Бүгінгі күні Қызылтаң ауылында жергілікті тұрғындардың қолдауымен мешіт құрылысы жүргізілуде. Алланың жердегі үйі бүкіл саналы ғұмырын дін жолына арнаған Зікірия Хамзеұлының есімімен аталатын болды.
Ол 1886 жылы қазіргі Ақмола облысы Зеренді ауданының Қызылтаң ауылында жергілікті қажылар әулетінде дүниеге келген. Зікірия атамыз Қызылтаң ауылының ең бірінші түп қазығын қаққан Нұрышқазы Хамзаның ағасының баласы. Нұрышқазы Қызылтаң мен Жамбыл ауылдарының арасындағы егіс алқабының маңында жерленген. Сондай-ақ, Қызылтаң ауылының іргетасын Әуез, Адам, Зікірия мен Жақия аталарымыз қалаған екен. Зікірия жас кезінде Бұхара медресесін бітіріп, туған ауылына оралған.
Дінге тиым салынған Кеңес үкіметі кезінде ел арасында ислам дінін насихаттапты. Бұқара, Ташкент муфтилерімен араласып, хат алысып тұрған. Осы хаттан Қазақстан мұсылмандары арасында не болып жатқанын біліп отырған. Сол кезде Көкшетау қаласында татарлар көп тұрыпты. Зікірия, Адам, Әуез бен Жақия Науан Хазіретті қолдап, дінді ұстап қалған екен. Исламның туын жықпай, сол бір қиын кезде бәрі бірге болыпты. Олар Көкшетау өңірінің белгілі дін қайраткері Науан хазіреттің алдында оқыды. Науан Хазірет қайтқаннан кейін Зікірия, Жақия нағашымыз оның басына барып, құран оқып жүрген екен. Ақсақалдардың айтуынша, Зікірия кісі қайтқан кезде үнемі басында отырып, кейін зиратқа барып, құран оқыпты. Ұлы Отан соғысы жылдары еңбек армиясында жұмыс істеді. Бұдан кейін теміржол саласында еңбек етті.
Кейінгі ұрпаққа Науан хазірет, Ақан сері, Үкілі Ыбырай туралы қысқаша естеліктер мен сол кездегі кейбір оқиғаларды айтып кеткен. Науан хазіреттің ұлы Қазезтаймен достық қарым-қатынаста болып, жақын араласқанын ұрпақтары осы күнге дейін айтып отырады. Зікірия атамыз арап тілін жақсы меңгерген екен. 1960-1970 жылдары араб тілінде қолжазбалар жазып, төңіректегі ауылдарда да молдалық қызмет атқарған. Ұзақ жылдар бойы халық арасында тарауық, айт намазы тәрізді діни рәсімдерді өткізіп, халық арасында діннің сақталып қалуына үлкен үлес қосқан екен.
Оның діни сенімге беріктігін өз-өзіне қол жұмсаған адамды бөлек жерлетуінен-ақ көруге болады. Кеңес заманында діни көзқарасын өзгертпегені үшін билік орындары өздеріне жиі шақыртып отырған.
Сол жылдары Көкшетау мешітінде молдалық қызмет атқарған Момақан молда Зікірия атамызды қызметке шақырады. Екеуі достық қарым-қатынаста болған екен. Зікірия Хамзеұлы 1982 жылы бұл дүниеден өтті. Ел арасында оның әдептілігі, қарапайымдылығы, діни киіммен үнемі таза жүретіні есте қалыпты. Зікірия мен Жақия атамыздың өсиеті бо-йынша оның немересі Төлеген Хамзин Науан Хазіретке арнайы ескерткіш тас жасатып, 2000 жылдың 16 маусым күні ескі қорым шарбағының сыртына орнатты. Зікірияның үлкен ағасы Бекмағамбет 1877 жылы туып, 97 жасында өмірден өтті. Ол кісі Алабота ауылында жерленген.
Ал, Жамбыл ауылында жерленген қарындасы Шәжира Хамзақызы 1889 жылы 87 жасында қайтты. Жақия Хамзаұлы 1896 жылы туып, 86 жасында өмірден озды. Бұл кісіге Өркен ауылынан топырақ бұйырыпты. Ертеде қайтқан Байкеш Махметовтың шешесі бар. Зікірия атамыз Жамбыл ауылындағы біздің үйге келген кезде Әмірхан әкем қуана қарсы алатын. Нағашымды мен 1972 жылы көрдім. Қызылтаң мен Жамбыл ауылдарының арасы жақын болғандықтан, апта сайын келіп жүрді. Тап-таза киінетін.
Қызылтаң ауылындағы мешіттің құрылысы аяқталуға жақындады. Алла жазса жақын арада ашылады деген үміттеміз. Бұған дейін бұл мешітке атау беру мәселесі қызу талқыланды. Әуел баста мешіт құрылысына ауыл болып бата берген кезде ауылымыздың тұрғыны Зікірия атамыздың есімін беруді ұсынған еді. Атамыз дінге тиым салынған Кеңес заманында діни жолда болып, өз шәкірттерін тәрбиеледі.
Қызылтаңмен іргелес жатқан ауылдардың да молдасы болды. Осының арқасында ауыл тұрғындары дінді ұмытпады. Тарауық пен жаназаға қатысып отырды. Зікірия атамыздың есімін мешітке беру жөніндегі Ибрагим Габдуллиннің ұсынысын ауыл адамдары бірден қолдады. Өйткені, жұрт Зікірия атамыз Науан хазіреттен діни білім алғанын, мешіт қызметінде болғанын, ауыл адамдарына діни білім берумен айналысқанын біледі. Сондай-ақ, ол мешіт молдаларымен жақын қарым-қатынаста болған. Арабша хат танып, құранды тікелей аудара білген адам болған екен.
Мешітті ресми түрде ашу үшін Ақмола облыстық діни басқармасында құжаттар дайындау жұмысы жүргізілуде. Бүгінгі күнгі талап бойынша мешіт елде Зікірия атамыз сияқты үлкен діни қызмет атқарған адамның есімімен аталады екен. Осы орайда, Қызылтаң ауылы тұрғындарының қолдауымен осы ауылдың мешітіне Зікірия Хамзеұлының есімін беру
туралы шешім қабылданғанын қуана құптаймыз.
Ақылбек ЖӘКЕНОВ.
Зеренді ауданы.
Суретте: Зікірия Хамзеұлының немересі Төлеген Хамзин 2000 жылдың 16 маусым күні Көкшетау қаласындағы ескі мұсылмандар зиратында ірі дін қайраткері Науан Хазіретке ескерткіш тас орнатты.