Мемлекеттік қызметшілер – билік пен қарапайым бұқара халықтың арасын жалғайтын алтын көпір. Мемлекеттің өркендеуі, халықтың әл-ауқатының артуы, қоғамның кез-келген саласының дамуы – мемлекеттік қызметкердің еңбегіне тікелей байланысты.
Елбасының «Алда тұрған мемлекеттік қызмет жүйесін реформалау азаматтардың құқықтарын құрметтейтіндей және олардың заңды мүдделеріне қызмет ететіндей мөлдір де тиімді модельді қалыптастырады. Мемлекеттік қызмет меритократия қағидаты негізінде барлық азаматтарға өз қабілеттерін жүзеге асыру үшін бірдей мүмкіндіктер берілетін әділ қазақстандық қоғамның түп бейнесіне айналады» дегені аталмыш реформаның мемлекеттік қызметшілердің келешегі үшін жасалып отырған қадам екенін білдіреді. Елбасымыз атап өткендей, мемлекеттік аппаратта тамыр-таныстық жойылып, мемлекеттік қызметшілерде айқын мансаптық келешек қалыптастырылуы қажет.
Жоғарыда аталған Елбасының талабы бәрімізге қатысты. Мен 2008 жылы жоғары білім дипломы қолыма тиген соң мемлекеттік бағдарламасы жастар іс-тәжірибесімен Көкшетау қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне қабылдандым. Бұл бағдарлама болашақ маманды жан-жағынан зерттеуге мүмкіндік беретін бағдарлама. Осылайша өзіме жүктелген функцияларды адал атқару нәтижесінде 5 айдан кейін алғаш рет мемлекеттік қызметке тағайындалдым. Ол мекемеде 2009-2015 жылдары аралығында жұмыссыз халықпен жұмыс жасадым, атап айтқанда, азаматтарды кәсіптік оқуға, біліктілігін арттыруға, жұмыспен қамтудың белсенді түрлеріне жібердім, бос жұмыс орындарының жәрмеңкелерін ұйымдастырдым.
Осы жылдар аралығында бас маман лауазымынан сектор меңгерушісі лауазымына көтерілдім. 2015-2018 жылдары аралығында Ақмола облысының жастар саясаты мәселелері басқармасында, 2018 жылдан бері Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Ақмола облысы бойынша департаментінің халықты әлеуметтік қорғау саласындағы бақылау бөлімінің бас маманы ретінде қызмет етіп келемін. Облысымыздың мүмкіндігі шектеулі жандары үшін объектілердің қолжетімділіктің қамтамасыз етілуін, арнайы әлеуметтік қызметтің сапалы ұсынылуын, жеке оңалдыру бағдарламаларының уақытылы орындалуын бақылау – менің басты міндетім. Қызметті қалалық бөлімнен бастап қазіргі уақытта министрліктің аумақтық департаментінде қызмет ету меритократия қағидатының бірден-бір мысалы болып табылады.
Бүгінгі жетістігім бұл жұмысыма деген адалдығымның, жауапкершілігімнің, табандылығымның нәтижесі деп білемін.
Халық үшін мемлекеттік қызметші әрқашан әділдік, қарапайымдылық, жоғары моральдық жауапкершілік, кәсіби білім, адалдық және парасаттылық үлгісі болып табылады.
«Біз өзіміздің халықтың қызметшісі екенімізді ұмытпайық. Мансапқорлық көрсетпей, халыққа жақын, әр істе әділ болып, әрбір адамның мұң-мұқтажын қолдан келгенше түсініп, оны дәл сол кезде орындай алмасаң да түсіндіріп, дұрыс жауап беріп, шығарып салу – біздің парызымыз. Сонда әкімшілік те, мемлекеттік қызметкерлер де халыққа жақын болады» деген Елбасының сөздері әрбір мемлекеттік қызметші үшін басты қағидаға айналуы тиіс деп білемін.
Әсемгүл ӘУБӘКІРОВА,
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Ақмола облысы бойынша департаментінің халықты әлеуметтік қорғау саласындағы бақылау бөлімінің бас маманы.