Бозінген

Қадірлі әріптесіміз, Ақпарат саласының үздігі Дәуренбек Ақбекұлы Шөрентаев осы күні ортамызда аман жүрсе, 8 мамырда 70 жасқа толып, ағайын-туыс, дос-жаран, қаламдастарының құттықтауын қабылдап жатар еді. Бірақ, қатал тағдыр оған жазбады. 2015 жылы 1 қарашада кенеттен көз жұмды. Алайда, солай болғанымен, жақсы аты ұмытылмақ емес. Қайтыс болғаннан кейін баспадан өзінің кітабы мен естеліктер кітабы жарық көріп, тұрған үйіне мемориалдық ескерткіш тақта орнатылды. Әріптесіміздің туғанына 70 жыл толуына орай беріліп отырған төмендегі мақала да осы бір ардақты азаматтың көзі тірісіндегі жарқын бейнесін тағы бір мәрте көпшілік есіне сала түседі деген ойдамыз.

Өмір деген қас-қағым сәт, «көзді ашып-жұмғанша өте шығады» деп айтып жатамыз. Сол қас-қағымдық сәттің небір қимас суреттері, қызық та күлкілі оқиғалары еріксіз еске түсетіні бар.
Ана жылдары облыстық «Арқа ажары» газеті мен қалалық «Көкшетау» газеті бірігіп бір ұжым болып жұмыс істеп жүрдік. Сол жылдары Жабал Ерғалиев Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты болып сайланып, екі басылымның редакторы болып Қайырбай Төреғожа бекітілді. Ұжымның қолдауымен Дәуренбек Шөрентаевтың қызметі өсіп, редактордың орынбасары болып белгіленген кезең еді бұл. Қызметіне сай ол ішкі тәртіпті қадағалап, бөлімдегі қоры таусыла беретін материалға «запас» беруді сұрап жататын.
Біздің газет ұжымы үшінші қабатта отыратын. Бірде жоғары көтеріліп келе жатсақ, екіншіден үшінші қабатқа өтер тұста Дәкең тұр. Жеңгем зеренділік, әдетте «құдашалап» шымшыма әзіл-қалжыңымен қарсы алатын әріптестің бүгінгі жүзі салқын, қабағы келіспей қалыпты. Жанынан өткен-кеткендерге бір шұғыл нұсқауды беріп жатыр екен. Мені де тоқтатып алды.
–Алдағы дүйсенбіден бастап редактор кезекті еңбек демалысына шығады. Бір ай бойы ұжымды мен қадағалаймын. Бәріңе ерте ескертем, жұмыстан себепсіз қалу, планеркадан кешігу, «запасты» жеткізбей беру деген болмасын. Осы талаптан шықпасаңдар, аяушылық жоқ, оңдырмаймын,–деді кәдімгідей түсін суытып. Дәуренбектің әп-сәтте өзгере салатын мінезіне, қыңыр қалжыңдарына, шымшыма сөздеріне үйренген біз ешбірін көңілге алмаушы едік.
– Сіздікі дұрыс, жарайды,–деп қасынан өте бердік.
Сол дүйсенбіден бастап Дәкең ұшқалаң жиналысты өзі бас болып өткізіп жүрді. Онда өткен аптаға қорытынды жасалып, алға жоспар түзіледі. Бірде осындай кезекті жиын басталып кетіпті, екі қызметкер қыз планеркаға сәл кешігіп кіріп, орнымызға ақырын жайғаса бердік. Дәкең басын көтермей жиналысын жүргізіп жатқан. Біз орындыққа отырар-отырмастан жаңа бастық сол отырған күйі, сөзін кілт тоқтатып, қолын алға ұмсынды.
–Анау гүлді, гүлді, гүлді,–деді. Үнемі жиналыс өтетін бөлменің дәл ортасындағы қоңыр құмырада басы салбырап жасанды жалғыз сары гүл тұратын, соны қолымен нұсқады. Жиынды тоқтата салып, құмырадағы гүлді айтып кеткен басшының сөзіне түк түсінбей тәмам ел отыр. Қатарласа тізіліп отырғандар біресе гүлге, біресе Дәкеңе қарады. Кешігіп кіргенімізге ашулы ағамыз сары гүлді алып бізге қарай атып жібермесе нетті,–деп қыпылдап біз отырмыз. Бірақ, Дәкең сөзінен жаңылған жоқ. Тағы да: –Гүлді, гүлді, гүлді,–деді. Елден елгезек Раушан Омарова орнынан атып тұрды.
–Ағай, гүлді не істейін, гүлді не істейін?–деді дағдарып.
–Ана кешігіп кірген қыздарға қаратып гүлдің сары басын бұрып қойшы,–дегені. Сөздің астарын енді түсінген топ, «әй Дәкең-ай!» деп ду күлді. Сөйтіп, бастығымыз «оңдырмаймын» деген сөзінде тұрды. Кешігіп келгендерді назарынан қағыс жібермей, әдемі қалжыңымен қағытып, тілімен шымшып өтті.
Ол таң атпай қызметке кірісіп, жұмысын да тындыра, жүрген ортасын күлкіге бөгіп жүретін. Бірде 8 наурыз мерекесінің алды еді. Редакцияның қыз-келіншектері барымызды киіп, байлауышымызды тағып жұмысқа келдік. Ол кезде ұжымда ер адамдар көп болатын. Бәрімізді жиып, құттықтап, әрбірімізге жыр арналған қабырға газетін шығарып, салтанатты сәт сыйлайтын. Соған қатысуға қыз біткен машбюрода жиналып отырсақ, қолына бір парақ қағаз ұстаған Дәуренбек кірді. Кірді де әлем-жәлем киінген бізге қарап: «Құдай біледі, осы тұрғанда үстеріңе бір емес, екі құтыдан тройной одеколонды шылқытып құйып алып, келіп тұрсыңдар» дегені. Әтірді пайдаланғанымыз шын еді. Шамадан асып кеткенімізді Дәкең бірден сезіп, бетімізге салқ еткізді. Ұялған тек тұрмас деп, бәріміз ду күлдік. Мерекелік күніміз сөйтіп күлкімен басталып еді.
2015 жылдың қазан айында қарттарды қолдау айлығына байланыс-
ты «Көкше-Медиа» серіктестігі «Көкшетау» және «Степной маяк» газеттерінде саналы ғұмырын өткізген зейнеткерлерді редакцияға шақырып еді. Сол жолы көпшілікке есімдері таныс Рүстем Бермағамбетов, Баян Нүрпейісов, Балталы Сәрсенбаев, Қарашаш Мұхамедрахимова, Қайыркеш Сүлейменова, Зәуре Жанаева, Зейнелғарап Егізбаева, Орынбасар Төкенова, Күлзейнеп Айсина, Мараш Рахымова, Айман Тоқмейілова, Раушан Мырзалина секілді аға ұрпақ бір-бірімен жүздесті. Апайлар ақкөңіл, жайдары мінезді Баян ағаны орталарына алып, өткен күндердің қызықты сәттерін еске алып, арқа-жарқа пікірлесіп еді. Сол жолы қара шаңыраққа жиналған ардагерлер ән тыңдап, дәм татып қызықты күндерін еске алып, бір жасап қалып еді-ау. Көзді ашып-жұмғанша өте шығар қас-қағымдық сол шақта болған қарттардың бүгінде біразы жоқ. Бірақ, ұмытылмас сәт, жадымызда жазылып естелік қалды.
Сол жарқын кездесуде газет редакторы Серік Сапарұлы әр зейнеткерге ерекше ықылас танытып, ақ тілегін айтты. «Үйлеріңізге барып асықпай шай ішіп, осы сәтті ұмытпай еске алыңыздар» деп қолымызға сый-сияпат толы бір-бір себет ұсынды. Жапа-тармағай себетті алып, қарап жатырмыз. Ішінде бәрі де бар екен, бірақ өзімнің көзіме ерекше түскені сырты әдемі қағазбен әдіптеліп, аппақ бөтелкеге құйылған шұбат еді. Қымызды ала жаздай алуға тырысамыз, ал, түйе малының шұбаттай сусыны бізге шынымен таңсық еді. Өзіміз жиі ала бермейтін сусынды қолыма алып, қарап жатырмын. Қазақстандағы «Саржайлау» корпорациясынан өндірілген, дәмі тіл үйіретін «Бозінген» деген шұбат екен. Сол редакция шаңырағында ардагерлермен өткен кездесуден кейін көп күн өтпей Горький көшесі мен Әуелбеков көшесінің қиылысынан әріптес аға Дәуренбекті кездестірдім. Үстінде спорттық көк костюмі бар, жүзі алаулап, моншадан шыққан беті екен.
– О, құдаша, қалайсың,–деп кездесе кеткенімізге қуанып қалды. –Зейнеткерлік те бір жақсы кезең екен. Ешқайда асықпайсың, балалар қасыңда, рахат. Айтпақшы, қазір қазан айы ғой. Өзіңді қарттар айымен құттықтауға қимай тұрмын,–деп аңқылдай күлді. –Моншадан шықтым, осы тұрғанда тамағым кеуіп, қаталап, шөлдеп тұрмын. Сіміріп іше салатын бір сұп-суық сусын болса ғой,–деді. –Қазанда сендерді қара шаңырақ – «Көкшетау» газеті шақырыпты ғой. Баян ағаны көргем, өте риза көңілде екен. Тіпті, сарқыт үлестіріпті. Сарқыттың ішінде не бар екен?–деді әдетінше қуланып. –Бәрі бар. – Салынған сусынды айтсаңызшы, қазақтың кең, сап-сары жайлауынан шыққан «Бозінген» деген шұбат бар екен. Дәмі қандай, тіл үйіреді,–дедім құбылтып.
–Бозінген дедің бе, шұбаттың атауы жақсы екен. Қаным кеуіп, сусап тұрғанда сіміріп шұбат ішкендей күйде тұрмын. Құдаша, жарайсың, жауапты қатырдың,–деп көңілі әп-сәтте көтеріле, лекітіп ал күлсін!
Ақтарыла келіп бір күлді-ау. Оған қарап, мен де мәз болдым. Күзгі суықта денесі тоңазып кетті ме, әлде тезірек барып шұбат алып ішкісі келді ме, Дәкең сол күлген қалпымен асығыс қоштасты да, жалт бұрылып жөнеле берді. Жөпелдемеде оған не болғанын өзім де түсінбей, орнымда қалқиып қала бердім. Сол қозғалмаған қалыппен Дәкеңнің сұлбасы көзден ғайып болғанша артынан қарап тұрдым. Бұл қазан айының соңғы аптасы болатын. Қарашаның басында суық хабар жетті.
Бүгін қала орталығындағы Назарбаев пен Әуелбеков сияқты қазақтың екі алыбының атындағы көше қиылысынан өткен са-йын санадан өшпес «Бозінген» оқиғасы есіме түседі. Бірқақпайы бітпейтін Дәкеңнің сол бейнесі алыстан дес береді. Аяулы ұлы Асланнан айырылып, қабырғасы қайысып жүрсе де, өз жарасын өзі жазып, әския әзілімен айналасына да шуағын шаша білуші еді. Сұп-суық шұбат ішкендей болдым-ау деп аңқылдай сөйлеп үйіне жүгіре жөнелген әріптес ағаны ойға алсам, тайлағын көруге асыққан Аруана ма, иен даладан ботасын боздай іздеген Бозінген бе, бір қимас сурет көз алдымда көлбеңдей қалады…
Иә, өмір қас-қағым сәт екен. Көзді ашып-жұмғанша өте шығар өткінші дүниеде басымыздан өткен бал кезеңнің әдемі де әсерлі шақтарын еске алғанға не жетсін!
Шынар БЕКМАҒАНБЕТҚЫЗЫ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар