Жауынгер хаты

Майданнан келген әрбір хат жауынгердің туыстарының ғана емес, барша ауылдастарының көңілін демейтін, жеңісті күнге жетуге ынталандыратын, қиындықтарды жеңуге құлшындыратын дем беруші күш-қуат болғаны белгілі.

Өкінішке орай, сақталып қалған майдангерлердің бірлі-жарым хаттарын бүгінде тек мұражайлардан ғана табуға болады. Дегенмен, майданнан жазылған жауынгер хатын көздерінің қарашығындай сақтап қалғандар да бар. Ұлы Жеңіс күні қарсаңында редакциямызға 10 жастағы Нәби Темірхан деген оқушы бала майдангер атасының хатын жіберген екен. Хаттың мазмұнына қарағанда майданға аттанып бара жатқан жолда жазылған сияқты. Біз бүгін майдангер хатын айна-қатесіз сол қалпында оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Амандық хат

Үй ішіне, ініміз Сәкенге, яғни, келіндерге, балаларға, жолдасым Капышқа, ағайын-туысқандарға, Шәріп, Жәкіш, Бәбоғұлға, Рақия, Күлмайданға, Сарашқа бәріңізге де сағынышты сәлем, тілектес туысыңыз Қабдолладан.
Менің балаларым тегіс аман ба? Ал, менің амандығыма келсем, аман-сау жүріп жатырмын. Әзір тұрмыс жаман емес. Бірақ, жолда жағдай ауыр болды. Вагон алып, жетпіс кісі мініп келдік, тығыз болып, біраз қиындық болды. Ауылдан барған жігіттер біргеміз.

Шадан да қосылды, әскер тәртібін қолданып жүр, тәртібі өте қатты.
Басқа не жазайын. Қош, тілектес болыңдар.

Біздің адресіміз:
г. Прикаспийский,
станция Усат Шахт.
Қабдолла Доскенов.

Міне, майдангер хатында осылай жазылған. Біз Ұлы Отан соғысында жанқиярлық ерлік көрсеткен жауынгер аталарымызды ешқашан ұмытпаймыз. Біз – Ұлы Жеңісті әкелген жауынгерлердің ұрпағымыз!
Наби Темірхан.
Көкшетау қаласы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар