Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ауылдың ырысы ауызынан жырыла бере ме?!. - АРҚА АЖАРЫ

Ауылдың ырысы ауызынан жырыла бере ме?!.

Сандықтаудың сұлу табиғаты кім-кімді болсын тәнті етері бар. Бүркітті шоқысы да анадайдан еңселі көрінеді. Жасыл желекке оранған  орман-тоғайы да бұл өңірдің шырайын келтіріп тұрғандай. Қыран құс мекен еткен шоқының етегіндегі жазықта екі ауыл мен мұндалайды. Бір қарағанда осынау сұлу табиғат аясындағы ауыл адамдарында еш мұң-мұқтаж жоқтай. Бірақ, алғашқы алдамшы көрініс қана.

Ауылдық округтің орталығы – Белгородка тұрғындарының тыныштығы бұзылып, мазасы кеткеніне де бірсыпыра уақыт болды. Қарақұрым ауыл адамдары орталықтағы кеңсе үйіне  бүгін тағы жиналды. Өздерінің заңды жер телімдерінен тал-түсте айрылып қалудың аз-ақ алдына тұрғанын сезеді. Қарманып, қаракет жасаудың қамымен әкімдіктердің де есігін қақты, сотқа да жүгінді. Енді бүгінгі ауыл шаруаларының басқосуы көптен бері жандарына жара салған қысастықтың бір нүктесін қоятынына үмітті олар.
Біз кеңсе алдына сау ете қалған бір автобус адамнан  жөн сұрасқанды дұрыс көрдік. Бұлар – Белгородканың іргесіндегі Пребраженка шағын ауылының тұрғындары екен. Айтқан әңгімелеріне қарағанда, бұл ауылдың тұрғындары да жер үлестерін қайтарып ала алмай қиналып жүрген сияқты. Сонда екі бірдей ауыл адамдарының  көңілдеріне қаяу салған кімдер?..
Бұл сауалға жауап бермес бұрын алдымен ауыл үлескерлерінің жерлерін жамбасына басқан «Подлесный» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жайлы аз-мұз дерек. Бұл серіктестік елімізде елуге тарта ірі астық құрылымы бар, Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыстарында жарты миллионға жуық алқапқа егін егетін «Агроцентр – Астана» дейтін компанияның бір бөлімшесі екен. Осыдан бірер жыл бұрын бұл компанияның құрылтайшылары өзара теке-тіреске түсіп, дүрдараз болғанын да бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазған еді.
– Мен Пребраженка ауылында көп жыл мектеп директоры болып істедім. Ауыл адамында азын-аулақ жер телімінен басқа ештеңе қалған жоқ. Оның өзінің пайдасын басқалар көріп отыр. Жер пайымызға алатынымыз бірер мың теңге ғана. Өнімге шаққанда бірер центнер жем. Ал, серіктестік болса, жерімізді жалға алып қана қоймай, оған салықты да біздің есебімізден ұстап қалады, – дейді бізбен әңгімесінде  ауыл тұрғыны Зинаида Рудич.
Екі ауылдағы жергілікті үлескерлердің жиыр-ма мың гектарға тарта  жерінің бір мыңына ғана егін еккен астаналық серіктестік жер баптауда салақтық танытып отыр.  Бар саналы ғұмыры диқандықпен өткен зейнеткер Сергей Москаленконың Астанадан келген компания өкіліне қаратып айтқан «Қарақтарым, жер елді асырауы керек. Ауылдағы адамдардың ауызынан жырып, бар ырысын алып қойған деген не деген сұмдық?!  Біз өз жерімізді өзгеге жалға береміз деп сан соғып қалып отырмыз. Астаналық серіктестіктің осы ауылға келгеніне де ондаған жылдар өтті. Ештеңе өзгерген жоқ. Егінін себеді, орады, кетеді. Үлес пайына да жарытып ештеңе бермейді. Мені қинайтыны, елден береке кетіп барады. Жастарға жұмыс жоқ.  Сендер кетсеңдер ауыл қирап қалмайды. Күнімізді көргенбіз, көреміз де» деген сөзін де естідік.
Осы жиналысқа дейін серіктестік пен ауыл үлескерлері арасында дау туып, жаға жыртысуға дейін барған екен. Ондаған жыл бойы елді сорып, не пайларын жарытып бермей,  әлеуметтік мәселелерді шешуге де құлықсыз болған бұл астаналық серіктестіктен ауыл тұрғындары өз іргелерін аулақ салуға тырысуының да өзіндік себептері бар. Басты мәселе – серіктестіктің жарытып егін екпегенін былай қойғанда, ауылдан жалға алған жерді банкке кепілдікке қойып, қыруар қаржыны несиеге алғанында болып отыр. Үлескерлермен санасуды жөн деп таппаған пай иелерінің бұл қылығы ашу-ызасын тудырған ауыл тұрғандары сотқа жүгінген көрінеді. Тіпті, осы жылдың басында үлескерлер серіктестіктен шығу жөнінде өтініш жасайды. Бірақ, ондағылар ауылдың жер телімі банкте кепілдікте тұрғанын айтып, шығарып салады.
Екі ауылдағы 626 жер телімі иелерінің қазір 500-ге жуығы қалған. Өзгелері өмірден өткен, не басқа жаққа көшіп кеткен. Мұндай жағдайда серіктестік ондай адамдардың жерлерін мұрагерлеріне, не мемлекеттің арнайы жер қорына өткізуі тиіс. Бірақ, оған асықпай отырғанын ауыл үлескерлерінің заңды құқығын қорғап жүрген адвокат Юрий Зиновьев те растап отыр.
Осы жылдың 19 мамырында Ақмола облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты бұл істі қарап, үлестегі жердің кепілдігі жөніндегі келісім-шартты заңсыз деп таныды. Себебі, «Подлесный» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Белгородка селолық округіндегі 2005, 2008 және 2013 жылдардағы өз жиналыс-тарын заңсыз өткізгені белгілі болды.
Экономикалық сот серіктестіктің жалпы жиналысына қатысты деген адамдардың жиналысқа қатыспағанын былай қойып, олардың қолдары жалған деген шешімге келді. Оны айтасыз, сол жиналыста жер телімі кепілдігіне қарсы дауыс бергендердің де қолдары өздерінікі болмай шықты.
Міне, ауыл тұрғындарының серіктестікке өкпелейтіндей жөні бар. Осыдан кейін жер үлескерлері өз телімдерін қайтарып алып, бөлек серіктестік құруға бекініп отыр. Бірақ, бұған жол бергілері жоқ астаналық серіктестік тағы да кезектен тыс жиналыс ашып, үлескерлердің жер телімін банкке кепілдікке қойып, несие алуды көздеуде. Тіпті, осы жылдың басындағы экономикалық соттың ауыл үлескерлерінің пайдасына шешкен шешіміне де құлақ асып отырған оларды  көрмейсің.
Ал, несие алынып, жер кепілдікке қойылса, серіктестік ол қаржыны қайтарады дейсіз бе?
Әрі банктен алған қаржыны қандай мақсатқа жаратады,  ол да ешкімге беймәлім. Серіктестік деген аты болмаса, оның Белгородка ауылында бірде-бір техникасы да жоқ. Техника атаулының барлығы Астана қаласындағы бас компанияның есебінде. Жылда егін себеді, жинайды, астығын алып, жөндеріне кетеді. Жылдар бойы егістік алқаптың күтімсіз келе жатқаны тағы бар.
– Бір кездері бұл жерден мол астық алатынбыз. Осы серіктестік келгелі астық түсімі күрт төмендеп кетті. Оның себебін алыстан іздеудің қажеті жоқ. Өйткені, соңғы жылдары жер мүлде өңделмейді. Қазір алқапқа барып байқасаңыз, жүдеген жерді көресіз. Жеті-ақ центнер өнім алынады, не деген сұмдық. Ауыл тұрғындарының үлес жері ғана он жеті мың гектарды құрайды. Ал биыл бар-жоғы 1 мың гектар жерге ғана егін себілді. Осыдан кейін сырттан келіп, өз пайдасын ойлаған серіктестікке жұрттың өкпесі қара қазандай болмағанда қайтсін,–дейді ауыл тұрғыны Дмитрий
Андрюшенкин.
Өкінішке орай, серіктестік ауылдың жанайқайына пысқырып та қарамайтын сыңай танытып отыр. Оны өзіміз куә болған жиналыс барысында да анық байқадық. Ауылдың орталық кеңсесі халыққа лық  толды. «Агроцентр – Астана» компаниясынан келген заңгерлер серіктестік қатысушыларын тіркегенде, тізімге бар-жоғы жиырма сегіз адам ғана енді. Қалғаны ше? Олар – серіктестіктің алдауы мен арбауын талай көрген ауыл тұрғындары. Жиналыс қатысушысы ретінде тіркелгеннен де ештеңе өзгермейтінін біледі. Жиналысты ашқан серіктестіктің директоры Қайрат Наукенов  тіркелгендер саны – 81,2 пайыз екенін айтты. Мұндағы 80 пайыз дегені серіктестіктің басты құрылтайшысы, «Агроцентр – Астана» компаниясының бас директоры Владимир Чалышевтың дауысы да, қалған 1,8 пайыз жаңағы тіркелген ауыл тұрғындарының дауысы. Бес жүз үлескердің барлығы тіркелгенімен, олар Чалышевтың 80 пайыз дауысына қарсы ештеңе жасай алмайды. Олардың жиырма пайыз дауысы жиналыс барысына еш әсер етпейтіні түсінікті.
Осы арада үлескердің бірі Василий Шоляк бізге серіктестік ауыл тұрғындарының жер телімінің әр гектарын әу баста 14-15 теңгеден ғана алғанын айтып қалды.
Енді міне, өздері көк тиынға бағалап алған жерді банкке кепілдікке қойып, мұрттарын майламақшы. Ауылдың қарапайым адамдары есебінен күн көргісі келетін астаналық компанияның бұл әрекеті заңға сыйымсыз екені көрініп-ақ тұр.
Осы ауылдағы үлескерлердің бірі, ардагерлер кеңесінің төрайымы   Ольга Яценко де әбден шығынға батқан серіктестіктен ауылға ешқандай пайда жоқ екенін ашына айтып отыр. Олар ертең жерлерін банкке кепілдікке қойса, өздерінің тақырға отыратындарын да сезеді. Сондықтан, қандай жолмен болсын, бұл серіктестіктен бас тарту басты мақсаттарына айналып отыр.  
Серіктестіктің қатысушылары – жер үлесі иегерлері бұл жиналыстың заңсыз екенін айтып, қарсылық танытты. Бірақ, мұны ескерген ешкім болмады.
 «Серіктестіктің жалға алған жерін банкке кепілдікке қоюға келісім бересіңдер ме?» деген сауалды төтесінен қойды компания өкілдері. Жер иелерінің қарсы айтқан уәжіне құлақ аспаған серіктестік басшылары шешім көпшілік дауыспен қабылданғанын жеткізді. Неге десеңіз, басым дауыс, яғни, 80 пайыз да-уыс иесі Чалышевтың сенімді өкілінің көтерген жалғыз қолы ауылдың 500 тұрғынына жұдырық болып тигендей әсер етті.
Бірақ, астаналық компания өкілдері бір нәрсені қаперлерінен шығарып алғандай болды. Себебі,  осы жылдың 3 ақпанында облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты  ауылдағы  дауға айналған бұл 17 136 гектар жер телімін сатуға және басқа да рәсімдерді жасауға тыйым салған еді.
«Жер теліміне тыйым салынды ма, жоқ па, ол біздің шаруамыз», дейді серіктестік басшылары сот шешімі жайлы мәселені еске салғанда. Әлде құрығы ұзын астаналық компания шынымен, ауыл тұрғындарына  тиесілі заңмен тыйым салынған жерге ойына келгенін істей бере ме. Бұған заң орындары не дейді екен?!.

Сандықтау ауданы 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар