Целиноград аудандық әкімдігі Нұр-Сұлтан қаласының төрт бағытында орналасатын қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының жерін анықтады. Бұл нысандар Қабанбай батыр, Оразақ, Арайлы, Софиевка ауылдық округтері аумағында орналаспақшы.
Аталмыш ауданда қатты тұрмыстық қалдықтарды жинаумен және сұрыптаумен «Баян» жеке кәсіпорыны айналысады. Соңғы жылдары бұл аудандағы тұрғындар саны өсіп, қалдықтар да көбейгені белгілі. Мұндағы қоқыс полигоны Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің талаптарына жауап бермейді. Кәсіпорын 2016 жылы қайта өңдеуге жарамайтын қалдықтарды жағу үшін инсинератор орнатқан болатын. Қалдықтар камерада өте жоғары температурада жанып, күлге айналады. Мұржадан шыққан түтін қоршаған ортаға ешқандай зиян келтірмейді. Сондай-ақ, газды тазарту жүйесінің арқасында газдың түсі мен иісі жоқ.
Биылғы жылы екі полигонның техникалық-экономикалық негіздемесін дайындауға қаржы бөлінді. Аталмыш құжатты «Концерн АЙ-СУ» серіктестігі дайындайды. Полигондардың жерге орналастыру жобалары жасалып, жер учаскелеріне кадастрлық нөмір беріледі. «АРЭК» акционерлік қоғамынан техникалық шарттар алынған екен. Техникалық-экономикалық негіздеме сараптамаға жіберіліпті. Келесі жылы жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленеді. 2022 жылы екі полигон салынады. Бұл нысандардың Қазақстанда баламасы жоқ екенін атап өткен жөн. Мұнда қалдықтар сұрыпталып, биогенератор мен инсинераторда өңделеді. Жерге көму жұмысы жүргізілмейді.
Күләш РАҚЫМОВА,
Ақмола облыстық экология департаментінің бас маманы.