Әскери ұшақтың әмбебап маманы

Менің атам, авиация майоры Тұрлыбек Ахметжанұлы Кәрімов 1939 жылы 2 қаңтарда Ресейдің Свердлов облысы Сухоложский ауданы Троицк ауылында дүниеге келген.

Ұлы Отан соғысы басталатын жылы атам отбасымен Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы Украинск ауылында тұрған. Сол ауылда мектепті бітіріп, 1959-1962 жылдары Ресейдегі Иркутск қаласының әскери авиациялық-техникалық училищесінде техник-механик мамандығын оқып шықты. Кеңес Одағының Қарулы Күштерінде 1959-1985 жылдар аралығында курсанттан бастап авиация полигонының бастығы қызметіне дейін көтерілді. 1959-1985 жылдар аралығында қызметінің жемісі ретінде кеудесінде 7 медаль жарқырап, 32 алғыс, көптеген грамоталар мен «Алтын қолды шебер» дипломын алған.

Атамның медальдарының арасынан Ұлы Отан соғысы Жеңісіне 20 жыл, КСРО Қарулы Күштерінің құрылғанына 50 жыл медальдарын атап өтуге болады. Мінсіз қызметі үшін – 10 жыл (1969), Мінсіз қызметі үшін – 15 жыл (1974), КСРО Қарулы Күштерінің құрылғанына – 60 жыл (1978), Мінсіз қызметі үшін – 20 жыл (1979), Мінсіз қызметі үшін – 25 жыл (1984) секілді медальдар бар.

Кезінде Киев, Саратов қалалары мен Шығыс Қазақстан облысының Шаған бекетінде орналасқан Кеңес Одағының авиациялық ұшу алаңдарында ТУ-16, ТУ-95, АН-12 ұшақтарын ұшуға дайындады. Осы әрбір ұшқан ұшаққа техникалық бабы жағынан жауапты болды.
1985 жылы 23 мамырда құрметті зейнет демалысына шығып, Көкшетау қаласына қоныс аударды. Ақан сері атындағы мәдениет колледжінде студенттерге дәріс берді және Көкшетау қаласының әскери комиссариатында оператор болып жұмыс істеді.

Атам өмірден ерте озып, 1988 жылы 7 нау-рызда қайтыс болды. Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы Есперлі ауылында туған-туыстарының қасында жерленген. Мен атам сияқты біздің Қарулы Күштердің барлық қызметкерлері мен ардагерлерін 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні және Ұлы Жеңіс мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! Еліміздің өркендеуі жолында атқарып жатқан игі қызметтеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, мол бақыт және бейбіт ғұмыр тілеймін. Ал, Отан алдындағы дәл осындай қызметін мінсіз атқарған аяулы атамның бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі сақталатыны даусыз.
Бауыржан Тұрлыбеков,
немересі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар