Ұлағатты ұстаз, білікті ғалым

Үстіміздегі жылдың мамыр айының 9 жұлдызында Ақмола, Көкше өңірлерінің білім мен ғылым және мәдениет саласында өзіндік орны бар Аманбай Асылбайұлы Сейітқасымов мерейлі жасқа толады. Бүгінгі таңда адамның өмір жолының асқар биігі – алпыстың шыңына шығып отырған әріптесімізді көпшілік белсенді қоғам қайраткері, бар саналы ғұмырын Қазақстанның болашағына арнаған зиялы азамат ретінде таниды.

Өмір жолында еңбексүйгіштік, қоғамдық белсенділікпен ерекшеленіп, нағыз азаматтық қасиеттерге ие тұлға ретінде халық құрметіне бөленіп, қызметтің ең қиын салаларын атқарып келген беделді азаматтың өмір жолына аз-кем тоқталмай болмас.
Бұл жылдар абзал жанның қоғамдық жемісті еңбегінің нағыз көрінген, кемеліне келген кезең болды. Туған елге деген сүйіспеншілік арқылы парасатты да рухы биік шәкірттерді тәрбиелеу жолында дарынды ұйымдастырушылық қырынан көрініп келеді. Аманбай Асылбайұлы Сейітқасымов өзінің көп жылдық ғылыми-педагогикалық және қоғамдық қызметін Есіл-Көкше өңірінің білім саласы мен тарихи-мәдени дамуына арнады.
Ол еңбек жолын 1984 жылы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің тарих факультетін тәмамдағаннан кейін Зеренді ауданының Үлгілі орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі қызметінен бастайды. Жұмысқа деген алғырлығының арқасында 1988 жылы аудандық «Білім» қоғамының жауапты хатшысы болып тағайындалады, ал, 1990 жылдан аудандық агроөнеркәсіп кешені қызметкерлері кәсіподағының хатшысы болады. 1991 жылдан 1994 жылға дейін Зеренді қазақ орта мектеп-интернатының директоры қызметін атқарады.
Ал, 1994 жылдан бастап осы күнге дейін еңбек етіп келе жатқан өңіріміздің іргелі жоғары оқу орны Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде салиқалы тәлімгерлік басқарушылық қызметі басталды. 1994 жылы универсиетте тарих мамандығы ашылып, Көкшедегі тарихи білімнің қалыптасу кезеңі бастау алды десе болады. Дәл осы жұмыстың қайнап жатқан уақытында Аманбай Асылбайұлы өлкедегі тарихи білімнің бастауында тұрған қадірлі ағамыз, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Әбуев Қадыржан Қабиденұлымен бірге жас ұрпақты тәрбиелеу ісіне аянбай кірісті. Орта білім жүйесінде мол тәжірибе жинақтаған ол 1994-2000 жылдар аралығында деканның орынбасары, кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарады. Одан әрі көп жылдар университеттің әлеуметтік мәселелер мен тәрбие мәселелеріне жауап беретін проректоры ретінде ұлан-ғайыр жұмыстар атқарды.
2000 жылы Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы жанындағы Тарих, этнология мен археология институтында танымал ғалым Кеңес Нүрпейісовтың ғылыми жетекшілігімен «20 ғасырдың 20-30 жылдарындағы Солтүстік Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірі» атты тақырыпта кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғады. Кейін диссертация тақырыбына байланысты монографиясы, бірнеше оқу құралдары мен 100-ден астам мақалалары жарыққа шықты.
2007 жылдың 21 желтоқсанында білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері», ал, 2016 жылы «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталды. 2020 жылы Ресей Жаратылыс-тану Академиясының «Білім және ғылым саласының еңбек сіңірген қызметкері» құрметті атағы берілді. 2021 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың атынан Алғыс хатпен марапатталды.
Сонымен бірге, Аманбай Асылбайұлы облыс әкімдігі мен университет аралығындағы келісім бойынша әртүрлі халықаралық ғылыми-зерттеу жобаларының үйлестірушісі болып табылады. Облыстық тарихи-мәдени және қоғамдық-саяси іс-шараларға белсенді түрде қатысады. Мәселен, 2009 жылы халықаралық бақылаушылар комиссиясының құрамында Әзірбайжан Республикасы Президентінің сайлауына қатысқан.
Ұлағатты ұстаздың қоғам игілігіне бағыттап отырған ерен еңбегінің еліміздің нығаюына өзіндік үлесі бар. Осынау игілікті істе қанаты талмасын, қажыр-қайраты бәсеңсімесін дейміз.
Адам баласының өміріндегі бел-белестердің бәрі де елеулі саналса керек. Сонда да кемел жас – алпыстың орны мүлдем ерекше екені баршаға мәлім. Ағалық ардақты асудан асып, ақсақалдық мерейлі кезеңге көтерілер бұл шақтың талтүс аталуы бекер емес – ау.
Құрметті Аманбай Асылбайұлы! Бұл жасқа өміріңіз қуатты, көңіліңіз шуақты қалпыңызда жеттіңіз! Осындай қарқыныңыздан таймаңыз, шабысыңыздан танбаңыз. Қазақтың Шерханы, Шерағасы алпыс жасты талтүс дейді. Олай болса, алпыстың асуынан асып, жетпіске аяқ басқан шағыңызда да көзіңізден от кетпесін, жүрегіңізден жылу кетпесін дей отырып, елге етер еңбегіңіз, келер ұрпаққа берер тәліміңіз алдағы уақытта да сәтті жалғасын табады деп сенім білдіреміз.
Бүгінгідей мерейтойыңызда Сізге және туыстарыңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, еңбекте тың табыстар мен өмірдің асқақ абыройын тілейміз! Шаңырағыңызда береке-бірлік, ырыс-ынтымақ бола берсін! Бақытыңыз баянды болып, сау-саламат жүргейсіз!
Құтты болсын атаулы бұл күніңіз,
Бақытты боп шаттық өмір сүріңіз.
Алпыстың да асқарына жеттіңіз,
Енді жүзге құлаш сермеп шығыңыз.

Туған күні нұрға толсын жүзіңіз,
Қуаныңыз, шаттаныңыз, күліңіз,
Бала-шаға қызығына кенеліп,
Ортамызда аман-есен жүріңіз!

Ізгілікті нұрын шашар маңайға,
Адамсыз ғой үлгі болар талайға.
Жақсылықты өзіңізден көп көрген,
Ұмытпайды жолдас, туыс қалайда!

Үлгі болған үлкенге де жасқа да,
Сыйлар сізді әріптестер, басқа да.
Бақытты боп бұл өмірде мәңгілік,
Қуатыңыз таусылмасын 100 жаста да!

Ақбота БЕКСЕЙІТОВА,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің тарих, заңтану, ДШС және дизайн факультетінің деканы,
тарих ғылымдарының кандидаты, профессор м.а.
Марат ӨТЕГЕНОВ,
тарих ғылымдарының кандидаты, доцент.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар