«Қасық қағу» өнерімен тамсандырады

Бүгінгі ғылым мен технологияның дамыған заманында «ложкари» деп аты айтып тұрғандай, қасық қағу өнері өте сирек кездеседі. Соңғы кездері кейбір ұлттық музыкалық аспаптарымызды үйіміздің төріне іліп қойып, оны ойнауды ұмытып барамыз. Сондай ежелден келе жатқан орыстардың фольклорлық аспаптары ішінде «ағаш қасықтар» да бар.

Бүгінде тіпті, «осы қасық қағу өнерімен айналысып едім» деп мақтанатын ересектер некен-саяқ. Ал, Урюпинка ауылындағы балабақша мектеп-интернаты арнайы кешенінің тәрбиеленушілері туралы олай демейсіз. Мұнда қасық қағу өнеріне ден қойып, орыстың ұлттық дәстүрін жалғап келеді.
–Біздің мекемеде «Арт-ложки» атты қасық қағушылар ансамблі жұмыс істейді. Тәрбиеленушілеріміздің ағаш қасықпен ойнап, әуен тудыруға деген қызығушылықтары осы үйірмеге алғаш келгендерінен-ақ байқалды. Күн сайын бірнеше сағат ойнаса да, еш жалықпайды да, шаршамайды да. Алғашқыда кейбір балалар қасық қағуға келгенде икемсіз, епсіз болса, келе-келе әуенді асқан шеберлікпен, құмарта әрлейтін және қасықты қолдарымен ыңғайлы бағындыра алатын деңгейге жетеді. Балалар шын көңілмен рахаттанып ойнағанда, делебелері қозып, шабыттары ашыла түседі. Қазір арнайы концерт дайындаудамыз. Ансамбльдің репертуарында әртүрлі фольклорлық, заманауи туындылар да бар, –дейді кешеннің әдіскері Ирина Путько.
Қасық қағушылар ансамблі мерекелік кештерде өнер көрсетіп, түрлі фестиваль, байқауларда додаға түсіп, биіктерді бағындырып жүр. Олардың әр концерттік бағдарламасы көрермендердің ыстық ықыласын иеленіп, жоғары баға алуда.
Жақында ансамбль «Жұлдызай» балалар шығармашылығы байқауының облыстық кезеңінде «Смуглянка» әнін орындап, «Аспаппен өнер көрсету» аталымы бойынша жеңімпаз атанды. Ендігі арада жас өнерпаздар республикалық байқауға қатысуға дайындық үстінде. Ақкөлдік жас қасық қағушыларға біз де осы жолда сәттілік тілейміз.
Ырысалды ШАМШИЕВА.
Ақкөл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар