Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Абылай ханның қара жолы - АРҚА АЖАРЫ

Абылай ханның қара жолы

Тұңғыш Президентіміз, Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» стратегиялық бағарламасын жүзеге асыру мақсатында Қазақстанда тұңғыш құрылған «Абылай ханның қара жолы» экспедициясы өз жұмысын абыроймен орындап шықты. Құрамында республикаға белгілі географ, топограф, биолог, археолог, тарихшы, журналистер бар экспедиция мүшелері он күнде 4 мың шақырымнан артық жол жүріп республикамыздың Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл сияқты алты облысында, Петропавл, Нұр-Сұлтан, Ұлытау, Сәтбаев, Жезқазған, Қызылорда, Түркістан, Шымкент қалаларында болды.

Қара жолдың бойындағы елді мекендер мен қалаларға соғып, көнекөз қариялар мен мектеп оқушылары, тарихшылар мен студент жастар, БАҚ өкілдері мен жоғары оқу орындарының ғалымдары және археологтармен 40-тан астам кездесулер өткізді. Оған белсенді түрде төрт мың адам қатысып, зор қызығушылық танытты. Әкімдіктер мен музейлерге және оқу орындарына Мәлік Ғабдуллинің 11 томдығы, Баянғали Әлімжановтың «Абылай и его Батыры», Қ.Әбуевтің «Абылай Хан», «Ақмола –
жер жәннаты» кітаптарымен қатар сыйлық-кәделер таратылды. Облыс басшыларының қолдауымен сапарға аттанған экспедиция жайлы республикалық «Хабар», «Қазақстан», «Қазақстан-24», «КТК» телеарналары мен облыстық «Көкше», Қызылорда, Түркістан, Шымкент телеарналары 2 минуттан 20 минутқа дейін 20 бейнесюжет әзірлеп,
30 000 оқырманы бар бірнеше блогер үзбей эфирге шығарып тұрса, республикалық «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Общественная позиция», облыстық «Арқа ажары», «Акмолинская правда», қалалық «Көкшетау» газеттері 30-ға жуық көлемді материалдар жариялады. Тәуелсіз «Бұқпа» газеті «Абылай ханның қара жолын білесіз бе?» деген циклді бірнеше ай бойы үзбей жүргізіп тұрды. Осылай «Абылай ханның қара жолы» экспедициясы туралы бүкіл Қазақстан халқы хабардар болды.
Экспедицияның жұмыс қорытындысы бойынша облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова БАҚ өкілдерінің қатысуымен баспасөз конференциясын өткізді.
Ғалымдардың еңбектеріне, жергілікті халықтың айтқан аңыздары мен деректеріне сүйене отырып, тарихи маңызы зор зерттеулерді түйіндеп «Абылай ханның қара жолы» кітабын шығарып, бейнефильм түсірдік. Фильмнің бір данасын Түркиядағы Анкара университетінің профессоры Mereyim Hakim Түркияға алып кетті. Абылай ханның қара жолы бойындағы қалалар мен елді мекендердің аттары қағаз бетіне жазылып, картасы, қасиетті орындар мен мавзолейлер және кесенелердің тізімі жасалып, суреттері түсірілді.
«Абылай ханның қара жолы» кітабына Нұрсұлтан Назарбаевтың «Абылай аңсаған азаттық», Шоқан Уәлихановтың «Абылай дәуірі қазақтардың ерлігі мен серілігінің дәуірі», Манаш Қозыбаевтың «Қазақтың даңқын асырған», Ақселеу Сейдімбектің «Абылай ханның күйлері», Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Мемлекет тарихы институтының, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті, Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық Қазақ-түрік, Ресейдің Оңтүстік-Орал, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеттері ғалымдарының (4 академик, 11 ғылым докторы, 14 ғылым кандидаты), «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының, «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейінің, Қ.Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік мұражайының, Ақмола тарихи-өлкетану музейінің, Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік архивінің ғылыми қызметкерлері мен археологтар, этнографтар, халық мұраларын зерттеушілер, әдебиеттанушылар, журналшылар және өлкетанушылардың ұлы даланың ұлы ханы Абылайдың өмірі мен көрегендігі, ұлы даланың ұлы билерінің кемеңгерлігі мен қазақ батырларының елді, жерді қорғау мен сақтап қалудағы ерен ерліктері жайлы елді елең еткізер зерттеулері мен ғылыми еңбектері шоғырланды.
Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Бүркітбай Аяған кітап жайлы: «Қазақ елі Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен бері іздері өшуге айналған тарихымыздың көмбесі қайта ақтарылып, еліне үлкен қуаныш болып оралуда. Солардың бірі – «Абылай ханның қара жолы» кітабы деп білеміз. Ең бастысы, бұл тарихи экспедиция Қазақстан Республикасының Тұңғыш Презденті Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағарламасына енгізілген ең бір маңызды, аса ауқымды шаралар бойынша қолға алынған бір көрнекті нәтижелі іс ретінде қалың жұртқа танымал болды. Экспедиция жұмыстарының нәтижесінде ғылыми жинақ құрастырылып, онда Абылай хандай асқақ билеушіміздің өнегелі істеріне, Алаш жұртына байланысты зерттеулер топтастырылды. Бұл кітап Мемлекет тарихының алтын парағы» деп атап көрсетті.
«Абылай ханның қара жолы» кітабын оқыған Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы М.Алпысбес: «Монография построена на хронологическом и историко-ланшафном принципе изложения материала. Богато иллюстрирована и отражает различные историко-культурные аспекты данного исторического периода. Авторами квалифицированно описывается историко-культурный ланшафт по всем участкам на протяжании пути экспедиции по следам Абылай хана, использованы редкие встречаемые первоисточники, извлеченные из томов «Туркестанского сборника», данные архивных фондов, отражающих эпоху хана Абылая. Слово «Қара» используется в значении «памятная», «сакральная» деп жазды .
Бұл жинаққа пікір жазған Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Ж.О.Артықбаев «Менің ойымша қазақ тарихын қалпына келтірудің, сонымен қатар қазақтың жасампаз және жауынгер рухын оятудың бір жолы осы күнге дейін тасада қалып келе жатқан ұлы тұлғалардың өмірін жаңғырту және қазақ шежіресінің деректеріне көбірек көңіл бөлу, тарихи жәдігерліктер орналасқан, ұлы тұлғалардың ізі қалған қасиетті жерлерге экспедициялар ұйымдастыру. Оқырманға ұсынылып отырған «Абылай ханның қара жолы» атты жинақ жоғарыда айтылған мақсат үдесінен шығады деп есептейміз» деп баға берді.
Экспедиция барысында кездескен тың деректер туралы айтсақ, біріншіден, Абылай ханның қайтыс болған жері белгілі болды. Хан қорған жөнінде Өзбекәлі Жәнібеков «…Шымкенттен жиырма шақырымдай жерде Абылай ханның ставкасы – Хан қорған тұр. Абылай ханның немересі Сыздық сұлтан орыс генералдары арқылы Бұхара әмірінен бала-шағасын алдырып, өмірінің соңына дейін осы қорғанда тұрды…» деп жазады. Енді – Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының жазбасына жүгінейік: « …Сонан соң Абылай сол Арыстың бойындағы бір қорғанға түсіп, алпыс сегіз жасында, жұма күні дүниеден қайтып, сол жер осы күнде «Хан қорғаны» атаныпты.
Жезқазғаннан Қызылордаға шығатын қара жолдың бойында орыс тарихшылары В.Левшин мен В.Смирновтың «Туркестанский сборникте» жазылған және тарих ғылымдарының докторы Қ.Әбуевтің еңбектерінде кездесетін екі пирамида бар. Олардың биіктігі 10 метр диаметрі 100 метр. Бұлар сақ патшаларының қорғандары екені анықталды. Бірақ, оларға осы уақытқа дейін зерттеу жұмыстары жүргізілмеген, бастапқы қалпында сақталған дейді ғалымдар. Одан басқа да құнды деректер кітапта мол келтірілген.
Мұрат қажы Ыдырысұлы,
«Абылай ханның қара жолы» экспедициясының жетекшісі, қоғам қайраткері.

Суретте: экспедицияның Бурабайдағы Абылай хан алаңынан сапарға шыққан сәті.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар