Отан үшін от кешкен әулет

Жармағанбет Сәдуақасұлы Нұрмағамбетов 1901 жылы ақпан айында дүниеге келген екен. Жастық шағы қазіргі Ақмола облысы Романовка елді мекенінің бөлімшесі Сарыкөл ауылында өтіпті. 1935 жылы сол ауылда Мақанқызы Қапаш анамызбен шаңырақ көтереді. 1937 жылы 11 сәуірде тұңғыш қыздары Баян дүниеге келеді.

1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталған кезде әкеміз де сарбаздармен бірге сұрапыл соғысқа аттанады. Артында тілеуін тілеп отбасы қалады. Соңынан ерген екі бауыры Тәжмағанбет пен Оралды балалар үйіне тапсырып кетеді.
1942 жылы Украинаның Харьков қаласында оң қолына оқ тиіп жараланып, Мәскеуге госпитальге жіберіледі. Одан соң елге босатылып, содан аздап денсаулығы жақсарған соң әкеміз соғысқа қайтадан сұранады. Сонда әскер басшылары «бір қолмен қалай соғысасыз, мылтықты қалай ұстайсыз, осы ерлігіңізбен елде қалыңыз» деген екен. Көп ұзамай соғысқа кетерде балалар үйіне тастап кеткен екі бауырын іздеп тауыпты. Екеуін екі жаққа айырып жіберсе керек. Інісі Тәжмағанбет Сәдуақасов Сарыкөлде отбасын құрып, балалы-шағалы болады.
Әкем екінші дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Жеңіске – 20 жыл», басқа да мерекелік медальдармен марапатталады. Бірақ, өте қарапайым адам болғандықтан, біреуін кеудесіне таққан емес. Мен майданға атақ үшін емес, ел үшін, Отан үшін бардым дейтін. Орден тағып жүруді мақтаныш көрмейтін. Бұл қасиеті де әкемнің қарапайым жан болғанын көрсетсе керек.
Соғыстан кейінгі кезеңдерде осы елде еңбек етті. Мал шаруашылығымен айналысты. Үйір-үйір жылқысы бола тұра, қарапайымдылық пен адамгершілікті бірінші орынға қоятын. Атқа мінгенді жақсы көретін. Оның өзі әкем үшін спорт, таза ауаға шығу, бой сергіту болды деп білемін. 1946 жылы 22 маусымда Ескермес атты ұлы дүниеге келеді. 1952 жылы 8 мамырда қызы Алтынайдар, мен дүниеге келдім. Әкем балаларын ерекше жақсы көрді. Әрдайым бізді еркелетіп, мейірімді бола білді.
Әкемнің өмір жолы әрі қарай «Аршаты» совхозында жалғасты. Балаларына туған жерін көрсетіп, Ши деген ауылда өзінің анасы Ұлтуар және інісі Ермағанбеттің жерленгенін айтатын. Аршатыда өмірге келгендіктен, осы жерде дүние салсам арманым жоқ дейтін. Осы жерде Ескермес ағам 1970 жылы Дақай жеңгеммен шаңырақ көтеріп, 4 баланың ата-анасы атанды. Әкемнің Ибраһим, Абай, Ағыбай, Алтынгүл атты немерелерінен Ибраһим 25 жасында мезгілсіз дүниеден өтеді.
«Елден ел кетсе – жұт, елге ел келсе – құт» демекші, анамыз немерелерімен 2001 жылы Сарыкөл ауылына қайта көшіп келеді. Өзі келін болып түскен осы ауылда 2002 жылы 90 жасқа қараған шағында дүние салды. Осы Сарыкөл ауылында қазіргі таңда әкемнің немересі Абай келіншегі Айнұрмен тұрып жатыр. Алтынай, Тұрсынай, Бақдәулет деген балалары бар.
Әкем жайлы көп естелік айтуға болады. Ол кісі өте мейірбан, қонақжай, ақжарқын, ақкөңіл, сабырлы адам болды. Ол кезде хат танып, оқуға мүмкіндік болмаса да, әкем өз балаларына қазақтың шежіресін, батырлардың жыр-дастандарын жатқа айтып отыратын. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, қазіргі ауыл ақсақалдары әкем жайлы көп естелік әңгімелер айтып отыратын. Әкеміз кеңес дәуірінде өмір сүрсе де аузынан иманы, қолынан құраны түспейтін. Бес уақыт намазын қаза қылмай оқитын.
«Қарты бар үйдің қазынасы бар» дейді қазақ, әкем Жармағанбет, анам Қапаш елге елеулі, халыққа қалаулы, үлгі тұтатын отбасы, ардақты ана, абзал жандар болды. Анамыз оң қолынан өнер тамған ісмер еді. Соғыс уақытында өз қолымен майдандағы жауынгерлерге арнап қолғап, шұлық тоқығаны да бар.
Осындай елін сүйген, елі үшін жанын берген ер-азаматтарымыз бен аяулы аналарымыздың арқасында сұрапыл соғысты да жеңдік. Батыр Бауыржан атамыздың «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деген мақалы осындай жандарға айтылғаны сөзсіз. Ұрпақтарына әкеміздің батырлығын, қайсарлығын, жігерлілігі мен бауырмалдылығын айтудан жалықпаймын. Елімізде енді мұндай жағдай болмасын, береке-бірлігіміз арта берсін!
Алтынайдар ЖАРМАҒАНБЕТҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар