Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жандарына жанашыр ортадан жылылық тапқан - АРҚА АЖАРЫ

Жандарына жанашыр ортадан жылылық тапқан

Тағдыр! Алты-ақ әріптен тұратын бір-ақ ауыз сөздің астарында бір адамның ғұмыры жатыр. Бұралаң бұлтарысы көп ғұмыр жолында кемшіліксіз адам кемде-кем болар.

Әсіресе, әрбірімізді қыз тағдыры ойлантуы тиіс. Себебі, ұрпақ жалғасы қыздар ғой! Қазір өңірімізде коронавирус ауруының көбеюіне байланысты облыс «қызыл аймаққа» еніп отыр. Осыған орай, көп кездесу онлайн өтуде. Біз де «Ана үйінен» репортажды онлайн жүргізуді жөн санадық. Алдымен, облыс орталығындағы «Ана үйінің» Ақмола облысы бойынша үйлестірушісі Құралай Жұмабековамен сұхбаттастық. Қыздармен де сырластық. Жағдайларына бойлай түстік. Құралай ханымның айтуынша, қазіргі таңда Көкшетаудағы «Ана үйінде» 5 келіншек пен 6 бала бар. Он бір адамның тағдыры бір үйде тоғысқан. Осы сұхбаттан кейін күні бойы қыздар мен балалардың тағдыры турасында ой көкейден кетпеді. Он бір адам, он бір тағдыр. Бірін-бірі былайғы өмірде танымайтын тағдырлас бес келіншек алты баланы бір үйдің баласындай бір шаңырақтың астында тәрбиелеп отыр. Мақсаттары да бір, арман-тілектері де ортақ. Қайсысымен сұхбаттаса қалсаңыз, барлығы бір ауыздан балаларының амандығын, олардың бақытты болғанын қалайды. Қай жерде болса да, өмірден қағажу көрсе де, ана жүрегі қашанда бала деп соғатынына тағы бір дәлел осы!..

Жүрегі мейірімнен жаралған

Жоғарыда айтып өткеніміздей, алдымен облыстағы орталықтың үйлестірушісі Құралай ханыммен сұхбаттасқан едік. Әңгіме барысында бұл жанның жетім мен жесірлердің, жалғызбасты аналардың тағдырына бейжай қарай алмайтын жүрегі ізгілік пен мейірімге толы жан екендігін бірден аңғардық.
– Өмірде шалыс басқаны үшін қоғамның өгей баласына айналған жалғызбасты аналарды аяймын. Қолындағы шаранасын тағдыр тәлкегіне тастамаймын деп өмірмен күрескен жас келіншектерге қол ұшын беру сауапты іс. Басар тауы, барар жері жоқ сол шерменділердің тағдырына бүгінгі қоғам бейжай қарамауы керек. Себебі, олар да бұл қоғамның мүшесі, – дейді Құралай ханым.
– Елімізде 2013 жылы «Ана үйі» қоғамдық қоры қайырымды жандардың бастамасымен жүзеге асқан. Ал, Көкшетауда «Ана үйі» 2014 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Осы уақытқа дейін біздегі орталықты 128 жас ана паналады. Олардың барлығына құқықтық, психологиялық, медициналық көмек көрсетілді. Бір атап өтерлігі, 112 бала жетім атанбай, анасының жанында бірге аман-есен өмірден жол тауып кетуіне жәрдемдестік. Қазақ халқы «Әкесі жоқ тек жетім, анасы жоқ тұл жетім» деген емес пе? Анасы бар адамды жетім деуге болмайды…
Қазір бізде тұрып жатқан 5 жас келіншек бар. Олардың барлығында төлқұжаттары жоқ еді. Еш жерде тіркеуде болмағандықтан, барлығын өз үйіме тіркеуге қойдым. «Ана үйі» де бұл жандарға мәңгі тұрақ бола алмайды. Балалары естияр аналар алты айға дейін, сәбилері кішкентай болса бір жылға дейін паналауға рұқсат етіледі. Мені қыздардың осы орталықтан шыққаннан кейінгі тағдыры алаңдатады, – дейді жаны ізгі әпке жанашырлықпен.
Құралай Жұмабекованың өзі он бір баланың анасы. «Жалғанда жетім бала болмаса екен деп тілеймін. Балалар үйінен ұл-қыздарды асырап алғандағы басты себебім де осы еді», – дейді Құралай ханым.
Құралай Жұмабекованың айтуынша, осы жылдар аралығында ол талай тағдырдың куәсі болған. Әсіресе, ойынан Алиса қыздың (есімі белгілі себептерге байланысты өзгертіліп алынды) басынан өткен жағдайларды ұмыта алмайды.
– Кешқұрым жұмыста отыр едім, белгісіз бір телефон нөмірінен біреу қоңырау шалды. Тұтқаны көтерсем, жас қыздың жылаған дауысы шығады. «Құралай апай, мені құтқарыңызшы, барар жерім, басар тауым жоқ. Дәл қазір автобус аялдамасында тұрмын. Анам мен әпкем менің жүкті екендігімді біліп қалып, сабап үйден қуып шықты. Өмір сүргім келмейді. Жаза бастым, не істерімді білмеймін, енді», деп еңіреп жылаған жас қыздың дауысы шықты. Бірден «такси тоқтатып, «Ана үйіне» келе ғой, таксидің ақшасын өзім төлеймін дедім. Өзім дереу есік алдына шығып, Алисаны күтіп тұрдым. Сөйтсем, әлі кәмелеттік жасқа толмаған өрімдей қыз екен.
– Қорыққан, еңіреп жылаған жас қыз жанайқайын жылап жеткізді. Түсінгенім, қаладағы колледждердің бірінде бірінші курс студенті екен. Тоғызыншы сыныптан кейін оқуға түскен. Бірден колледж басшылығына хабарласып, қыздың қазіргі уақытта біздің орталықта екендігін айтып түсіндірдім. Басындағы жағдайын да ашып айттым. Анасымен кездесіп, мәселенің анық-қанығына бойладым. Сөйтсем, олар әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасынан екен. Анасы жеңілтектеу адам болуы керек, бала тәрбиесіне аса мән бермесе керек. Осыдан болар арнайы мекеме қызметкерлері оны ата-ана құқығынан айырмақшы екен. Тіпті, анасының төл құжаттары да жоқ болып шықты. Көкшетаудағы оңалту орталығындағыларға хабарласып, жәрдемдесулерін сұрадым. Олар Алисаның анасын жұмысқа орналастырып, төлқұжатын жасады. Алиса қыз кәмелеттік жасқа толмағандықтан, анасы маған сеніп, сенім хат жазып берді. Сөйтіп, біз оны өзі оқитын колледждің жатақханасына орналастырдық. Көп кешікпей Алиса қыз баланы дүниеге әкелді. Біз оны балалы болғасын орталыққа көшіріп әкелдік. Алиса қолы епсекті, шаруаға пысық, елгезек қыз екен. Ішімдік ішпейді, мінезі жұмсақ, адал екендігін бірден байқатты. Бауыр басып қалдық. Баласына деген қамқорлығын көрсеңіз.
Бірде мынандай жағдай орын алды. Біз орталықтағы қыздармен саябаққа серуендеп бардық. Сол кезде Алиса бір жігітпен жылы шыраймен амандасқан. Ол да құрақ ұшып біздің көңілімізді ауламақ болды. Мен бұл адам кім деп сұрадым. Сөйтсем, Алисамен бірге көрші тұрған жігіт екен. Кейін білдік. Ол өзінің азаматтық борышын өтеу мақсатында әскерде болған. Келісімен Алисаны іздесе керек. Таппаған. Міне, тағдыр оларды осылайша саябақта жолықтыруын айтсаңызшы. Екі-үш айдан кейін маған Андрей (есімі өзгертіліп алынды) жолығып, өзінің Алисаға үйленгісі келетіндігін, қызына шынайы қамқор әке болатындығын айтып жеткізді. Мен де қарап қалмай, Алисаның өте жақсы қыз екендігін, осы уақыт аралығында оның бір жаман мінезін байқамағандығымды айта отырдым. Сөз арасында тағдырдың тәлкегін көрген жас келіншектің өміріне қиянат жасамауын сұрадым. Ол болса, «Құралай апай, мен Алисаны бақытты етемін» деп уәде берген. Сол уәдесінде тұрды. «Аналар үйінде» кішігірім той жасадық. Қалыңдық көйлегін әпердім. Алисама ақ көйлек кигізіп, ақ батамды беріп, үлкен өмір жолына тілекші болып шығарып салдым. Аллаға шүкір, бүгінде екі жастың тағы бір баласы бар. Олар бақытты отбасы. Осындағы жас келіншектерге үнемі Алисаның басынан өткен осы бір жағдайды мысал етіп айтып отырамын. Адалдықтан аттамаңдар, жаман әдеттен аулақ болып, жақсы өмірге ұмтылсаңдар, Алла өзі бір жөнін келтіреді деймін», – деді Құралай Жұмабекова.

Наталья баспанаға мұқтаж

«Ана үйінде» тұрып жатқан Наталья Блиноваға тағдыр әуелден қатал болған сыңайлы. Ол ананың мейірімін, әкенің қамқорлығын көрген емес. Жалғыз сіңлісі бар. Екеуі де Есіл ауданындағы балалар үйінде тәрбиеленді. Кейін Наташа Көкшетау қаласындағы техникалық колледждердің бірінде тігінші мамандығын меңгерген. Пәтер жағалап жүргеніне 11 жыл. Қазір Наташа 29 жаста. Өмірдің оңы мен солын айырған, ақыл тоқтатқан. Алғашқы балаға жүкті болған кезде жігіттің ата-анасы жетім қызды менсінбеген көрінеді. Сөйтіп ол жалғызбасты ана атанды. Қолындағы кішкентай сәбидің әкесімен де байланыс жоқ. Қазір екінші баласы бес айлық. Туған сіңлісі Сарыарқа шағын ауданынан жаңа пәтердің кілтіне ие болды. Ал, Наташаға жатақхананың аядай бөлмесі де бұйырмай тұр.
– Көкшетау қаласындағы тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөліміндегілер маған уақытша баспана ретінде Вернадский көшесіндегі жатақханалардың бірінен бір бөлме берген. Барып көрген едік, есік, терезесі сынған, тіпті жылыту батареялары да жоқ екен. Оған қапаланған жоқпын. Қол-аяғым сау, жөндеп алмақшы болған едім. Оның үстіне дос-жарандарым бар, волонтер қыз-жігіттер де көмектесеміз деп уәде берген. Ендігі орайда, жылыту батареяларын орнатсам ба деп ойлап жүргенмін. Ол үшін бөлменің құжаттары керек екен. Ал, тұрғын-үй шаруашылығы бөліміндегілер бөлменің құжаттарын бермей отыр. Менің де өзімнің баспанам болса екен деп армандаймын. «Ана үйіндегі» қамқор жандарға, әсіресе, Құралай апайға алғысым шексіз. Туған анамыздай жақсы көреміз,– дейді ағынан жарылып Наташа.
Біз осы мәселенің нақты жауабын білмекке Көкшетау қаласындағы тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің мамандарына хабарластық. Тұрғын үй секторының маманы Күләш Өтегенованың айтуынша, Наталья Блинова 2011 жылдан бері пәтер кезегінде тұр. Оған уақытша баспана ретінде Вернадский көшесіндегі жатақхананың бір бөлмесі ұсынылған екен. Бірақ, бөлмеге күрделі жөндеу жасау қажет. Ағымдағы жылдың наурыз айында аталмыш бөлмеге жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Құжаттарын алу үшін арнайы комиссияның шешімі қажет. Ал, комиссия отырысының уақыты әлі белгіленбеген дейді мамандар.

…Бес келіншектің тағдыры бір-біріне ұқсас. Бәрі де арманға алданған. Алты баланың тағдыры қандай болмақ?.. Біздің мақсат қоғам назарын жалғызбасты әйелдердің жай-күйіне бір сәт болсын аударту. Себебі, ана жүрегімен сабақтасқан бала ғұмыры бар. Бізді ойлантатыны һәм жабықтыратыны балалар тағдыры. «Ана үйінен» кеткен соң оларға кім қамқор болады? Жалғызбасты ана жүрегі бәріне төзе ала ма, қиындықты қалай бір өзі еңсермек? Тағдырлар тәлкекке түспесе екен! Біздегі жалғыз тілек осы…

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар