Халық арасында оның «Түзетушi хатшы», «Бейбiт уақыттың Жуковы» деген лақап аттары болды. Жуковты Сталин майданның ең қиын шептерiне жiберушi едi ғой. Сол секiлдi Еркiн Нұржанұлы Әуелбековтi де экономикасы баяулаған, шаруашылықтары шатқаяқтаған облыстарға жiберетiн. Барған жерiнде халықты ұйымдастырып, облыстың экономикасын көтерiп, шаруашылықтарын қалыпқа келтiретiн.
Қазiрге дейiн Еркiн ағаның қызмет iстеген облыстарында тұрмыстық жағдайларға байланысты iс-әрекеттерi ел есiнде. Мысалы, Арқалық қаласында сауда саласында шешен ұлтының өкiлдерi көбiрек жұмыс iстедi ғой. Дүкендерде сауда жасағанда тұтынушыларға қалған ақшасын қайтармаған шешендер болды. Тiптi, ақшасын сұрағандарға дөрекілiк көрсеткендерi де бар. Еркiн аға бiрде дүкенге барып, осындай дөрекiлiктi өз көзiмен көрiптi. Ертеңiне қалалық сауда бөлiмiнiң басшысын қызметiнен алып, халықпен жұмыс iстей алмайтын дөрекi сатушыларды жұмыстан босатқан. Сонда Еркiн аға: «Айналайындар-ай, ұлтшыл болыңдар демеймiн, ұлтжанды болыңдар! Өз елiңде өз iстерiңе егелiк етiңдер!» деген.
Еркiн аға Қызылордада жұмыс iстегенде қызметкерлерiне: «Ауданға, колхоз, совхоздарға iссапарға барғанда қайда тоқтайсыңдар?» деп сұрапты. Обком мүшелерi кiбiртiңкiреп: «Ауданға аттансақ аудан басшылары, ал егер ауылға барсақ ауыл басшылары шай дайындайды» дейді. «Шай ішкен соң ол қандай іссапар болады?» депті Еркін аға. Міне, содан кейін аудан орталықтарында қонақүй, дәмханалар салынды.
Еркін Әуелбеков 37 жасында Қазақ ССР Астық өнімдері және құрамажем өнеркәсібі министрі болды. Облыс хатшыларының, обком мүшелерінің қызмет көліктері кешкі сағат 18-ден кейін «дем алатын» болған. Еркін ағаның жұбайы Күлше жеңгейдің өзі әуежайдан үйіне таксимен келетін. Міне, тәртіп қандай еді?! Бір күні таңертең Еркін ағаның үйінің есігі қағылады. Есікті ашса, бір жігіт тұр. «Үйіңізге май, шұбат, қаймақ әкеліп едім» дейді әлгі жігіт. «Біз үйге қажетті заттарды дүкеннен сатып аламыз. Әкелгеніңді алған жеріңе апар» депті ағамыз. Шындығында, солай. Күлше жеңгей немесе Еркін ағаның өзі үйге қажетті заттарды дүкеннен алатын. Мұны халық жақсы біледі. Ол кісінің тағы бір қасиеті – баратын жеріне жар салмай-ақ, өзі үн-түнсіз бара беруші еді.
Бір күні Еркін аға шопыры екеуі Қызылорданың бір ауданына іссапарға шығыпты. Араға көп уақыт өтпей аттарынан екі мотоциклге мінген милиция қызметкерлері еріпті. Ол кісі оларды тоқтатып, кері қайтарған.
Ел ішінде тағы мынандай әңгіме бар: бірде көмекшісі екеуі іссапарға барады. Түскі асты дәмханада ішеді. Есептесерде көмекшісі ақша төлемек болып ыңғайланыпты. Сонда Еркін аға әлгі көмекшінің айлығын сұрапты. Әрине, оның айлығы хатшының айлығынан азырақ екені белгілі. «Ол ақшаға үйдегі балаларға тәтті аларсың» деп, өзі есептескен екен. Міне, ел білетін, елін сүйетін, елі оны сүйген Еркін аға Әуелбековтің азаматтық, қарапайымдылық һәм қайырымдылық істерінің пір парасы осындай.
Жалғасбай қажы БОСТАНҰЛЫ.
Астана қаласы.
(«Жас Алаш», 24 қазан 2014 жыл).