Ержүрек десантшы

Қазақта «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген мақал бар. Еліміз тәуелсіздігін алып ана арманы орындалған, әке батасы қабыл болған, өз қолымыз өз аузымызға жеткен заманда, Ұлы Жеңістің 76 жылдығы қарсаңында қазақтың тағы бір майдангер тұлғасын еске алсақ аруағы риза болар. Олай болса, ендігі айтпақ әңгіме менің атам Қойлыбай Алпысұлы жайында болмақшы.

Қойлыбай Алпысұлы 1910 жылы 21 қаңтар күні бұрынғы Ақмола қаласында дүниеге келген. Үлкен әкесінің аты Бесбай. 1941 жылы 22 маусым күні екінші дүниежүзілік соғыс басталысымен, аталмыш қаланың әскери комиссариатының арнайы шақыру қағазымен шұғыл әскер қатарына алынады. 1941-1942 жылдар аралығында Иваново қаласында арнайы десанттарды дайындайтын мектептің дайындығынан өтеді. Артынша сұрапыл соғысқа көп десантшының бірі болып аттанады. Өзінің майданнан қайтқанда алып келген десанттық жеке кітапшасына қарасақ, 32 рет парашютпен самолеттен секіргендігі жазылған.

Әжемнің атам көзі тірісінде өз аузынан естіген әңгімелеріне мән берсек, атам Сталиннің тікелей бұйрығымен құрылған жоғарғы Қолбасшының резерві қатарында әскери міндетін атқарыпты. Сонымен қатар, менің атам соғыс жылдары десанттар мектебінің қабырғасында шопырлар курсында оқып, жүргізуші куәлігін де алған.

Сұрапыл соғыс аяқталып, атам елге оралғаннан кейін қол қусырып отырмай, соғыстан кейін тұралап қалған шаруашылықты көтеруге өз үлесін қосады. Өңірде тек өндірісті ғана емес, ауыл шаруашылығын көтеру жайлы мәселе туындағанда, облыстың бірінші хатшысының шешімімен атам Қойлыбай мен үлкен ағасы Жылқыбай атам екеуін Қорғалжын өңіріне жіберген екен. Жылқыбай ата электрлендіру саласына, ал, Қойлыбай ата техника саласына өз үлесін қосқан. Келген бетте шопыр курсын ашқан. Бүгінгі күнде осы курстан білім алған шәкірттері ауыл экономикасын көтеруге өз үлестерін қосқан ардақты зейнеткерлер.
Қазақта «бас екеу болмай, мал екеу болмайды» демекші, атам өзінен әжептәуір кіші Өрік есімді қызға үйленеді. Әжем дүниеге 6 ұл, 4 қыз алып келген Батыр ана. Атам балаларының ержеткенін көрсе де, олардың қызығын көре алмай кетті.

Мен атамның кенжесі Арғын Қойлыбайұлының қызымын. Осындай әулетте дүниеге келіп, майдангер атамның ұрпағы болғанымды мақтан тұтамын. Жеңістің 76 жылдығы қарсаңында, осы сұрапыл соғыста ерлік көрсеткен ардагерлерге мың алғыс айта отырып, басымды иемін. Ендігі біздің міндет – осы бейбіт өмірді, ата-бабамыздың сыйлаған ұлан-ғайыр жерін сақтап қалу.
Інжу ҚОЙЛЫБАЙ,
Жаңақоныс негізгі мектебінің оқушысы.
Тоғанас ауылы,
Егіндікөл ауданы.

By admin

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Өзге де жаңалықтар