осы салада ұзақ жылдар еңбек етіп, зейнет демалысына шыққан ардагерлерімізді қашанда мақтан тұтып, олармен байланысымызды үзбейміз.
Бүгінгі айтулы күнді пайдалана отырып, барлық əріптестерімді жəне ардагерлерімізді кəсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтап, дендеріне саулық, отбастарына береке-бақыт, ұзақ ғұмыр жəне ортақ Отанымыздың гүлденуі жолында еңбек ете берулеріне тілектестігімді білдіремін!
Ернар СЕЙДІМБЕК,
Ақмола облыстық әділет департаментінің басшысы