Жетпіс бес жыл өткен соң табылған дерек

Әлидің баласы Мәжит майдан шебіне аттанғанда жасы небары 19-да болатын. Бұғанасы қатпай жатып ол да ағасы Хамиттың артынан ел қорғауға аттанып кете барды. Макин ауданы Қыстау-Қарағай ауылынан талай боздақ майданға осылай аттанған еді.

Анасы Жанғаным қос құлыны үшін талай таңды көз ілмей атырып, өліммен айқасып, қып-қызыл оттың ішінде жүрген балаларының аман келуін Алладан сансыз рет жалбарынып сұрады. Алайда, Мәжиттен хат-хабар сирей берді де күрт үзілді. Бар медеті, алданышы қайыңның қабығына жазылған соңғы хаты еді…
Левитанның қуатты дауысы күннен-күнге ел ішіне жарқын бір тың серпін әкеліп жатқандай. Кеңес әскері жауыз фашистерге аянбай тойтарыс беріп жатқанын, жауды кейін шегінуге мәжбүр еткенін жалынды түрде жар сала айтып жатса да, ана көңілі бір серпілмей қойды. Қыстау-Қарағайдағы кей шаңыраққа бір тілім қара қағаз келіп күңірентіп жатса, кей шаңыраққа аяқ қолынан айырылған баласы не ері орала бастады. Баласын күткен Ана мен ерін күткен әйел, әкесін күткен бала үшін соның өзі зор қуаныш еді.Ұлы Жеңістен кейін үлкен баласы Хамит та майданнан аман-сау оралып, үй-ішімен қауышты. Алайда, Мәжиттен хат келмеді. Баласына деген сарғайған сағынышы мен күңіренген мұңы Жанғанымның өле-өлгенше серігіне айналып, бақиға өзімен бірге аттанып кете барды. Ал, Мәжит ағамыз жайлы хабарға жетпіс бес жыл өткенде барып қол жеткіздік. Мәлімет Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің архивінің электрондық базаларынан табылды. Әкеміз Хамиттың да алпыс жыл армандап, қол жеткізе алмай кеткен арманы еді, сол парыз орындалғандай күй кештік. Өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанғандай болды.
«Память народа» желісінің мәліметіне сүйенсек 200-ші атқыштар дивизиясының құрамында ерлік көрсеткен Мәжит Әлиев 1944-ші жылдың қысында Невель қаласының түбіндегі шайқаста қаза тапқан екен. Мәжит 1941 жылы соғысқа алынғанда Магнитогорск, Самара, Пенза, Тамбов қалаларын басып өтіп, Украина жерінде 200-ші атқыштар дивизиясының құрамына қабылданған. Бұл дивизия 1941-1942 жылдары Украинаның солтүстігі мен шығысын жаудан азат етуге ат салысқаннан кейін Калинин майданына ойысады. 1943 жылдың қысында Калинин майданы 1-ші Балтық майданы болып өзгертілгеннен соң дивизия құрамы Балтық елдері арқылы Польша жеріне өтіп, Варшава маңындағы ұрыста жауға белсене қарсылық көрсетеді. 1943 жылдың жазында дивизия Польша жерінен қайтадан Ресей жеріндегі ұрыс даласына ойысады. Сөйтіп, 1943 жылдың аяғында Невель қаласы маңындағы қиян-кескі шайқаста Мәжит жау оғынан қаза табады.
2019 жылдың көктемінде Пустошка аудандық әскери комиссариатының араласуымен Мәжит Әлиевтің есімі белгісіз жауынгер бейітіндегі тізімде мәңгі орын тепті.
Псков облысы Невель қаласын Қазақстанда жасақталған 100-ші атқыштар бригадасы жаудан қорғағаны белгілі. Бригаданың сапында Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметова, қазақтың батыр ұлдары, құралайды көзге атқан мерген Ибрайым Сүлейменов, Әбілқайыр Баймолдин сынды солдаттар ерлікпен қаза тауып, осы Невель қаласында жерленген. Қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлова Невель қаласынан 40 шақырымдай жерде орналасқан Новосокольники қаласының тұсында ерлікпен қаза тауып, сонда жерленген екен.
Өз кезегінде осы Қыстау-Қарағай ауылының тағы бір тумасы, ағамыз Уашев Дүйсенбайдың тағдыры жайлы айтқымыз келеді. 25 жасар Дүйсенбай 212-ші атқыштар дивизиясының құрамында Сталинград үшін шайқасқа қатысып, Украина, Белоруссия, Ресей, Балтық елдерін, Польшаны азат етіп, 1945 жылы 24 сәуірінде Берлин түбіндегі Бранденбург жеріндегі Щтольценхаген елді мекенінде госпитальға түсіп, сол жарақатынан көз жұмған. Жеңіске санаулы ғана күндер қалғанда өмірмен қош айтысқан. Осыған байланысты бір айта кететін жағдай, Дүйсенбайдың есімі қате жазылуынан неше жылдар бойы қаза тапқан солдаттың табылуына кедергі болған. Ағамыз жайлы дерекке «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігінің арқасында 70 жылдан аса уақыттан кейін қол жеткіздік. Соғыста қаза тапқан барлық жауынгерлердің жатқан жерлері жарық, топырағы торқа болсын деп дұға етеміз. Келер ұрпақтың бейбіт өмірі үшін қасық қаны қалғанша аянбай зұлым жаумен аянбай шайқасқан ерлер есімі жүрегімізде мәңгі сақталары анық.
Жанар ӘЛИЕВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар