Құрметті ауыл шаруашылығы еңбеккерлері және ауыл шаруашылығы саласының ардагерлері!
Сіздерді кәсіби төл мерекелеріңіз – Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің күнімен құттықтаймын!
Аграрлық сектор – бұл бүгінгі күнгі еліміздің экономикасының жетекші салаларының бірі. Сіздер тәуелсіз еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосып отырған үлестеріңіз үшін мақтануға лайықтысыздар.
Диқандарымыздың, малшыларымыз бен өңдеуші кәсіпорын, агроөнеркәсіп кешені қызметкерлерінің еселі еңбектерінің арқасында Ақмола облысы жыл сайын дамудың биік көрсеткіштеріне қол жеткізіп келеді.
Мұндай биік нәтижеге туған жерге, өз ісіне деген сүйіспеншіліксіз қол жеткізудің мүмкін еместігі анық.
Биылғы жылғы жұқпалы дерттің белең алуына және ауа райының қолайсыздығына байланысты қалыптасқан күрделі жағдайларға қарамастан, біздің аграршыларымыз өздерінің міндеттерін ойдағыдай орындап қана қоймай, саланың болашақ дамуына қажетті берік негізді де қалыптастыра алды. Биылғы жылы диқандарымыздың жинап алған 5,2 миллион тонна астығы облысымыз бен Елорданы нан өнімдерімен қамтамасыз етіп қана қоймай, астықты экспортқа шығаруға да мүмкіндік береді.
Қазіргі күні облысымызда ет және сүт бағытындағы әлемдегі үздік мал тұқымдарын өсіруге мүмкіндік беретін 24 мамандандырылған ұрықтандырғыш-шаруашылықтар жұмыс істейді. Біз еліміз бойынша мал бордақылау әлеуеті жағынан алдыңғы орындардың біріндеміз. Өңірімізде бір мезгілде 37 мың бас ірі қара ұстайтын 8 ірі мал бордақылау алаңы бар.
Нұр-Сұлтан қаласына азық-түлік өнімдерін жеткізу көрсеткіші соңғы бес жылдың ішінде екі есеге көбейді. Қазір астаналықтардың ұнға деген қажеттілігінің 100 пайызын, жұмыртқа мен картопқа деген сұранысының 33 пайызын, ет және сүт өнімдеріне деген мұқтаждықтарының 34 пайызын қамтамасыз етіп отырмыз.
Қадірлі агроөнеркәсіп кешені қызметкерлері!
Сіздердің еңбектеріңіздің нәтижесінде еліміздің аграрлық секторы одан әрі нығайып, табысты бола түседі, ауылдарымыз көркейіп, өсе түседі деп сенемін. Бүгінгі күні сіздердің жасампаз, адал еңбектеріңізге үлкен алғысымды білдіремін.
Дендеріңізге саулық, еңбектеріңізге жеміс, мол табыс тілей отырып, тәуелсіз елімізді дамыту жолында алда да жаңа биіктерге қол жеткізе беретіндеріңізге сенім мол.
Ермек МАРЖЫҚПАЕВ,
Ақмола облысының әкімі.