Сұрапыл жылдарда антына адал болған

Өмір жолындағы ұстанымы, елжандылығы біз үшін өшпес өнеге болып есептелетін атамыз Шәріп Сәдуақасұлы Сәдуақасов 1906 жылдың тумасы. Ұлы Отан соғысына қатысқан, қан майданда бірнеше мәрте жараланған жауынгер.

Туған күні құжат бойынша 1911 жыл деп толтырылған екен. Үлкендердің айтуына қарағанда, бұрын ондай оқиғалар жиі орын алыпты. Кіндік қаны тамған жері Омбы облысының Таврический ауданына қарасты Сталинка деревнясы.
Ұлы Отан соғысы басталғанда қанқасап майданға алғашқылардың бірі болып, Дробышев аудандық әскери комиссариатынан аттанған. Бірден Ленинград майданына түсіпті. 120-сыншы артиллерия полкының бөлімше командирі болып тағайындалған. Кейін бірінші және екінші Прибалтика, бірінші Беларусь майдандары, Қызыл Жұлдызды 146-ыншы Островский атқыштар дивизиясының құрамында 280-інші артиллерия полкының сапында басқыншы жауға тойтарыс берген.
Соғыс – алапат сұмдық. Біз қазір көз алдымызға елестете алмас едік. Әдебиеттен оқып, көркем фильмнен көру бір басқа, ал, ажал оғы ақ жауындай себелеп тұрған майдан даласы қауіп-қатерге толы. Ердің ері ғана туған жері үшін басын оққа тіге алмақ. Біздің атамыз да майдан даласында әлденеше рет жараланған. 1941 жылдың тамыз айында алақанына оқ тиіп, тесіп өтіпті. Екінші рет 1942 жылы оң жақ иығынан оқ тиген. 1944 жылы бомбаның астында қалып, тағы да жарақат алған. Бірақ, қатардан қалмаған. Емделіп шыққан соң қолына қару ұстап, майдандастарының сапына қосылған.
Атам «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. 1945 жылдың 20 сәуір күні зұлмат шайқаста жаудың атыс ұясын жойып, ерлік көрсетсе керек. Қаһармандық іс-қимылы үшін бірінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденіне және бірнеше медальдарға ие болған. Ұлы Жеңісті Берлинде қарсы алған. Майданнан аға сержант шенінде оралған.
Атамыз балалары мен немерелеріне зұлмат жылдар, сұрапыл соғыс кезеңі туралы тіс жарып көп айта бермейтін. Ал, айта қалса, соғыс кезіндегі берік тәртіпті, бұйрықтың бұлжымай орындалатындығын тілге тиек етер еді.
Майданнан оралған соң соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіруге аянбай үлес қосқан еңбек екпіндісі болды. Аяулы бейнесі Құрмет тақтасында тұратын. Атамыз бен әжеміз 8 баласын тәрбиелеп өсірді, 20 немере, 26 шөбере сүйді. Кешегі майдангер үшін бұдан артық бақыт болар ма?! Балалары мен немерелері өмірі өнегеге толы сүйікті аталарын «үлкен ата» деп атайтын. Үлкен ата өзінің көркем келбеті, ұлы өмірді шексіз сүйетін перзенттік махаббаты, асқақ адамгершілігі мен кішіпейіл кейпі арқылы үлкен еді. Осы бір ауыз сөзге сыйластық та, атаға деген құрмет те сыйып тұрған тәрізді.
2008 жылы үлкен атамыз 102 жасқа толып, өмірден өтті. Қан қасап майданға, одан кейінгі салмағы соғыс сұмдығына пара-пар қияпат еңбекке шыдап, ғасырдан астам ғұмыр кешкен атамыздың жарқын бейнесі ұрпағының жүрегінде. Осындай абзал адамдардың өз бастарын қатерге тігіп, Отан қорғаған ерлік ісінің арқасында бүгінгі бейбіт заманға жеткенімізді жақсы түсінеміз. Ендеше, атаны ардақтайтын, өмірдегі өнегесін үлгі тұтатын ұрпақ жақсылардың жарасымды ісімен гүлдей жайнап, күндей құлпырып өсетіндігі ешқашан күмән тудырмайды.
Әсет Шәріпов.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар