Бірлік пен ынтымақтың ұйытқысы

Қазақстан халқының бірлігі күні – бейбітшілік пен жарқын болашаққа деген сенімді паш ететін мереке. Ол әрбір қазақстандық үшін ерекше қымбат, өйткені, бірлік біздер үшін әдемі метафора ғана емес, бұл ең алдымен баға жетпес құндылық.

Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде қалыптасудың күрделі жолынан абыроймен өтіп, Қазақстан дүниежүзілік бейбітшілік пен келісім мекені атанып қана қоймай, әлем елдері алдында биік беделге, құрметке ие болды. Еліміздегі этносаралық және конфессияаралық тепе-теңдікті сақтауда Қазақстан халқы Ассамблеясы үлкен рөл атқарып келеді. Тәуелсіздік жылдарында ол өзінің басты міндеті – елдегі қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуді және мемлекеттік құрылымдар мен азаматтық институттардың этносаралық қатынастар саласындағы өзара іс-қимылының тиімділігін арттыруды табысты орындауда.
Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясының қызметіне «Қоғамдық келісім» мекемесі үлкен қолдау көрсетеді. Этномәдени бірлестіктер үшін ресурстық, мәдени және әдістемелік орталық бола отырып, ол этностардың бірлігі, этносаралық келісім, жалпыазаматтық бірегейлік идеяларын қалыптастыру және ілгерілетумен, қазақстандық патриотизмді насихаттаумен, мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізумен айналысады.
Қазіргі уақытта «Қоғамдық келісім» мекемесі «Қазақстан этностарының жалпыазаматтық бірегейлігін қалыптастыру», «Этностардың қазақстандық алуан түрлілігін рухани-мәдени тұрғыдан танымал ету», «Көпэтносты Қазақстан: этномәдени генезис» және «Этносаралық ортадағы жанжалды көріністерді қабылдамауға бағытталған әлеуметтік ұстанымдарды жасау арқылы медиация институтын дамыту» сияқты 4 базалық мәдени-ағартушылық жобаны, сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» жобаларын және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған іс-шаралар жоспарын іске асыруда.
Аталған жобалар аясында жыл басынан бері Достық үйі түрлі форматтағы 30 онлайн және оффлайн іс-шара өткізді. Олардың ішінде – «Мен қазақша сөйлеймін», «Күй құдіреті», «Ақиық ақын мұрасы», «Жамбылдың жыры – халықтың үні» интернет акциялары, «Бір шаңырақ астында – биік мақсаттарға» жобасын іске асыру бойынша облыс аудандарының қатысуымен этнофаshion ұлттық киім көрсетілімі, еріктілердің қатысуымен «Қазақ халқына мың алғыс» қайырымдылық акциясы, қазақ тілінің онлайн сабақтары, «Қазақстан халықтарының тағамдары» бейне-фестивалі, «Сіздерге алғыс айтамыз…» челленджі және тағы басқалары бар.
Бұл іс-шараларды ұйымдастыруға облыстық ассамблеяның этномәдени бірлестіктері мен қоғамдық құрылымдары – ғылыми-сараптамалық топ, қоғамдық келісім кеңесі, Аналар кеңесі, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы, мемлекеттік тілді насихаттау және дамыту орталығы, журналистер клубы белсенді қатысты. Үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында «Қоғамдық келісім» мекемесі қоғамдық құрылымдармен және этномәдени бірлестіктермен бірлесіп, 8400-ден астам адамды қамтыған 152 іс-шара өткізді.
Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясының қызметін сараптамалық сүйемелдеумен ғылыми-сараптамалық топ айналысады. Ғылыми-сараптамалық топ құрамында саясаттанушылар, әлеуметтанушылар, тарихшылар, психологтар, лингвистер, заңгерлерді қоса алғанда барлығы 17 мүше бар. 2021 жылдың 1 тоқсанында топ мүшелері қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясаттың өзекті бағыттары бойынша 40 адамды қамти отырып,
4 іс-шара өткізді.
Облыста 248 қоғамдық келісім кеңесі қызмет етеді. Олардың құрамына 1 900-ден астам мүше кіреді. Жұмыстың басым бағыты – әлеуметтік мәселелерді шешуде, практикалық шараларды іске асыруда қоғамдық бастамалардың азаматтық қатысуын қолдау және дамыту болып табылады. 2021 жылдың бірінші тоқсанында 544 адамды қамтыған 24 іс-шара өткізіліп, азаматтардың 49 мәселесі шешілді. Облыста 1 200-ден астам мүшесі бар 104 Аналар кеңесі қызметін жүргізеді. 2021 жылдың басынан бастап олар 12 іс-шара өткізді, оның ішінде қайырымдылық акциялары, киізбен жұмыс бойынша шеберлік сабақтары және Аналар үйіндегі кездесулерді атауға болады.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған міндеттер аясында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру және оның ұлтаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі рөлін нығайту мәселесіне үлкен көңіл бөлінуде. 2019 жылы «Қоғамдық келісім» мекемесі жанында түрлі этнос өкілдері арасында мемлекеттік тілді оқыту курстары ашылды. Сабақтар аптасына екі рет өткізіледі, қазір карантин жағдайына байланысты сабақтар қашықтықтан жүргізілуде. Сол жылы мемлекеттік тілді насихаттау және дамыту орталығы өз жұмысын қайта жандандырды. Орталық мүшелері – мемлекеттік тілді жетік меңгерген түрлі этнос жастары, Көкшетау қаласындағы колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері. Жыл басынан орталық 100-ден астам адамды қамтыған 13 іс-шара өткізді.
Достық үйінің базасында медиация кабинеті жұмыс істейді, ол отбасылық-тұрмыстық, еңбек және азаматтық-құқықтық қатынастар саласындағы мәселелерді шешумен айналысады. Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы 9 кәсіби медиатормен ынтымақтастық жасайды, олардың қатысуымен үш айда азаматтардың 12 өтініші қаралды.
Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Журналистер клубы облыстық ассамблеяның және «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметін кеңінен жариялау бойынша мақсатты жұмыстар жүргізіп келеді. Жыл басынан бері клуб мүшелерінің қолдауымен Instagram, Facebook әлеуметтік желілерінде, «Қоғамдық келісім» мекемесінің сайтында Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының, оның қоғамдық құрылымдарының қызметі туралы 246 материал, баспа және электрондық бұқаралық ақпарат құралдарында 58 материал жарияланды.
Түрлі этнос жастарын қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделі төңірегінде топтастыру бойынша «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы үлкен жұмыс жүргізеді, оның құрамында этномәдени бірлестіктердің жастар қанаттарының өкілдері, Көкшетау қаласының жоғары оқу орындары мен колледждерінің белсенді жастары бар. Ағымдағы жылы олар облыстық ассамблеяның еріктілер қозғалысы орталығымен бірлесіп, 3 мыңға жуық адамды қамтыған 60 іс-шара өткізді.
Достық үйінде Қазақстан халқының тілдерін оқытумен «Шаңырақ» клубы айналысады, онда оқушылар Қазақстан этностарының тілдерін меңгеру мүмкіндігіне ие және тағы бір топта мемлекеттік тіл оқытылады. Оқыту 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар үшін тегін жүргізіледі. Қазіргі уақытта клубта жалпы саны 160-тан астам бала білім алады.
Бүгінде Ассамблея жұмысының арқасында біздің елімізде этносаралық келісімнің бірегей моделі, әрбір азамат этностық қатыстылығына қарамастан Қазақстан Республикасы Конституциясында кепілдік берілген азаматтық құқықтар мен бостандықтарды толық иеленетін және пайдаланатын сенім мен ынтымақтастықтың, өзара түсіністіктің атмосферасы қалыптасқан. Ақмолалықтарды 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен құттықтай отырып, баршаңызға ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық, отбасылық амандық, барлық істеріңізге табыс, біздің ортақ үйіміз – Қазақстан Республикасына бақ-береке тілеймін!
Ермек НҰҒЫМАНОВ,
«Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар