Ғылым саласында іргелі ізденістерге барып, Қазақстанның солтүстік өңірінде физика-математика ғылымдарының докторы атанған алғашқы қазақ қызы, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің мақтанышы, профессор Шахарзат Құттықожаева туралы бүгінде бір ғасырдан астам тарихы бар, уақыт көшімен бірге жасап келе жетқан «Арқа ажары» газетінде әңгіме өрбітуді жөн көрдік.
Физика-математика ғылымы кез-келген адам үшін оңай шағылатын жаңғақ емес. Ғылымның басқа салаларында ой еркіндігіне, өзіндік пікірге жол берілсе, физика-математика тек теорема, цифрдың толып жатқан жүйесімен ғана дәлелденіп отыратыны белгілі.
Иә, осы тұста әлемдік ғылымда есімдері алтын әріптермен жазылып, тарих қойнауына енген С.Ковалевская, М.Кюри, Э.Неттердің есімдерін айтпасқа болмас. Мәселен, София Ковалевская қатты заттың айналуы жөніндегі күрделі мәселені шешіп қана қоймай, сол үшін Париж және Швед ғылым академияларының сыйлықтарын иеленген орыстың атақты математигі болса, М.Кюри Нобель сыйлығының екі мәрте иегері, Ал, Э.Неттер осы саладағы маңызды теореманың авторы екен.
Міне, математика биігін бағындырып жүрген біздің жерлесіміз, ізденімпаз да еңбекқор жан Шахарзат Нұртайқызы 1983 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің математика факультетін тәмамдаған соң, жас маман ретінде жолдамамен Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетіне жұмысқа орналасады. Сол, алғаш еңбек жолын бастағаннан бері 40 жылға жуық уақыт бойы тәжірибелі маман ретінде абыройлы еңбек етіп келеді. Осы жылдар ішінде ол қатардағы оқытушыдан физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, педагогикалық, ғылыми және әкімшілік қызметті үйлестіре отырып, Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының академигіне дейін өсті.
2006 жылдың желтоқсанында Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің жанындағы диссертациялық кеңесте «Математикалық физика және гидродинамика мәселелеріне арналған ойдан шығарылған тапсырмалар әдісі» атты зерттеу тақырыбы бойынша физика-математика ғылымдарының докторы дәрежесінде диссертация қорғаған.
2007 жылдың мамыр айында Ш.Құттықожаеваға «математика» мамандығы бойынша профессор ғылыми атағы беріледі. Ал, 2012 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының академигі атанады. Қажырлы еңбегі мен білімнің арқасында ғылымның биік белестерін бағындыра білген ол жоғары білім беру саласындағы жаңашылдық жұмыстары үшін Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының күміс, алтын төсбелгілерімен және Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің 50 жылдығына орай «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталған.
Ш.Құттықожаева Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жанындағы диссертациялық кеңестің мүшесі, «Математикалық модельдеу, сандық әдістер және бағдарламалық кешендер» мамандығын жете игерген білікті маман. Бүгінде ол математика және информатика бойынша жоғары оқу орындары арасындағы он екінші конференцияның ұйымдастыру комитетінің де мүшесі. Оның ғылыми қызметі – ғылыми және ғылыми-әдістемелік екі бағытты қамтиды. Жалпы, жұмысының негізгі ғылыми бағыты математикалық физика мен гидродинамикадағы бірқатар мәселелерді зерттеуге арналған. Ол жақын және алыс шетелдердің әсіресе, Біріккен Араб Әмірліктері, Франция, Шри-Ланка, Египет, Түркия, Болгария, Қытай, Қырғызстан, Ресейде өткен халықаралық ғылыми конференциялардың тұрақты қатысушысы. Оның жетістіктері мұнымен таусылмайды, ол өзінің ғылымға деген шексіз сүйіспеншілігінің арқасында «Университеттің үздік оқытушысы-2008» грантының, 2011 жылғы «Ғылымның дамуы-
на қосқан үлесі үшін» стипендиясының иегері.
Сондай-ақ, ол Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясының академигі. Ғылымды дамытудағы қызметі үшін» төсбелгісімен марапатталған. Оның маңызды ғылыми жобаларының бірі – 2012 жылы «Сығылмайтын сұйықтық динамикасының математикалық мәселелері және гидродинамикалық есептердің сандық шешімінің тиімді алгоритмдерін зерттеу» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыруына ие болған. Ал, 2012 жылы «Проблемалық-модульдік оқыту жағдайында студенттердің оқу-зерттеу қызметін қалыптастыру мен дамытудың әдістемелік жүйесі» атты жобасымен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыру жобасына да қатысқан.
Ш.Құттықожаева – кәсіби білікті маман. Ол өте жоғары ғылыми-әдістемелік деңгейде математикалық физика мен гидродинамиканың бірқатар мәселелеріне, әртүрлі жалпы және арнайы курстарға арналған бағыттар әдісі бойынша дәріс оқиды. Оның басшылығымен студенттер Қазақстанның номиналды дәрежелерінің иегерлері атанып, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Оқудағы үздік үлгерімі, қоғамдық және мәдени іс-шараларға белсенді қатысқаны үшін» дипломына ие болған. Оған қоса, диплом, магистратура, PhD докторлық жұмыстарының ғылыми жетекшісі болып табылады. Жастарды ғылыми-зерттеу жұмыстарына белсене қатыстырады. Әр жылдары көптеген шәкірттері, магистранттар, докторанттар, оның жетекшілігімен республикалық және аймақтық ғылыми жарыстарда жүлделі орындарға ие болуда. Мысалы, математика мамандығының докторанты Айбек Өміртай 2019 жылы Ресейдің Тольятти қаласында өткен «Менің докторлық жұмысым» атты ғылыми-зерттеу жұмыстары байқауында екінші орын алған.
Шахарзат Нұртайқызы Қазақстан Респуб-
ликасы Білім және ғылым министрлігінің республикалық оқу-әдістемелік кеңесі ұсынған бірқатар оқулықтардың авторы. Нақтырақ айтсақ, 300-ден астам ғылыми жарияланымдардың, 3 монографияның, 10-нан астам оқулықтардың, 32 мақаланың және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі ұсынған бірқатар оқу құралдарының, Scopus халықаралық сілтемелер базасындағы h-index бойынша үш мақаланың, Хирш индексіндегі екі мақаланың авторы. Оның жетекшілігімен 30-дан астам магистрлық жұмыстар қорғалды. Ш.Құттықожаева 4 PhD докторантының ғылыми жетекшісі. Университеттің оқу және ғылыми қызметінің белсенді қатысушысы. Осынау ғылыми ортада танымал ғалым шетелдердің, Қазақстанның көрнекті ғалымдармен әрдайым байланыста.
2014 жылдан бастап Қазақстанда «Серпін-2050» мемлекеттік бағдарламасы бойынша Шахарзат Нұртайқызының бас-
тауымен елімізде алғаш рет ұйымдасқан топ Оңтүстік Қазақстан облысына барып, мектеп, колледж түлектерімен үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу нәтижесінде университетке аталған бағдарлама бойынша 400 студенттің оқуға түсуіне игі септігін тигізді. Ол өзінің еңбекқорлығымен, білім берудің заманауи стандарттарының талаптарына сәйкес келетін сарқылмас білімімен ұзақ жылдар бойы математика және оқыту әдістемесінің кафедрасын басқарды. Ғылымға деген сүйіспеншілігі мен кәсіби шеберлігінің арқасында әріптестері алдында лайықты құрметке ие. Онымен бірге оқыған сыныптас, курстастары еліміздің түкпір-түкпірінде жүрсе де араларындағы қарым-қатынас беки түскен. Ол өзінің осы бүгінгі биік белестерді бағындыруын ата-анасының берген тәрбиесімен, бағыт-бағдарымен байланыстырады. Сондай-ақ, осындай айтулы ғылым докторының өмірінде өзін әрқашан қолдап жүретін бауырларының орны қашанда бөлек.
Бүгінгі біздің кейіпкеріміздің бойынан білімге деген құштарлық пен ғылым саласының майталманына тән зор мақсат, үлкен қажырлылық, көздеген бағытына жету жолындағы күрес айқын байқалады. Ол математика ғылымында есімі әлемге әйгілі, ірі ғалым Шалтай Смағұловтың мектебінен өткен. Ал, ғылыми кеңесшісі еліміздің ғылым саласында өзіндік орны бар, көрнекті мемлекет, қоғам қайраткері, техника ғылымдарының докторы, академик Бақытжан Жұмағұлов. Осыдан-ақ, ғылым саласында іргелі ізденістерге барып жүрген Шахарзат Нұртайқызымен орынды мақтана аламыз. Өйткені, ол еңбек еткен оқу ордасы – Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде ғылым докторына арналып ғылыми-зерттеу зертханасы ашылып, сол жерден ғылымда сара жолға түскен Шахарзат өзінің лайықты ізбасарларын даярлауда.
Қандай сәйкестік десеңізші, өзі де 1978 жылы Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектепті алтын медальға бітіріп, жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін, бүгінде ректор Марат Сырлыбаев басшылық ететін Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде еңбек етіп, өңіріміздің мақтанышына айналуда.
Бүгінгі ғалым Шахарзат туралы пікірлерде сан жоқ. Соның бірі, осы аталмыш университетінің физика-математика факультетінің деканы болған, зейнеткер аға Қадырхан Мұсабаев:
– Шахарзатты ҚазГУ-дің математика факультетін бітіріп, Көкшетау педагогикалық институтына жас маман ретінде жұмысқа келген алғашқы сәтінен білемін. Осы уақыт ішінде біздің жоғары оқу орнының атауы да, мазмұны да қалай өзгеріске ұшыраса, біздің Шахарзат тәжірибелі педогог, үнемі ізденіс жолындағы ғалым ретінде өз әлеуетін нығайта берді. Математика әлеміндегі жұлдыздармен салыстыра келгенде, біздің Шахарзат «Кең даланың Ковалевскаясы» деген бағаға лайық» дейді. Сондай-ақ, осы университеттің химия және биотехнология кафедрасының профессоры Айна Хамитованың пікірі де осыған саяды.
Шахарзаттың жан жары Бақыт Оспанов та Көкше елінің белді азаматы, «БТА» банктің білікті басшысы ретінде жақсы танымал. Балалары Ғабиден, Еркін, Назгүл ата-аналарының көз қуаныштары. Үлкен ұлдары Ғабиден экономика ғылымдарының кандидаты, «Caspi BITUM» комбинаты бас директорының орынбасары. Еркін әкесінің жолын қуып банк саласында қызмет атқарып, докторантурада ғылыми білімін жетілдіруде. Назгүл «Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері» университетін бітіріп, өз мамандығы бойынша қызмет етуде. Бүгінде білімді де берекелі отбасы иелері бес немеренің сүйікті ата-әжесі.
Иә, Шахарзат Нұртайқызы ғылымның биік шыңын меңгергеніне қарамастан, қарапайым, ақылына көркі сай, өмірде тоқығаны мол, терең ойлы, қамқор да аяулы ана, сүйікті әже, асыл жар, жаны нәзік ерен тұлға. Оның білім саласында сіңірген еңбегі ұшан-теңіз, ғылыми жаңалықтарды енгізуде жастарға ұлғатты ұстаз.
Міне, құрметті оқырман, бүгінгі біздің кейіпкеріміз Шахарзат Нұртайқызы 60 жастың белесіне абыроймен көтеріліп, қай қырынан алсақ та жан-жақты толысқан жан жары Бақыт Оспанов екеуі ынтымағы мен бірлігі жарасқан өнегелі отбасына айналған. Екеуі де қазіргі талапшыл, ұшқыр уақытпен бірге қадам басып, бар күш-жігерлерін, ғылыми және азаматтық ізденістерін тәуелсіз еліміздің игілігіне арнауда.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерде: физика-математика ғылымдарының докторы, профессор
Шахарзат Құттықожаева; әріптестерімен бірге.