Ғасыр жасаған мәдениет ошағы көне тарихтан сыр шертеді

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында ауқымды жұмыстар атқарып келе жатқан көне мәдени мекемелердің бірі – Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейі. Бүгінде бір ғасырлық тарихы бар облыстық музей өзінің 100 жылдық мерейтойын атап өтті.

Тамыры терең тарихтан сыр шерткен мәдениет ошағы  1920 жылы көрнекі құралдардың музейі ретінде уездік халыққа білім беру бөлімі жанында құрылып, алғашқы жұмыстарын бастаған болатын. Сол жылы көрнекі құралдары музейінің меңгерушісі болып педагог, ғалым И.С.Хохлов еңбек еткен. Иван Степановичтың есімі Көкшетау уезінде жүргізілген алғашқы тарихи-өлкетану зерттеу жұмыстарымен тығыз байланысты. Бірінші музей қоры қаланың мектеп жинақтамаларынан жиналған тарихи маңызы бар 130 жәдігерден құралып, олар білім беру бөлімі бөлмелерінің біріне қойылады.
1922-1928 жылдар аралығында біздің өңіріміздегі бірқатар археологиялық қазба жұмыстарының жүргізілуінің арқасында көптеген құнды заттар табылып, артефактар еліміздің ірі археологтарының, оның ішінде КСРО ғылым академиясының корреспондент-мүшесі А.А.Спицын, антрополог, профессор В.В.Бунак, профессор М.П.Грязнов сияқты мамандардың назарына ілікті. Кейбір табылған артефактілер Санкт-Петербургтегі «Эрмитажға» тапсырылды.
Алғашқы жылдары музей қорының жинақтамаларын толықтыру жұмыстары жүргізіледі.  Сөйтіп, бір ғасыр  уақыт бұрын бірінші экспозицияға облысымызда табылған көне мамонт сүйектері, монеталар, қазақ хандығы кезеңіндегі батырларымыздың сауыт-саймандары, түркі қағанаты дәуірінің ескерткіші – балбал тастары қойылған делінеді. Музей қорында әлі күнге дейін алғашқы жәдігерлер сақталып, бірегейлері музей экспозициясында ұсынылған, бұл бүгінге дейінгі атқарылған кәсіби музей қызметкерлерінің жұмыстарының жемісі.
Қазіргі таңда Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейі біздің өлкенің мәдени-білім беру орталығына айналып отыр. Музейдің қор жинағы жыл сайын жаңа коллекциялармен толықтырылады. Бүгінгі күні 120 000-нан астам жәдігерлерден тұрады. Музей қызметкерлері жыл сайын археологиялық-этнографиялық экспедицияларға шығып, көптеген ғылыми жобаларды жүзеге асыруда. Облысымыздың мәдениет, білім, медицина, спорт салаларының мекемелерімен тығыз байланыста жұмыстар атқарып, жоғары дәрежедегі өңірлік, облыстық деңгейдегі мәдени іс-шаралар өткізіп,  ұлттық мәдени құндылықтарымызды дәріптеу мақсатында көптеген ауқымды ғылыми жұмыстар жүргізіп келеміз.
Музейдің  «Музейге  жәдігер сыйла» акциясы арқылы қала мен облыс тұрғындары тарихи маңызы бар заттарды музей қорына тапсырып, өскелең ұрпаққа тарихымызды насихаттауға септігін тигізе алады. Және де, өзге республикалық, халықаралық музейлермен бірлесе жұмыс атқарып, тәжірибе алмасамыз.
Бүгінде, заманауи талаптарға сай, музейдің жедел ақпарат тарату құралдарына айналған әлеуметтік желілерде жеке парақшалары, туристердің сұранысына ие болған облыстық және аудандық музейлердің арнайы виртуалдық 3D турымен жабдықталған сайты бар.
2020 жылы Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің 100 жылдық мерейтойы аясында көптеген іс-шаралар жоспарланды. Елімізде төтенше жағдай енгізілген күннен бастап облыстық музей жұмысының жоспарын қайта қарастырып, онлайн форматқа ауыстырдық.
Осылайша Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен  облыстық тарихи-өлкетану музейінің 100 жылдығына арналған «Музей тарихы – біздің жадымыздың тарихы» («История музея – история нашей  памяти») халықаралық ғылыми-практикалық онлайн конференциясы өтті. Онлайн-конференция музей қызметін өзектілендіруге, музейлер арасындағы байланысты тереңдетуге, тарихи-мәдени мұраны дәріптеу мен заманауи кезеңде музейлердің ғылыми және білім беру қызметі саласын кеңейтуге зор мүмкіндік берді. Екі күнге созылған іс-шара аясында Қазақстан мен Ресейдің жетекші музеологтарымен, республикалық және өңірлік музей қызметкерлерінің қатысуымен пленарлық отырысы өтті. Сондай-ақ, Ресей мен Қазақстанның жетекші музеологтарының саяси сессиясы ұйымдастырылды.  Екатеринбург тарихи музейінің директоры, мәдениеттану кандидаты Сергей Каменский, М.Горький атындағы Самара әдеби-мемориалдық музейінің директоры Людмила Савченко, музеолог, тарих ғылымдарының  кандидаты Ғалия Файзуллина, Теміртау қалалық тарихи-өлкетану музейінің директоры Наталья Скориковалар онлайн-конференцияда баяндама жасап, өз тәжірибелерімен бөлісті.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында музейлердің ағартушылық жұмыстарын жандандыру, экскурсиялық қызмет көрсетудің тиімділігі мен сапасын және музей кәсібінің беделін арттыру мақсатында  облыстық тарихи-өлкетану музейінің 100 жылдығына арналған «Үздік экскурсовод – 2020» облыстық онлайн-байқауын жариялаған болатын.
Байқау музей кәсібінің беделін арттыру, экскурсия жүргізу әдістерін қолдануды кеңейту, экскурсиялық теория білімін тереңдету, музей қызметкерлерінің кәсіби шеберлігін арттыру, музей қызметін насихаттау, музейге келушілерді тарту мәселесін шешуге бағытталған мәдени-білім беру жұмысының инновациялық түрлерін енгізу мен жандандыруға ықпал ету, облыс музейлерінің қызметіне қоғам назарын аудару мақсатында ұйымдастырылды. Оған облыстың 9 музейінің экскурсоводтары қатысты. Олар экскурсиялық қызметтен бөлек өңіріміздің мәдени іс-шараларына белсенді қатысып, жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүрген қызметкерлер. Қатысушылар үш кезең бойынша өз бақтарын сынап, байқаудың қорытындысында ақшалай сертификаттар мен дипломдарға ие болды.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2020 жылы республикада Алтын Орданың және Талас құрылтайының 750 жылдығы кеңінен аталып өтілуде. Бұл оқиға маңызды тарихи мәнге ие. Себебі ол қазақстандық тарихнама мен түркі халықтарының тарихын дамытуда негізгі рөл атқарды, атап айтқанда Қазақстан Алтын Орданың мұрагері болып табылуы әбден мүмкін. Бұл дәуір қазақ этносы тарихының түзілу кезеңі және Қазақ хандығы тарихы мен біздің тарихымыздың көне қабаттары арасындағы аралық бекітуші буын болып табылады.
Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейі Алтын Орданың 750 жылдығына арналған, ата-бабаларымыздың сан ғасырлық тарихи-мәдени дәстүрлерін сенімді жалғастырушы және дамытушы ел ретінде Қазақстанның бейнесін қалыптастыруға қызмет ететін Еуразиялық тарихи-мәдени кеңістікте Алтын Орда тарихын зерттеудің қазіргі заманғы мәселелерін өзектендіру мақсатында нәтижелі жұмыс атқарды деп айта аламын. Оған дәлел,  ZOOM  платформасында «Еуразия даласының тарихы тұрғысында Алтын Орда тарихнамасының өзекті мәселелері» атты spеесh-time өткіздік. Іс-шарада Қазақстан және Ресей ғалымдары мен сарапшылары, шығармашылық интеллигенция, жоғары оқу орындарының оқытушылары, еліміздің барлық музейлерінің ғылыми қызметкерлері қатысып, ғылыми қоғамдастық арасында ақпарат алмасу және қазақ халқының тарихы мен мәдениетіне қызығушылықты арттыру, халықаралық ынтымақтастықты дамыту  мақсатында бір мүддеге жұмыс істеді.
Облыстық музей қызметкерлері әрдайым ізденіс үстінде еңбек етіп келеді. 2021 жылы да көптеген ауқымды іс-шараларды өткізу жоспарланып отыр. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, жыл бойы музей жобалары мен танымдық жұмыстар, атап айтқанда, «Музей жиынтығындағы Тәуелсіз Қазақстан» жобасы қолға алынып, көрмелер, жәрмеңкелер, тақырыптық экскурсиялар мен облыстық өлкетанушылар форумы ұйымдастырылып, жүзеге асырылатын болады. Сондай-ақ, «Музей түні» акциясы мен мерейтойлық даталарға арналған іс-шаралар да жалғасын табады.
Қуаныш  ШАҚШАҚОВ,
Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры.

 35 total views,  2 Views Today

By admin

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Өзге де жаңалықтар