Қасіретті жылдар ұрпақ жадында

Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімованың төрайымдылығымен өткен дөңгелек үстелде кер заманның зобалаңын көрген Алаш ардақтылары мен саяси жер аударылғандардың қиын тағдыры жайлы көптеген мағлұматтар айтылды.

Ақмола облысының ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен өткен жиын сол бір сұрапыл кезеңнің құрбандарына бір минуттық үнсіздікпен құрмет көрсету рәсімінен басталды. Алғашқы болып сөз алған облыс әкімінің орынбасары өткен ғасырдағы бірнеше зобалаңның салдары жайында тарихтан мағлұматтар келтіріп, былтыр Мемлекет басшысының «Саяси қуғын құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлыққа қол қойғандығын, соның негізінде біздің болысымызда да осындай комиссия құрылғандығы жайлы айтып берді.

1993 жылы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң қабылданған болатын. Содан бері бірталай Алаш ардақтылары ақталып, тарихтан әділ бағасын алды. Алайда, әлі де қаншама хабар-ошарсыз кеткен, біз білмейтін ұлт қаймақтары жайлы зерттелуі тиіс тың мағлұматтар бар.

–Біздің өңірде де саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық оңалту бойынша жұмыстар бастау алды. Бұл мәселеде ғалымдар мен сарапшылардың атқарар рөлі ерекше. Сондықтан, бүгінгі кездесуді Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде өткізіп отырғанымыздың мәні зор, –деп атап өтті Айна Ермекқызы.
Дөңгелек үстел барысында аталған оқу орны ректорының кеңесшісі Аманай Сейітқасымов «Жаппай саяси қудалау кезеңдерін зерттеу кезіндегі қазіргі заманғы ресурстар және бағыттар» тақырыбында жан-жақты сөз қозғай келе, қудалау кезеңдерін жіктеудің түрлері мен зерттеу жолдарын ұсынды.

Сол сияқты, тарих ғылымдарының кандидаты Ардақ Қапышев тарихи депортация кезеңдерінде Ақмолаға переселендерді күштеп көшіру жағдайына талдау жасады. Жиын барысында ерекше назар аудартқан мәселе – Ақмола өңірі аумағында болған лагерьлердің орындарында ашылған музейлер мен бауырлас қорымдар картасының тұсаукесері болды.

Тарихи-мәдени мұраны сақтау және зерттеу орталығының директоры Серік Ысқақов өз баяндамасында өңірде атақты АЛЖИР лагерінен бөлек, Зеренді мен Біржан сал аудандарының бірқатар ауылдарының маңында саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарды қамауда ұстаған лагерьлер мен олардың бауырластар зираттарының болғандығы жөнінде фактілер келтірді. Ендігі арада бұл жерлерде жан-жақты зерттеулер жүргізілетіндігі белгілі болды.

Шара барысында «Алаш» партиясының белсенді өкілдері, ұлттың бетке ұстар қаймақтары болған жерлестеріміз Хайретдин Болғанбаев пен Біләл Малдыбайұлы туралы саясаттанушы Достық Кемелов пен Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің 4 курс студенті Ерден Нұрахметтің мазмұнды баяндамалары тыңдалып, кейінгі баяндамасының «Алаш арысы – Біләл Малдыбайұлы» атты кітабының тұсау кесер рәсімі өтті.

Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар