Жеңіс тұғырында – жарқайыңдықтар

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, Жарқайың ауданында мүмкіндігі шектеулі адамдар арасындағы жеңіл атлетикадан аудандық ашық чемпионаты өтті.

Аталған спорттық жарыс жастар ресурстық орталығының, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің, аудандық мәдениет үйі мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының «Мерген» мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорттық клубының ұйымдастыруымен және аудандық әкімдіктің қолдауымен өткізілді.

Чемпионаттың ашылу салтанатына аудандық мәслихаттың хатшысы Асылхан Әлжанов, аудан әкімінің орынбасары Совет Теміртайұлы қатысып, спортшыларға жылы лебізін білдірді.

– Біз Сергей Муратов, Әсем Жанәділова, Шынболат Карин, Павел Стефанюк, Ангеллина Тюрикова сияқты жарқайыңдық спортшыларды мақтан тұтамыз. Олар облыстық және республикалық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері. Жарқайың ауданы мен Ақмола облысының намысын қорғайды, – деп атап өткен Совет Теміртайұлы спортшыларға сәттілік тіледі. Ашық чемпионат жеңіл атлетиканың 5 түрінен, атап айтсақ, диск, найза лақтыру, ядро итеру, ерлер мен әйелдер арасында арба жарысы, ерлер мен әйелдер арасында 100 метрге, 200 метрге жүгіру бойынша өтті. Жарысқа Жарқайың, Атбасар, Аршалы, Есіл, Жақсы аудандарынан келген 60-қа жуық спортшы бақтарын сынады.

Жарыс қорытындысы бойынша Жарқайың ауданы жалпыкомандалық 1-ші орынды жеңіп алды. Жүлделі 2-ші орынды Есіл ауданы, 3-ші орынды Атбасар ауданы, 4-ші орынды Жақсы ауданы, 5-ші орынды Аршалы ауданы иеленді. Айта кету керек, Есіл ауданының спортшылары Жарқайың ауданында өткізіліп отырған ашық чемпионатқа биыл үшінші рет қатарынан қатысып отыр.

Әсем БЕЙСЕМБАЕВА,
Жарқайың ауданы әкімінің кеңесшісі, баспасөз хатшысы.

Суретте: жарыстан көрініс.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар