Күләш Ахметова,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Біз ертерек көрейік Еркін Елді,
Еркіндіктің аулына жол тірелді.
Қабілеті адамның — шексіз,жұртым,
Өзіңдікін өзің ал, жең түр енді.
Байтақ елің бірлікке талпынса әман,
Жеңістерге жетер-ау шарқың, шамаң.
Бастан биік ұлт туын ұстау үшін,
Қайсар жүрек тілеймін, халқым, саған
Орындалып ақыры шықты ойдағы,
Алыс жолда көтерген жүк — пайдалы.
Біздің күрес біткен жоқ бүгінгімен,
Біздің күрес біткен жоқ, бітпейді әлі!
Жоғалтқанын табады дала қайдан?
«Елім-ай» деп егіліп, аралайды ән.
Қаһарман ел, басыңды жоғары ұста,
Жолы қашық, бұл шеру жаңа майдан.
Мен Алладан сұраймын мінәжат қып,
Заман бізге жасамай, сірә, жаттық,
Бұл далама, ұлтыма, ұрпағыма
Шын мәнінде келгей деп шын Азаттық
Аруақтар да қалмағай мақұл көрмей,
Жер-Ананың тәніне зақым келмей.
Ұлы үлестен ұлы күш ұрпағыма
Ұлы еншісін алатын ақыл бергей!
Мейлі бізге қиын жол қисын азап,
Тербегенде табиғат — күйші ғажап,
Адамзаттың баратын дәуіріне
Аман-есен барса екен иісі қазақ!