Отанын қорғаған қос бауыр

Талай арыстарды дүниеге әкелген көрікті Көкше топырағында туып, осы өңірде бар саналы ғұмырлары ұстаздықпен өткен ағайынды Рахымжан және Рахмет Сыздықовтарды Көкшетау-Омбы бағытында жатқан қалың елдің біразы жақсы білсе керек.

Бүгінде арамызда жоқ бұл кісілердің екеуі де алтынның сынығындай, туған еліне майдандағы ерлігімен де, бейбіт өмірдегі қалтқысыз қызметімен де еңбектері сіңген жандар еді. Әлі күнге есімдері атала қалса, білетіндер тік тұрады. Көздері тірісінде адамгершіліктері, қарапайымдылықтары мен көңілдерінің кең даладай кеңдіктері үлкеннен кішіге дейін жақсы мәлім болып кеткен ағалы-інілілердің тегін атаның баласы емес екендіктері, атақты Тезекбай ақынның шөбересі болып келетіндіктері де бойларына осыншама жақсылық пен тектілікті үйіп-төгіп бере салған ба дейсің.
1964 жылы Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасы жарыққа шығарған «Айтыс» кітабының бірінші томында айтылғанындай, бұрынғы Көкшетау облысының Чкалов ауданы Амандық ауылының аумағында кедей шаруаның отбасында дүниеге келген Тезекбай ақынды заманында сөзбен бірде-бір қарсыласы жеңе алмаса керек. Айтыста алдына жан салмаған атақты Кемпірбай, Жәмішбайды, аға сұлтан Құнанбайдың бас ақыны Балтаны тізе бүктірген, шоқтығы биік Шөже ақынды да сүріндірген осы Тезекбай Шоқтыбайұлы көрінеді. «Өнер өріссіз болмайды» дегендей, кейін Тезекбай ақынның қара сөздегі осы дүлдүлділігі туған жиені, Қазақ ССР-інің Халық ақыны Қалия Жұбандықовқа да қонған. Ал, біз айтып отырған асылдың сынықтары Рахымжан және Рахмет Сыздықовтар Тезекбайдың туған інісі Жарылғастан тарайды.
Қос ұстаз, Ұлы Отан соғысының қос ардагері өмір бойы өздерін жарық дүниеге әкеліп, адами қасиеттерге жетелеген туған топырақтарына адал болып, шағын ғана Талдыкөл ауылында қарапайым ғұмыр кешті. Рахымжан 1921 жылдың төлі болса, інісі Рахмет 1924 жылы туыпты. Ашаршылығы да, басқа қиын-қыстау ауыртпалықтары да аз болмаған сол бір аумалы-төкпелі тұста екі бала артельдің қойын бағып, әкелері бір күнкөрістің қамымен сонау Қарағанды асып, елбеп-селбеп өзек жалғағандары да былайғы жұрттың көз алдында болатын. Одан әрі отызыншы жылдардың ортасынан ауа Щучьенің педтехникумында мұғалімдік оқуға аяқ іліктірген Рахымжанның сабақтан тыс бар уақыты өзіндей ашқұрсақ бозбалалармен вокзал жағалап, өкіметтің отын-суын түсірумен, мал ұстайтындардың малын жайлап, шөбін үйісумен өтті. Ақыры, уақытты жеткенде педтехникумды да тәмамдап, Чкаловтың ту сыртындағы Зеленый Гай мектебінде ұстаз атанып, балаларға сабақ беруге кіріседі. Бұл кезде інісі Рахмет те Петропавл педагогикалық училищесінде оқып, ағасының жолын қуа бастаған өндір жас еді.
Арада екі жыл өткенде енді-енді ыңғайына келе бастаған бейбіт заманның шырқын бұзып, батыстан соғыс өрті бұрқ ете түсті. Онымен бірге зұлым жаудан елін, жерін қорғауға құлшынып, кеудесі кекке толған жастардан да маза кетті. Алдымен қан майданға 1941 жылы ағайындылардың кішісі Рахмет алынды. Ал, 1942 жылдың қақаған қысында інісінің соңынан ағасы да әскерге шақырылып, Рахымжан мінген эшелон да бірінші Украин майданына табан тіреді. Сөйтіп, ағалы-інілілер бірі миномет дивизионында оқтаушы, бірі атқыштар взводының командирі болып, бұрын-соңды адамзат тарихы білмеген ең қанқұйлы соғыстың от-жалынына кірді де кетті.
Содан Рахымжан Сыздықовтың ерлікке толы жауынгерлік жолы Калинин майданында жалғасты. Жеңіс үшін бір жараланып, бір қатарға қосылып, ақыры не керек, соғыс аяқталған соң Қиыр Шығыста жапон милитаристерімен болған ұрыстарға да қатысуына тура келіп, бұйырған марапаттарымен елге қатарластарының соңын ала бір-ақ оралды. Ал, туған бауыры Рахмет болса, атақты Курск иінінде, одан Белорусь майданы мен Дунай өзені бойында ұрыс сала отырып, соғысты Германияның өз жерінде аяқтады. Осы қанды қасапта көрсеткен ерлігі үшін омырауында «Даңқ» ордені жарқырап, елге екінші топтағы мүгедектік пен жан ауыртпалығына қоса, тән ауырпалығын арқалап жеткендердің бірі осы Рахаң еді.
Бұдан әрі жағдай белгілі, күтіп тұрған ұстаздық қызметтері өмірдің өздері енді-енді бойлай түскен таныс соқпағына салды да жіберді. Рахымжан аға әуелі Чкалов ауданындағы Аққұдық орта мектебінің негізін қаласты. Одан әрі Красноармеец ауданының Ильич, Старо-Сухотино селоларында мұғалім болды. Ал, 1952 жылдан бастап Талдыкөл мектебіне ауысып, өмір бойы осында табан аудармастан ұстаздық етті. Осы орайда, тоқсаннан асып барып тұйықталған ғұмырының 62 жылы жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие берумен өткен екен. Бұл – екінің біріне бұйыра бермес нағыз өнегелі өмірдің өзі болса керек. Ал, ұбақ-шұбақ осы жылдар ішінде алдынан өткен жүздеген шәкірттеріне келсек, бір-бір қызметтің тізгінін ұстағандарды айтпағанның өзінде, әйгілі әнші, Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Еркін Біржановтың өзі неге тұрады?!
Ағалы-інілі қос майдангерді кейін ұстаздық қызметтің де бірге жұптастырып, өмір асуымен қосақтап ала тартқанын жақсылыққа балайсың. Өйткені, екеуі бұл жағынан да бірінен-бірі үйреніп, бір-біріне сүйеніп дегендей, Чкалов ауданының көп елді мекендерінде өшпес іздерін қалдырды. Рахмет аға соғыстан кейінгі ұстаздық жолын 1-інші Октябрь жетіжылдық мектебінен бастаса, одан әрі Аққұдық, Золоторун, Талдыкөл мектептерінің көшін түзесіп, Сүгірбай сегізжылдық мектебінде басшылық қызмет атқарды. Одан Амандық мектебінде еңбек етіп, 1969 жылы Талдыкөл мектебіне қайта директор болып оралды. Осылай бар саналы ғұмыры қашан 1997 жылы зейнет демалысына шыққанша, осы білім ордасының тізгінін мықтап ұстаумен өтті. Қазақ ауылы болса да, ол кезде оқудың орысшаланып кеткені жанына бата жүріп, 1986 жылы осы мектепте біраз үзілістен кейін алғашқы қазақ кластарын ашты. Сөйтіп, зейнет демалысына шыққанда өзі жетекшілік еткен білім ордасын қазақ мектебіне айналдырып кеткені өз есебінше, қырық жылдан астам ұстаздық қызметінің ең бір шоқтығы болып, жан жүрегін жылытумен жүрді.
Осы бір риясыз еңбектерімен заман, ұрпақ көшін алға жетелеген ағайындылардан тағы қандай ұлағат қалды десек, әрине, ойымызға бірден екеуінің де татулығы жарасқан іргелі шаңырақтары, соңдарынан ерген бала-шаға, немере-шөберелері түседі. Соғыстан кейін Зүбайра апамызбен отау тіккен Рахымжан ата бес ұл, алты қыздың әкесі атанып, солардың бәрінің дерлік қолын жоғары білімге жеткізген нағыз кеңпейіл, жаңашыл жанның өзі еді. Әке өнегесі дарымаса, бүгінде осы ұл-қыздарының бесеуі өз ісін жалғастырып, білім қызметкері болар ма еді?! 2001 жылдың көктемінде Жеңіс мерекесіне бірер күн ғана жетпей, Көкшетау қаласында 77 жасында дүниеден озған інісі Рахмет Сыздықовтың да ендігі өмір көші өзі жақсы жолға салып кеткен өнегелі, өрісті ұрпағымен берік жалғасын таба берері сөзсіз. Бертін көз жұмған Маңғаз апамызбен бірге өзі тәрбиелеп өсірген сегіз ұл-қызының бәрі де бұл күнде өмірден өз жолдарын тапқан бір-бір шаңырақ иесі. Ағасы Рахымжанның отбасында бес бала әкесіне тартып ұстаз атанса, бұл шаңырақта бес ұл ішкі істер органдарында қызмет атқарып, алдыңғылары зейнеткерлікке шығып отыр.
Жылдағы Ұлы Жеңіс мерекесі де келіп қалған осы бір талайлар үшін толғанысты шақта әуелі мектебі жабылып, одан халқы тарап, жан-жаққа табан тіреген қайран, Талдыкөл атырабы да өз ерлерін, өз боздақтарын бір іздемей қойсын ба?! Бертінде құдай қосқан қосағы Рахымжан ағаны да қимай қара жер қойнына берген Батыр ана Зүбайра апамыздың да осы әулеттен тараған жиырма шақты ұл-қыз, олардан өрбіген немере-шөберелерге өзі бас болып, солардың амандығын тілеп отырғандығы күні кеше ғана сияқты еді. Уақыттың дегенімен, ол кісі де қазір өмірде жоқ. Өлең-жырда Арқаның дес берген бір дүлдүлі саналған Тезекбай аталарынан бері тартқан өнегелі үрдістің жалғасы іспеттес өздері де ән-күй мен жазу-сызуда қара жаяу болмаған қос жайсаңның аты әлі де ел жадында талай жаңғыра түсері анық. Өйткені, «жақсылар өлмейді» деген қағида әманда халықпен бірге жасай бермекші. Осы арада біз көздері тірісінде өздерімен талай жүздесіп, талай дидарласқан қос ағаға деген ілтипатымызды 2011 жылы Рахмет Сыздықовтың рухына арналып жазылған «Талдыкөлде бір белгі» атты мына бір өлеңімізбен қорытындыласақ, орынды болмақ.
Көрмегенді соғыс сізге көрсетті,
Отан сенген бермедіңіз сол шепті.
Тұяғы ғой деді ме екен тектінің,
Жолыңызды Алла әрі өлшепті.

Ел айтады бүгін міне, естелік,
Ерліктерін майдангердің ескеріп.
Талдыкөлде бір белгі боп жатырсыз,
Жаныңызға кәрі-жас пен дос серік.

Жырын жазды сізді ұнатып ақындар,
Хатын жазды көңілі бір жақындар.
Үйіңізден арылмады тілшілер,
Жақсылыққа жаршы деген аты бар.

Ер болмайды ақыл, намыс, өресіз,
Жер болмайды бәрін көрер төбесіз.
Он жыл бұрын арамыздан кеткенмен,
Жүректерді әлі аңсатып келесіз…
Қайырбай Төреғожа.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар