Жыл сайын бұрынғы Кеңес Одағының құрамында болған мемлекеттер екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуына орай, мамыр айының 9 жұлдызында Жеңіс күні мерекесін тойлайды.
Тарихтан оқып білгеніміздей, әлемде неше түрлі соғыстар болып, адамзат сол соғыстардан қатты зардап шеккен. Көптеген қиын-қыстау кездерді, зұлмат соғыстарды қазақ халқы да басынан кешірді. Тәуелсіз ел болғанға дейін қазақ хандығы құрылып ұлт болып қалыптасқанға дейін қаншама қиыншылықтарды бастан өткерді. Жалпы адамзат тарихындағы ең ауыр да қантөгіс соғыс 1941-1945 жылдар аралығында Кеңес Одағы мен фашистік Германия арасында болған Отан соғысы еді. Ол кезде біздің Отанымыз – Қазақстан Кеңестер Одағының құрамында болды. Осы соғыста жиырма миллионнан астам адам қаза тапты, қаншама бала әкесінен, қаншама ана жарынан айырылды. Жүздеген қалалар қирап, көптеген ауылдар мүлдем жойылып кетті.
Бұл соғыста тек майдандағы жауынгерлер ғана емес, сонымен қатар елде қалып еңбек еткен адамдар да Жеңіс күнін жақындатуға көп еңбек сіңірді. Олар зауыттар мен фабрикаларда майданға керекті заттар мен қару-жарақты шығарды. Жауларға атылған әр оқтың жетіншісі қазақ жерінде жасалынды. Ауыл еңбеккерлері күндіз-түні тынбай еңбек етіп, майданға азық-түлік, киімдер жіберді. Әжелеріміз бен апаларымыз жұмыстан кейін ұйықтамастан майдандағы жауынгерлерге арнап жылы қолғаптар мен шұлықтар тоқыды. Мұның бәрін, әрине, Жеңіс үшін жасады. Осылайша барлық соғысқа қарсы адамдар ауызбіршіліктің арқасында Жеңіске жетті. Зұлымдықпен тұтқиылдан соғыс ашқан фашистер жеңіліске ұшырады.
Мен өз халқыммен мақтанамын. Енді соғыс болмасын, ал, біздер өз Отандары үшін жандарын қиған батыр аталарымыз бен апаларымызды ешқашан ұмытпаймыз, олардың ерліктерін үлгі етеміз және де өз елімізді қорғайтын боламыз.
Сандуғаш ӘМІРИНА,
«Сәуле» бөбекжай балабақшасының тәрбиешісі.