Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Туған жерде де демалыс орындары көп... - АРҚА АЖАРЫ

Туған жерде де демалыс орындары көп…

Бурабай – әлем тамсанған Бурабай ғой! Біз оны екінші Швейцарияға теңегіміз келмейді. Кей-кейде біз пендешілікке салынып, күнде көзбен көріп жүрген жерлерден жериміз бе, әйтеуір біз бармаған жердің барлығы жұмақ. Содан болар біріміз Қытай, біріміз Дубай, енді біріміз мұхит асып кететініміз рас. Иә, қалтаң көтерсе шет елді аралап ол жердің мәдениетімен танысқан дұрыс қой. Ал, біздің бүгінгі мақаламыз Ақмола өңірінде дем алып, ем алып келемін деушілерге арналған.

Ақмола облысында 300-ден астам туристік нысан жұмыс істейді. Жыл санап, туристік кешендердің қызметі саналуандығымен қуантуда. Жергілікті халықтан басқа, өзге елдің тұрғындарының да біздің өңірге қызығушылығы арта түскен. Мәселен, Ақмола облыстық туризм басқармасының ресми мәліметтеріне сүйенетін болсақ, жиырма жылдың ішінде саяхатшылар саны бір миллиоға дейін өсіп отырғандығын айтсақ та жеткілікті.

Қазір жазғы демалыстың қызған шағы. Көп адамдар жұмыстан бір сәт болсын сергіп, демалуды көздейді, оның үстіне мектеп жасындағы балалары бар отбасылар үшін қолайлы уақыт. Мәселен, Бурабайда ауасы дертке қуат, жанға дауа, суы емге шипа демалыс орындары көп-ақ. Табиғаты қандай көркем болса, мұндағы демалыс орындарының сәулеті де өркениетті елдерден кем түспейді. Мәселен, аквапарк жанындағы спорттық-сауықтыру кешенінің жаңғырту жұмыстарына 500 миллион теңге жұмсалған. Ал, «Інжу» отелінің маңындағы үш бассейннің құрылысына 300 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген.

Яғни, жыл сайын заман ағымына сай мұндағы кешендердің барлығы жаңарып тұрады. «Жекебатыр», «Щучинск», «Оқжетпес» және тағы басқа санаторийлері де заманауи жабдықталған.
Жалпы демалыс деген көлге шомылып, құмға аунаумен шектелмейді ғой. Дүниетанымды кеңейтіп, тағылым алудың да бірден бір жолы. Мәселен, таяуда Бурабайдағы Абылай хан алаңында Қазақстанда теңдесі жоқ жеті бөлімнен тұратын мультимедиялық кешен ашылды. Кешен жұмыс күндері таңғы 10.00-ден кешкі 18.00-ге дейін жұмыс істейді. Ал, демалыс және мереке күндері кешен кешкі сегізге дейін жұмыс істеп тұрады. Тарих тұнған «Ботай-Бурабай» этномұражайына барғандардың әсері тіптен ғажап.

Бала жасымыздан естіп өскен Қызқұлаған, Жекебатыр, Оқжетпес, Жұмбақтас, Көктал, Күйеуағаш тағы басқа аңызға толы әсем жерлер қаншама? Абылай хан алаңы, Кенесары үңгірі туралы ғибратқа толы тағылымды әңгімелерді естісеңіз Бурабай мен Көкшетаудың ел тарихындағы орны бөлек қасиетті өлке екендігіне тағы бір мәрте көз жеткізер едіңіз. Алдағы уақытта бұл өңірде этноауыл бой көтереді. «Ақ бура» атты жаңа курорттық қалашық пайда болады.

Көптің көңілінде көзсуырар көркем табиғатымен сөзжеткізгісіз сұлулық, естен кетпес естелік болып орнаған Бурабай туралы айтар сөз бөлек әманда. Мөлтек сыр тұнған қыздың бота көзіндей мөлдіреген көлдері қандай, сұлулығына өзі де тамсанып, жұртты да тамсандырған тәкаппар қарағайларына көз тояр ма, қылықты қыздай бұралған биші қайыңдарын бір көрсең ұмыта аласыз ба… Ал, көк мұнарлы маңғаз тауларында ұлттық рух тұнып тұрғандай емес пе? «Біздер де мынадай бар, мынадай бар…» деп өзгеге маңғазданып мақтанар тұста алдымен аузымызға Бурабай түсетіні осыдан.

Бурабайдан басқа қандай курортты аймақ бар дегенде алдымен ойға зерлі Зеренді оралатыны бар. Оның табиғи мүмкіндігі Бурабайдан еш кем емес. Құнарлы өлкеде соңғы жылдары туризмді дамытуға ден қойылуда. Мұнда «Ақ қайың шипажайы», «Зерен плюс», «Қарағайлы», «Сұңқар» және тағы басқа демалыс орындары шоғырланған. «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Зеренді бөлімшесі құны 20 миллион тұратын «Визит центр» деп аталатын екі қабатты ғимараттың құрылысын қолға алды. Жалпы қаламгердің өзі қара сөзбен жеткізе алмас Зеренді қарағайларының көркемдігін көзбен көрудің өзі жетімсіз. Қарағайлы орманда серуендеп, саф ауада құстардың тамылжыған әнін тыңдасаңыз детке дауа.

Ал, Сандықтауда туризм саласы дәл Бурабайдай қарқынды дамымаса да бұл жердің сұлулығы ешбір жерден кем емес. Ығы-жығы, айғай-шуы басылмайтын қала тірлігінен бір сәт те болса демалып тамылжыған табиғит аясында серпілемін десеңіз сырлы Сандықтауға келіңіз.

Ал, Елорда маңындағы Ақкөл ауданында жасанды су көзі салынып, тағы бір демалыс орны пайда болды. Тіпті, шалғайда жатқан Астрахан ауданында да жаңа туристік кешендер ашылуда. Ежелгі Ерейменде де туризмді дамытуға көңіл бөлінуде. Мәселен, «Горное» аңшылық шаруашылығының базасында «Бүркіт» демалыс орны ашылған.

«Туған жердің түтіні де тәтті» дейді халқымыз. Сандықтаудай сырлы өлкесі, Зерендідей зерлі жері, Бурабайдай бұла табиғаты, Қорғалжындай қорығы бар Ақмола өңірінде жоғарыда санамалап өткеніміздей демалыс орындар көп-ақ. Таразылап талдайтын өзіңіз, көзіқарақты оқырман. Кейде халық арасында Бурабайда демалыс орындарының бағасы тым қымбат деген пікір барын естіп қаламыз. Әрине, климаты өзгеше Дубай елімен үш-ақ ай жаз мезгілі болатын Қазақстандағы солтүстік өңірді салыстыруға келмейді. Қысы-жазы көлге шомылып, құмға аунап, серуендеп жүруге ыңғайлы туристік мекендерде бағаның төмен болатыны осыдан болар. Сондықтан да, біздегі жаз мезгілін тиімді пайдаланып, туған жерде де ауыз толтырып айтар демалыс орындары бар екендігін ұмытпайық.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар