«Қымыздан дәмді ас бар ма?» деп ата-бабаларымыз бекерден-бекер айтпаса керек-ті. Желісінен құлын, кермесінен тұлпар, күбісінен қысы-жазы қымызын үзбей, ата кәсіпті жалғастырып жүрген жандарды көріп, ерекше тәнті болатының бар. Көкшетаудан қол созым жерде орналасқан Қызылтаң ауылы бүгінде облыс орталығының сауда орындары мен дәмханаларын балдәмді қымыз және саумалмен тұрақты қамтамасыз ететін елді мекеннің бірі. Ұлттық сусын коронавирустық инфекциямен күресуде бактерияға қарсы терапияның танымал өнімі ретінде де сұранысқа ие болып тұр қазір.
Қызылтаңнан қысы-жазы қымыз үзілмейді дегенді естіп, осы ауылға арнайы ат басын бұрған едік. Бізді ауылдың байырғы тұрғыны, педагогикалық еңбек ардагері Серік Құдайберген қарсы алды. Ол бізді елдегі айтулы кәсіпкерлер Қадыров және Жақашевтар отбасының мүшелерімен таныстырды. Олар өндіріп отырған қымыз Көкшетау қаласында ғана емес, Бурабай курорттық аймағының орталығы Щучинск қаласында және елордада, сондай-ақ, Ортақ ауылдық округінің өз ішінде сұранысқа ие екен.
Осыдан он жыл бұрын жергілікті тұрғын Бағдад Қадыров қымыз өндіретін жеке кәсіпті қолға алған. Бүгінде оның ісін әйелі Ботагөз бен ағасы Темірлан жалғастыруда, оларға сауыншы Алма Дүйсенова, табыншылар Қажымұрат Бердалин мен Арғынбек Шаяхметов көмектеседі. Аталмыш шаруашылықта ауылдың алты тұрғыны еңбек етуде. Фермада қазіргі уақытта 150 жылқы бар.
Сондай-ақ, бұл ауылда осындай кәсіппен айналысып жатқан тағы бір жас отбасы бар көрінеді. Олар да қымыз өндірумен айналысады. Жанашевтар отбасында төрт бала өсіп келеді. Үш ұл мен қызғалдақ қыздары Назым да ата-аналарына қолқабыс. Қазіргі таңда олардың меншігінде 20 жылқы мен сауын сиырлар бар.
– Осыдан бес жыл бұрын Көкшетау қаласынан ауылға оралып, фермерлікпен айналысуды ұйғардық, – дейді Қуаныш Мұратұлы. – Әйелім Розаның негізгі мамандығы медбике. Бірақ, қалада қанша тұрсақ та, аңсарымыз ауыл еді. Содан не де болса ауылға оралып, кәсіп ашсақ деген ойға келдік. Елге келіп, үй сатып алдық, жыл сайын шаруашылығымыз нығайып, мал басы, табысымыз өсті, бүгін біз бір кездегі ауылға қайтып келсек деген шешімімізге өкінбейміз. Ең бастысы жалқау болмау керек, еңбектен қашпағанның несібесі мол, – деп бастаған әңгімесін Қуаныш әрі қарай былай сабақтады
– Біздің ауыл қаланың жанында орналасқан, мектепте балаларға тәжірибелі педагогтар сабақ береді, бокс секциясынан тәлім алған балалар бүгінде елімізге танымал былғары қолғап шеберлері. Сонымен қатар, мектепте спорттың басқа да түрлеріне баулитын түрлі спорттық секциялар бар. Жалпы, бізде бәрі жақсы, өмірге өкпеміз жоқ. Кәсіп ашамын дегенге қолдау көп. Біздің өнімдеріміздің сапасына адамдар да риза, содан болар, Қызылтаңның қымызына қашанда сұраныс жоғары,– дейді ол.
Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.
Суреттерде: қымыз өндірумен айналысатын Жанашевтар отбасы; сауыншы Алма Дүйсенова.
Суреттерді түсірген автор.
Зеренді ауданы.