Азаматтық ерліктің үлгісіндей

Азаматтық ерліктің үлгісіндей

Өз мамандығын жанындай сүйетін мүмкіндігі шектеулі жандар өз отбасы мен қоғамға пайдасын тигізсе, үлкен құрметке ие болатыны белгілі. Мәселен, осындай жандардың бірі – «Ермек» жеке кәсіпорнының басшысы Анатолий Деревенченко сувенирлік өнім дайындау бойынша өз ісін ашты.

Кезінде ол Степногорск қаласындағы ауыл шаруашылығы кәсіптік-техникалық училищесін токарь мамандығы бойынша тәмамдады. Үшарал шекаралық отрядында Отан алдындағы борышын өтеді. Үйіне оралған соң темір жолда дабыл қағушы болып жұмыс істеді. Салалық жоғары оқу орнына түсуді армандады. Бірақ, 1997 жылдың маусымында станцияда өрт болып, оны сөндіруге бүтін округ шақырылды. Өртті сөндіруге Анатолий да асықты. Жолда апатқа ұшырап, омыртқасынан зақым алды. Сөйтіп, ол мүгедектер арбасына таңылды. Ата-аналары Қазақстан мен Ресейдегі белгілі невропотолог мамандарға көрсетті. Ота жасалды, бірақ нәтиже болмады.

–Мен әке-шешеме қарыздармын. Олардың қамқорлығы мен қолдауының арқасында үмітім үзілмеді. Маған қол ұшын созған мемлекеттік органдарға айтар алғысым шексіз,–дейді кәсіпкер бізбен әңгімесінде. Компьютер Анатолийдің сенімді көмекшісіне айналды. Оның бағдарламасынан көп нәрсе жасауды үйренді. Бұдан екі жыл бұрын бастаушы кәсіпкерлердің курсынан өтті. Кәсіптік педагогикалық білімі мол оқытушы Азамат Маналин өз оқушысының жаңа қабілеттілігін ашуға көмектесті. Анатолий Деревенченко өзінің алғашқы 250 мың теңге грантын ұтып алып, оған плоттер мен принтер сатып алды. Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Гауһар Серғалиева мен кәсіпкер Бауыржан Тасболатовтың ықпалымен Анатолий үйінің қасына пандусы бар контейнер орнатылып, кіре беріс есігі жөнге келтірілді. Алғашқы өнімнің қатарында аншлак пен мекенжайлық тақтайшалар болды. Бірнеше ай өткен соң мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істей бастады.

–Мен дизайнмен айналысып, компьютерде макет жасаймын. Әкем Василий Иванович станокта жұмыс істейді. Зейнеткерлікке дейін ол Ерейментау станциясының кезекшісі болып еңбек етті. Енді материал өңдеу, құрастыру мен бояудың шебері. Анам Вера Васильевна да шеберханаға келіп тұрады. Өзіне сенген Анатолий 2019 жылдың күзінде екінші мемлекеттік грантты ұтып алды. Бұл жолы оның мөлшері үш миллион теңге болды. Бизнес жоспарын құру кезінде өзіне көмектескен өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілдеріне алғысын айтады. Қаржы лазерлік гравирлік станок, өзге қондырғылар мен тетіктер сатып алуға жұмсалыпты. Ұйымдар мен жеке меншіктен киіз үй, сазгерлік аспаптар, шкатулкалар мен өзге де ұлттық оюы бар сувенирлік өнімдерге көтерме тапсырыстар түсуде. Мұнда қолдан жасалған тауар түрлері жетерлік. Оларға мереке қарсаңында сұраныс көбейді. Туристік фирмалар мен курорттық аймақтың сауда орындарынан тұрақты тапсырыс түсуде.

Дегенмен, коронавирус пандемиясы жұмысқа қолбайлау жасауда. Деревенченконың цехы қазір жұмысын жандандыра түскен. Өзі өндірісті ұлғайтып, өнім түрлерін көбейтуді ойлайды. Анатолий көптен бері 3D модельдеумен де айналысады. Қанат Мақашев басқаратын мүгедектердің «Үміт» аудандық қоғамымен бірлесе жұмыс істейді. Солармен бірлесе отырып, өз достарын жұмысқа орналастыру үшін серіктестік ашпақ ойы бар. Аудан әкімі осы мақсатта ғимарат бөліп бермекші. Электроншы және тұрмыстық техниканы жөндеу шебері Сергей Волковтың, жарнамашы Сергей Миронов пен Астрахан қаласында тұратын инженер-конструктор Геннадий Ильюшконың идеялары көп. Бастамашыл топтың негізгі өнімі мүгедектерге көмек ретінде шығарылады. Өте қажетті жаттығу құралдарынан бастағылары келеді. Қоршаған ортаны ластамайтын электрмен қозғалатын велотехника жасау да жоспарда бар.

–Сынақтан өтпеген жұмыс үлгілері баршылық. Бұл велотехника Қазақстанда құрастырылса екен деп армандаймын. Ол үшін мүдделі отандық демеушілер қажет,–деген Анатолий Деревенченконың және достарының азаматтық ерлігі әркімге үлгі боларлықтай.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.
Ерейментау ауданы.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *