Майдангер судьяның құрметіне мемориалдық тақта орнатылды

Степногорск қалалық соты ғимаратының алдында Ұлы Отан соғысына қатысушы, майдангер судья, ұзақ жылдар аудандық және қалалық соттарда сот төрағасы болған Петр Васильевич Жерлицынге арнайы ескерткіш тақта орнатылды.

Петр Жерлицын Ақмола облысы Алексеевка селосында 1922 жылдың 8 наурызында туған. 2001 жылы дүниеден өтіп, Степногорск қаласында жерленді.
Петр Жерлицын 1941 жылы әскер қатарына шақырылып, бірден майданға аттанады. Ол 1943 жылы Смоленск қаласын азат ету шайқасында жарақат алып, әскер қызметінен босатылды.

Ардагер соғыстан кейінгі жылдары заңгерлік еңбек жолын Ақмола облысы Ақкөл ауданында нотариус қызметінен бастайды. Судьялық еңбек жолы 1948 жылы Бұланды ауданының сотынан басталып, кейін Атбасар, Сандықтау аудандық соттарында судья болып қызмет атқарды. 1956 жылы Есіл аудандық сотының төрағасы болып тағайындалып, осы қызметті 16 жыл атқарды. 1972-1982 жылдары Степногорск қалалық сотының төрағасы болып еңбек етті. Ол 1982 жылы 60 жасында еңбек демалысына шықты. Судьялық еңбек өтілі – 34 жыл.

Жауынгерлік ерліктері үшін және көп жыл судьялық қызметте адал, қажырлы еңбек атқарғаны үшін бірқатар ордендермен, медальдармен марапатталды.
Петр Жерлицын туралы мәліметтер Ақмола облыстық сотының мұражайының Ұлы Отан соғысына қатысқан судьяларға арналған «Жауынгерлік даңқ» залында сақталған, «Отан үшін отқа түскен судьялар» атты кітабында да жазылған.

Ол кісі Ұлы Отан соғысының ардагері және заң саласының майталманы жас ұрпаққа үлгі боларлық тұлға. Майдангер судьяға арналған ескерткіш тақта өскелең ұрпақты патриоттық сезімде тәрбиелеу және ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ету мақсатында орнатылды.
Ескерткіш тақтаны ашу рәсімінде Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әмір, Степногорск қаласының әкімі Еркебұлан Баяхметов, Ақмола облысының ардагер судьялары кеңесінің төрағасы Мейрам Ғибәділов және майдангердің туысқандары қатысып, сөз сөйледі. Ақмола облыстық сотының төрағасы майдангер судьяның құрметіне осы тақтаны орнатуға ат салысқан азаматтарға алғысын білдірді.

–Бүгінгі күні Ұлы Отан соғысына қатысқан 13 судьяның құрметіне Ақмола облысында мемориалдық стеллалар, 30 майдангер судьяға облыстың барлық аудандары мен қалаларында баннерлер орнатылған. Соғыс ардагерлеріне құрмет көрсету және есімдерін ел есінде сақтау бағытындағы жұмыстар одан әрі жалғастырылуда, – деп атап өтті Досжан Әмір.

Іс-шараға қатысушылар майдангер судьяны бір минут үнсіздікпен еске алып, ескерткіш тақтаға гүл шоқтарын қойды және сот ғимаратында майдангер судья Петр Жерлицынның құрметіне ашылған Еске алу бұрышымен танысып шықты.
Қ.КЕЛДІҒҰЛҰЛЫ.
Степногорск қаласы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар