Қазақ халқымен табыстырған тағдырыма ризамын

Ұлы Отан соғысы жылдары өктем саясаттың салдарынан елімізге басқа өңірлерден өзге ұлт өкілдерінің күштеп қоныс аударылғаны тарихтан белгілі. Солардың қатарында бүгінде М.Ғабдуллин ауылында тұратын Мина Якобидің ата-аналары да бар болатын. Бүгінде осы кісінің аузынан сол жылдар туралы естеліктерді тыңдаудың өзі әрі ауыр, әрі тағылымды көрінері бар.

– Сол кезде осындай себеппен Қазақстаннан бір-ақ шыққан менің әкем Давыд Давыдовияч Якоби алты жаста, ал, шешем Анна Кондратьевна Гамбург бар-жоғы екі жаста болыпты. Оларды Саратов облысы Полтава ауданы Гусенбах селосынан күштеп алып кеткен. Әскерилер мен жергілікті органдардың өкілдері шешемнің ата-анасын бүгінгі Зеренді ауданындағы Көктерек ауылына, әкемнің отбасын Пухальск селосына «қоныстандырады».1956 жылдың қаңтар айында әкем анаммен танысып, отбасын құрады. Сол жылдың қараша айында мен дүниеге келіппін. Балалық шағым Пухальскіде өтті. Жастайымнан Бәлия Құрманғожина деген қызбен құрбы болдым. Сол бала кезіміздегі қарым-қатынасымыз осы күнге дейін жалғасып келеді. Бәлиямен және басқа да қазақ көршілерімізбен жақын араласқандықтан, қазақшаны да үйреніп кеттім. Орта мектепті бітіргеннен кейін Қотыркөл совхоз-техникумының бухгалтерлік есеп бөліміне оқуға түстім. Аталған оқу орнын аяқтағаннан кейін трактор-егіс бригадасында есепші болып жұмыс істедім. Кеңес Одағы ыдырап, елімізде орын алған өзгерістердің нәтижесінде жұмыссыздар қатарына қосылдым.
Бір сәттерде бұл өлкеден көшіп кеткім де келді, өйткені, ең жақын туысқандарымның бәрі Германияға қоныс аударған болатын. Дегенмен, өзімді-өзім тоқтатып отырдым. Өмір осылайша өте берді. Күндердің бір күнінде Кенжебек Жексенбаев есімді қазақ жігітіне тұрмысқа шықтым. Ол жергілікті кеңшарда автокөлік жүргізушісі болып жұмыс істейтін. Отбасын құрысымен қазіргі таңда тек жұрты ғана қалған, сол кезде іргелі елді мекендердің бірі Құлет ауылына көшіп бардық. Тұрғындардың барлығы қазақтар болатын. Мен қазақ тілін жетік білмеймін, жергілікті тұрғындар да орысша нашар сөйлейді. Дегенмен, ауыл тұрғындарымен жете араласқан соң тілді толық үйреніп, қазақша ән салатын болдым. Сол кезде Құлет ауылында бір ізді теміржол жұмыс істеп, елді мекен жанындағы көлден өндірілетін ас тұзы мен құрылыста пайдаланылатын құм Александровка станциясына тасымалданатын.
Уақыт өте заман ағымына төтеп бере алмаған ауылымыз тарап кетті. Біз болсақ, Пухальск, қазіргі Мәлік Ғабдуллин ауылына қоныс аудардық. Одан бері 44 жылға тарта уақыт өтті. Қазір жағдайымыз жақсы. Төрт сәбиіміз ержетіп, өмірден өз орындарын тауып отыр. Немерелеріміз өсіп келеді. Үйіміздің жанынан қосалқы шаруашылық ұстаймыз. Жеміс-жидек, көкөніс өсіреміз. Әр жылдары елімізде болып жатқан өзгерістерге түсіністікпен қарап, жақсы жаңалықтарға қуанып отырамыз. Менің ата-анама, біздерге пана болған қасиетті қазақ жері өркендеп, гүлдене берсін. Ауданымызды мекендеп жатқан барлық ұлттардың өкілдері достық пен өзара түсіністік жағдайында өмір сүрсе екен деген тілегім бар, – деп Мина Жексенбаева сөзін ақтады. Бұл тілекке біз де қосыламыз.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар