Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тәуелсіздігіміздің басты бір белгісі - АРҚА АЖАРЫ

Тәуелсіздігіміздің басты бір белгісі

Осыдан тура 21 жыл бұрын, 1993 жылдың 15 қарашасында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық валюта – теңгені айналымға енгізу туралы Жарлыққа қол қойған болатын.

Қазақстан бүгінгі күні экономикасы дамып келе жатқан қуатты мемлекеттердің бірі болып отырса, мұны қаржы жүйесінің оңтайлы қалыптасуымен байланыстыруымыз қажет. Ал, елімізде қаржы мен банк жүйелерінің дамуы тікелей Елбасының ақыл-кеңесімен жүзеге асырылып отыр деп нық сеніммен айта аламыз. Бүгінгі күні Қазақстан Республикасының қаржы және банк жүйесі ТМД елдеріндегі ең бір қуатты әрі сенімді жүйеге айналуын бағыттың дұрыс таңдап алынғандығынан деп ұғынғанымыз абзал.
Ұлт Көшбасшысы Қазақстан халқына арнаған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында әлемдік нарықтарда баға құлдырағанын, экономикалық өсім баяулағанын атап өтті. Осыған орай, алдағы ақпан айында Ұлттық қордан экономикалық өсім және жұмыспен қамтуды қолдау үшін 2014-2015 жылдарға 500 миллиард теңгеден екі транш бойынша 1 триллион теңге бөлу туралы шешім қабылданды. Бұл басталған жобаларды аяқтау аса өткір мәселелерді шешуге бағытталады. Осы қаржының тиімді жұмсалуына банк қызметкерлері де атсалысатын болады.
Осы күні өңір тұрғындарына екінші деңгейлі банктердің қалалар мен аудандарда орналасқан он тоғыз филиалы мен «Қазпошта» акционерлік қоғамының бөлімшелері қызмет көрсетеді. Банктерді депозит салымшылары қаржыландырады. Бүгінгі таңда мұндай қордың көлемі 62,5 миллиард теңгені құрап отыр. Жыл өткен сайын салымшылар саны да артып келеді. Жеке тұлғалар салған депозит үлесі 91,9 пайызды құрап отыр. Халық өз депозиттерін ұлттық валютамен салғанды қалайды. Өйткені, теңгемен салынатын депозиттің пайыздық ставкасы жоғары. Бұл теңгеге деген сенімнің артқанын білдірсе керек. Керісінше, шетел валютасымен салынатын депозиттер жыл санап азайып келеді. Бүгінгі таңда өңір экономикасына бағытталған несиелік салымдардың жалпы көлемі 151,4 миллиард теңгеге жетті. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен едәуір жоғары. Сондай-ақ, ұлттық валютамен берілетін несиелер көлемі артып отыр. Ал, бұл бағытта шетел валютасы 14,8 пайызға төмендеді. Өйткені, шетел валютасынан гөрі теңгемен берілетін несиенің сыйақы көлемі едәуір артық. Заем түрлері бойынша жеке тұлғалардың 55,6 пайызына, заңды тұлғалардың 44,4 пайызына несие берілді. Мұнда да шетел валютасына қарағанда, теңгенің беделі үстемірек екенін аңғаруға болады.
Несиелер бойынша облыс тұрғындарының берешегі 48,5 миллиард теңгеге жетті. Оның көлемі ай сайын азаюда. Сондай-ақ, ипотекалық несие бо-йынша өңір халқы банктерге 22,4 миллиард теңге берешек. Бұл бағытта тек қыркүйек айында 728,7 миллион теңге несие беріліпті. Өткен жылы біздің мекемеде қаржы ұйымдарының қызметін бақылау, қаржылық қызметтер барысында тұтынушылар құқын қорғау және олардың қаржылық сауатын арттыру бағытындағы қызметтерді атқаратын арнайы бөлім ашылды. Олар тұтынушылардың өтініштерін қарайды. Сондай-ақ, бөлім қаржы нарығындағы субъектілерге шектеулі түрде ықпал ету шараларымен айналысып, санкция-лар қолданады және тұтынушылар құқығын қорғайды. Қалыптасқан жағдайдан шығу жолдарын қарастырып, оң шешім қабылдайды. Осы орайда, филиал банктік заемды төлеу барысында қиналатын заемшыларға тегін құқықтық көмек көрсету үшін банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар өкілдерінің қатысуымен бірқатар кездесулер ұйымдастырды.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі мен «Банктер туралы» Заңға сәйкес, несие қайтарымы айыппұлмен, кепілдікпен және өзге де заңнамада көрсетілген әдіспен немесе шартпен қамтамасыз етіледі. Міндеттемесін орындамаған несие алушы айыппұл мен өсімпұлды мерзімін өткізіп алған жағдайда төлейді. Алайда, банктерде айыппұл көлемі аз. Дегенмен, банк әрбір жылға берілген берешек сомасының он пайызынан асырмай өндіріп ала алады. Бұл жөнінде 2011 жылы қолданысқа енгізілген заңда айқын белгіленген. Заң қолданысқа енгізілгенге дейін төленген немесе жеке тұлғалармен жасалған банк берешегінің шарты бойынша айыппұл, төлемақы өсімі және заңды күшіне енген сот актісіне сәйкес, төленуге тиісті айыппұл мен төлемақы өсімі қайтадан есептелмейді.
Халықаралық сарапшылар қазақстандық банкноттар мен монеталарды жоғары бағалайды. Олар қазіргі заманғы технологиямен жасалып, жоғары дәрежеде қорғалған. Шетел сарапшылары онда көркемдік талғам  мен ұлттық ерекшеліктің көрініс тапқанына жақсы баға беруде. Қазақстанды банкноттар мен монеталарды жасау саласында әлемнің ең үздік елдерінің бірі ретінде бағалайды. Халықаралық банкнот қоғамдастығы тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейтойына арналған он мың теңгелік және 2011 жылы шығарылған жаңа дизайндағы бес мың теңгелік банкноттарды үздік деп таныды. Биылғы жылы Мексикада монета сарайлары директорларының конференциясында Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің «Алма отаны» коллекциялық күміс монетасына бас жүлде берілді. 2014 жылы сапалы күміс пен алтыннан жасалған бес жүз теңгелік «Шоқан»  ескерткіш монетасы шығарылды.
Мемлекет тарихы, маңызы зор тарихи оқиғалар, көрнекті қайраткерлер, мерейтойлық күндер, мәдениет пен спорт саласындағы жетістіктер Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі шығаратын банкноттар мен монеталарда көрініс табуда. Ескерткіштер, мерейтойлық монеталар мен купюралар елдің тарихи дәуірінен мағлұматтар береді. Ұлттық валюта – теңгемізді қазақ елі тәуелсіздігінің ажырамас бір бөлігі деп білуіміз керек.
Біздің Ақмола филиалының аяғынан тік тұрып, қалыптасуына өздерінің лайықты  үлестерін қосқан Асылхан Оспанов, Күлбарыш Кемпірова, Төлеген Пан, Елеусіз Жұмабаев, Сайран Кенжеғарина және өзге де еңбек ардагерлері қаржы және банк жүйесінің білгір әрі тәжірибелі мамандары ретінде көптеген жас кадрларды тәрбиеледі. Қазір осы салада еңбек етіп жүргендердің басым көпшілігі осы адамдардың шәкірттері болып саналады. Өз білімдері мен біліктіліктерін жақсарту үшін үнемі, тынбай ізденіп келе жатқан банк қызметкерлері Сәуле Исламова, Светлана Ғабдулкафеева, Рәзия Қожахметова мен Баян Арғынова, тағы басқалары  тәуелсіз қазақ елінің банктік жүйесінің нығаюына лайықты үлестерін қосып жүр. Бүгінгі қолайлы мүмкіндікті пайдалана отырып, әріптестерімді кәсіби мерекелерімен құттықтап, зор денсаулық, мол қуаныш және жемісті еңбек тілеймін.

Бектұрған БОЗТЕРИЕВ,
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Ақмола филиалы директорының орынбасары.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар