Ерейментау ауданында қуаты 30 МВт жел электр станциясы іске қосылды. Бұл жел қондырғысының құрылысын «Golden Energy Corp» серіктестігі жүзеге асырып отыр. Жел электр станциясы Тайбай ауылдық округінде орналасқан. Жоба желдің әлеуетін игеруге, органикалық отынды үнемдеуге және өңірдегі парниктік газдар шығарындыларын азайтуға бағытталған.
– Нысанның биіктігі 115 метр, ол қалақтары бар 18 мачт-турбинадан тұрады. Бұл – қуаты 2 МВт-қа дейінгі нарықтағы ең жақсы турбина және жылжымалы ауданы бойынша әмбебап жел қондырғысы. Жоғары және орташа жел дәліздерінде өнімділікті қамтамасыз етуге арналған. Бүкіл әлем бойынша 2000-нан астам осындай турбиналар орнатылып, өздерін жақсы жағынан көрсетіп отыр, – дейді кәсіпорын директоры Анна Омашева.
Жобаның құны 5,6 миллиард теңгені құрайды. Жел электр станциясының құрылысы кезінде 30 адам жұмыспен қамтылды. Бұдан бөлек, Ерейментау қаласының маңында қуаты 50 МВт болатын тағы бір «Ereimentau Wind Power» жел электр станциясының құрылысы басталды. Бұл жоба бойынша қуаттылығы 4,8 МВт болатын 11 жел турбинасының құрылысы қарастырылған. Жел қондырғысының құны 26,6 миллиард теңгені құрайды. Оны 2021 жылдың төртінші тоқсанында іске қосу жоспарланған.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Ерейментау ауданы.