Көкшетаудағы Мәлік Ғабдуллиннің республикалық музейінде Қазақстанның тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында «Жемісті жылдар» атты кітаптың тұсаукесер шарасы болып өтті. Былтыр осы музейдің құрылғанына 25 жыл толған-ды. «Жемісті жылдар» кітабы сол ширек ғасырдың тынысын сездіреді. Кітап Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың алғы сөзімен ашылып отыр.
–Қазақ халқының тарихында өшпестей болып аттары жазылған, ұлы даланың ұлы тұлғалары жайлы деректер жинақтап, Қазақстанның киелі жерлеріне экспедициялар ұйымдастырып, танымдық-тағылымдық іс-шаралар өткізу, кітаптар шығарып, деректі фильмдер түсіру ісінде де Мәлік Ғабдуллин музейінің қызметкерлері бірталай жұмыстар тындырғанын білеміз, – деп облыс әкімі Ермек Маржықпаев музейдің атқарған жұмысына жоғары баға беріпті.
«Жемісті жылдар» кітабының тұсаукесер шарасын осы музейдің директоры Құдайберлі Мырзабек кіріспе сөзбен ашып, «біз Мәлік Ғабдуллин музейінің қызметкерлері осы кітапқа Қазақстандағы барлық тұлғалық мұражайлардың өкілдерінің сөзін беріп отырмыз. Және де кітапта өзіміздің жерлестеріміздің, зиялы қауым өкілдерінің ой-пікірлерін қамтуға тырыстық. Сонымен бірге, музей ұжымы атқарған шаралардың денін қамтыдық» деді.
Ең алғашқы болып сөз алған еліміздің белгілі азаматы, «Қоғамдық келісім» сарайының директоры Ермек Нұғыманов «Жемісті жылдар» кітабы жайлы өзінің толғамды ойларын ортаға салды. Ол өз сөзінде музейдің директоры Құдайберлі Мырзабектің атқарған игілікті шараларына жоғары баға берді. Сонымен бірге, сөз сөйлеген қоғам және мемлекет қайраткері Жабал Ерғалиев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл, Көкшетау техникалық институттының оқытушысы Қалижан Нарбаев және облыстық мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова өз сөздерінде бұл кітаптың тәрбиелік мәні зор екендігін атап көрсетті.
Бір топ музей қызметкерлері Алғыс хатқа ие болды.
Музей директоры Құдайберлі Мырзабек «Жемісті жылдар» кітабын облыстық тарихи-өлкетану, Көкшетау қаласы тарихы, әдебиет пен өнер және Көкшетаудағы Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 орта мектебінің мұражайларына тарту етті.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.