Атқарылып жатқан жұмыстар сенаторлар көңілінен шықты

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Дәурен Әділбеков пен Нұрлан Бекенов Ақмола облысында жұмыс сапарымен болып, Зеренді, Сандықтау және Жақсы аудандарында бірқатар нысандарды аралады, еңбек ұжымдарымен кездесіп, Парламенттегі заң шығарушылық қызметтері туралы айтып берді.

Алғашқы ауданда сенаторлар Шағалалы өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысымен танысты. Ол пайдалануға берілгенде, Заречный ауылының тұрғындары жол қатынасы машақатынан құтылатын болады. Бұл жобаның жалпы құны 368 миллион теңгені құрайды. Маусым айының басында нысан толығымен дайын болып, пайдалануға берілмекші. Одан әрі депутаттар Шағалалы орта мектебі мен Шағалалы жоғары агробизнес колледжінде және Неміс аграрлық орталығында болды. Олар мұнда білім беру және болашақ мамандарды даярлау мәселелерімен танысты.

«Жас маман» жобасы аясында 218 миллион теңгеге сатып алынған заманауи жабдықтар сенаторлар көңілінен шықты. Неміс аграрлық орталығының басты мақсаты – фермерлердің біліктілігін арттыру. 2010 жылдан бастап мұнда шетелдік өндірушілердің жаңа технологияларымен және техникаларымен фермерлерге арналған семинарлар өткізіліп келеді. Сондай-ақ, сенаторлар аудан орталығындағы балалар мен жасөспірімдер дене шынықтыру клубы, 36 пәтерлік тұрғын үй құрылысында да болды. Асыраушысынан айырылған балалар мен аз қамтылған отбасыларға берілетін бұл үй аяқталуға жақын. Жұмыс сапары туризмді дамыту мақсатында ашылған «Визит-орталығын» аралаумен аяқталды.

Сандықтау ауданының орталығында 36 және 45 пәтерлік тұрғын үйлер «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынуда. Сенаторлар бұл үйлерді де аралап, жұмыс сапасына назар аударды. Сондай-ақ, №2 Балкашин орта мектебі, «Ертөстік» балабақшасында және «Болашақ» спорттық-сауықтыру кешенінде де болып, балалар мен жастарға жасалып жатқан тиісті қамқорлықты көзбен көрді. Сауықтыру кешені 250 миллион теңге бюджет қаржысына салынған. Онда спортпен айналысу үшін барлық жағдай бар. 2020 жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша күрделі жөндеуден өткізілген аудандық ауруханада сенаторлар індетке қарсы вакцинациялаудың жай-жапсарын сұрастырып білді.

Сенат депутаттары «Жабай» ЖШС-ының егіс алқабында болған кезде өз жұмыстары жайлы серіктестік директоры Д.Докаев баяндап берді. Ал, кездесуге қатысқан «ПЗ «Балкашин», «Каменка и Д», «Сандықтау», «СХП 1 Мамыр» серіктестіктерінің басшылары А.Докаев, А.Джейранов, Ж.Мұсханов және М.Әбуев субсидиялар және тыңайтқыштардың бағасы туралы көкейтесті сұрақтарын қойып, «Qoldau» ақпараттық жүйесінің нашар жұмысына шағымданды. Сондай-ақ, сенаторлар Сандықтау ауылындағы қиын өмірлік жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығының қызметімен танысты.

«Белуха» шаруа қожалығында да пайдалы әңгіме өрбіді. Сенат депутаттары облысымызға жұмыс сапары барысында сондай-ақ, жақсы ауданында да болып, ауыл еңбеккерлерімен кездесті.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар