Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Қазақстан мен Ресей өңіраралық форумына дайындық аясында Көкшетау қаласы бойынша бірқатар нысандарды аралап көріп, атқарылып жатқан жұмыстарды пысықтады және тұрғындармен кездесіп, көпшіліктің ой-пікірлеріне құлақ түрді.
Облыс басшысы Ермек Маржықпаев қала орталығындағы қайта жаңғыртылған «Көкшетау» қонақ үйін, Осипенко көшесіндегі саябақты, теміржол вокзалы алаңын аралап көріп, «INMART» дүкені мен «Натур Продукт» серіктестігінің жұмысымен танысты. Абылайхан алаңында орналасқан «Көкшетау» қонақүйіне биыл жазда күрделі жөндеу жүргізіліп, сыртқы бейнесі заман талабына сай қайта жаңғыртылды. Күрделі жөндеуден кейін қала көркін аша түскен сәулетті ғимаратқа айналған қонақ үй 92 орындық, ғимаратқа жапсарласа салынған кең залы бар мейрамхана және бірінші қабатында жедел ас дайындайтын дәмхана жұмыс істейді. Қонақ үй директоры Көгершін Бексұлтанованың айтуынша, қазіргі күні күрделі жөндеу жұмыстарының 90 пайызы аяқталған.
Қаланың орталығындағы Осипенко көшесінің бойынан шырша ағаштары отырғызылып, орындықтар қойылып, тұрғындар мен қонақтар демалатын шағын саябақ жасалды. Осы жұмыстарға 58,7 миллион теңге қаржы бөлінген. Мамыр айында басталған жұмыс қазан айында толық аяқталды. Осы арада облыс әкімі сол маңайда тұратын бір топ тұрғындармен кездесті. Бос уақыттарында дем алатын саябақ салынғанына қуанған тұрғындар облыс басшысына ақ тілек алғыстарын айтты.
– Қаламызда соңғы жылдарда аулаларды абаттандыру, балалар ойнайтын алаңдар, жұртшылық дем алатын саябақтар салу бағытында біраз шаруалар атқарылды. Бұның бәрі тұрғындар үшін жасалып жатқан шаруалар және алдағы уақытта да бұл жұмыстар жалғасатын болады, – деді облыс әкімі.
Қала қақпасы саналатын теміржол вокзалына да жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, биылғы жылы 45 миллион теңгенің жұмыстары игерілді. Бұл жұмыстарды «Кеимер-Интер» серіктестігі өз қаржысы есебінен жүргізгендігін атап өткен артық болмас. Облыс әкімі қазіргі жұқпалы дерттің белең алуына байланысты туындап отырған күрделі жағдайға байланысты вокзалда карантин режимінің сақталуына жете назар аудару қажеттігін ескертті. Облыс басшысы сондай-ақ, сыртына жөндеу жүргізілген автовокзалды көрді. Сонау кеңес заманынан бері жөндеу көрмеген автовокзалдың сыртқы кейпі заман талабына сай жөнделгенімен, іші әлі бұрынғы қалпында. Осы орайда, облыс басшысы алдағы уақытта сапаржайдың ішіне де жөндеу жұмыстары жүргізілетінін атап өтті.
«Натур-Продукт» серіктестігі қағаз қораптар мен сусын шығарады. Қазір сағатына 6 мың құты сусын шығаратын желі құрылғысы жұмыс істеп тұр. Серіктестік айына 200 мың шаршы метр қораптар шығарады. Жаңадан іске қосылған кәсіпорын бірден жұмысқа кірісіп, толық қуатында жұмыс істеуде.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.